"Білімі жоқ деп тәрбиесі жақсы жігіттен қашпа!": жас келіншек құрбысының анасы айтқан ақылын құптайды

0
247

"Білімі жоғары, ал тәрбиесі төмен болса қайтпексің?!"


Сурет: sun9-67.userapi.com

"Құрбымды туған күнімен құттықтап бардым. Алматыда тұратын қайынсіңлісі мен қарашаңырақта тұратын қарт енесі де келген екен" дейді Назым атты оқырман.

Құрбысының үйінде болған жағдайды ERNUR.KZ тілшісіне әңгімелеп берді.


"Құттықтау тілектерден соң әңгіме жасы отызға келсе де тұрмыс құрмаған Балжанға ойысты. Анасы оған "Міне, өзіңмен құрдас жеңгеңнің төрт баласы бар. Жүре бермей, күйеуге шық енді. Қартайғанда қу тізеңді құшақтап жалғыз қаласың" деп ақылын айтты. Балжан болса "Жолыққан жігіттердің жоғары білімі жоқ, көңіліме қонбайды" деп уәжін білдірді.

Сонда анасы: "Бастысы – тәрбие. Білімі жоғары, ал тәрбиесі төмен болса қайтпексің?" - деп, осыдан бес жыл бұрын теледидардан көрсетілген бір оқиғаны мысал етті.

Тыңдап отырып сол оқиға есіме түсті. Журналист Гүлмира Әбіқай жүргізетін "Дау-дамайсыз" бағдарламасында Сара есімді кейуана жайлы эфир болған еді. Ол жұбайы қайтыс болғаннан кейін жалғыз қалғанын айтып, мұңын шаққан-ды.

"Жасым 77-де. Төрт қызым бар. Қыздарым жақсы қызметте. Үшеуі – мұғалім, біреуі – дәрігер. Бірақ үйлерінен бір орын тауып беруге жарамады. "Сен қара. Сенің кезегің келді. Сен бақ" деп, бір-біріне итермелеп, соңында қараусыз қалдым. Телефон шалсам, жауап бермейді. Ана жүрегін жылытатын мейірім мен қамқорлығы жоқ қыздарыма қараусыз қалдырған соң далада қалдым қиналып... Олар үйге келмейді" - деп көзіне жас алған еді.

Құрбымның енесі сол әйелді жақсы таниды екен. Ауыр күрсініп ол "Қартайғанда мейірімге мұқтаж боп өмірден озды. Егер сол қыздарда тәрбие болса, шешесін қараусыз қалдырмас еді ғой. Сондықтан, қарағым, жоғары білімі жоқ деп, тәрбиесі жоғары жігіттен қашпа. Жақсы тәрбие көрген жігіт жарына адал, ата-анасына құрметті, баласына мейірімді келеді", - деді.

Расында, адамгершілік пен тәрбиенің құны дипломнан жоғары. Жоғары білім – жақсы мансаптың кепілі болса, тәрбие – берекелі отбасының негізі. Өмірлік серік таңдағанда тек білімге ғана емес, адамдық қасиеттерге де басымдық берген жөн."