"Бір күнде екі ұлым қаза тауып, орнына бесінші перзентім келді"

0
551


"Перзентханада жатырмыз. Мен сол күні түске таман келдім. Менен кейін жасы үлкендеу бір апайды дөңгелегі бар кереуетпен әкеліп, үш медбике көтеріп жүріп төсегіне жатқызды. Төртіншісі бөпесін көтеріп әкеліп, перзентхананың темір бесігіне салып берді. «Қозғалмаңыз, көмек керек болса шақырыңыз, дереу келеміз» деп кетті..." - ERNUR.KZ тілшісімен сырласқан келіншек сөзін осылай бастады.


"Палатада бес әйел болдық. Біреуі – жап-жас келіншек, бірінші баласын босанған сияқты. Ерке келіншек екен. Күйеуімен телефонмен сөйлесіп, алып кетуін өтініп жылайды. Ар жағындағы адам жұбатып, көндіріп әлек. Одан әкесіне звондайды «басым айналып жатыр, жүрегім ауырып тұр» деп. Анасына звандады «Анар жегім келіп тұр. Киви әкеп беріңізші» деп. Кей әңгімелеріне күліп қойып, үнсіз тыңдап жатырмыз.

Түнде күндізгідей у-шу басылып, біраз тынышталған сәтте терең ойға батып кетіппін. Ерке келіншектің әңгімесін еске алып, жүрегім езілді. Мені ешкім олай еркелетпепті. Әкем де, анам да қатал өсірді. Мейлі, мені қойшы. Қатал болса да, әйтеуір аш-жалаңаш қалдырмай, қанатының астында өсірді ғой. Ал дүниеге кеше ғана келген қызым ше? Оны әкесі есі кете еркелетпек түгілі, асырап-бағудан қашып, қарасын көрсетпей кетті емес пе? Мына келіншектің еркелігінің бір пайызын болса да өз қызыма рұқсат бере алар ма екем? Көтере алам ба... Ішім өртеніп, өксіп, бар дүнием бордай езілді.

«Не болды? Тыныштық па?» деген дауыс шықты. Қарасам, қасымыздағы үлкен апай екен. Перзентханада түн болса да қосымша шамдарды сөндірмейді ғой. Палата іші әжептәуір жарық, бәрі анық көрініп тұр екен. Апайдың екі көзі менде. Көзімнен жас аулап ағып, бет-жүзімді жуып жатқанын өзім аңғармаппын. Апай соны көріп алаңдап сұрап жатқаны екен.

«Жылап жатсың ба? Қой, өйтіп жамандық шақырма. Босанып, аман-есен жаның қалды. Әп-әдемі қыз туып алдың. Одан артық не керек? Қой!» деп ұрысқандай қылып айтса да, қамқорлықпен айтылған сөз екені білініп тұр. Осындай мейірімнің өзін көрмегелі көп болыпты. Одан сайын жылағым келді. Солқылдап, өзімді әрең ұстап тұрмын.

Сонда апайдың айтқаны: «Еее, сендер бүйтіп жыласаңдар, менің не жаным қалады дейсіңдер? Жол апатына түсіп, күйеуім мен екі ұлым қаза тапты. Өзім жамбасым шығып, қос-қабат қазадан есім кіресілі-шығасылы боп жатқанда толғағым келді. Бір аяғымды баса алмаймын, өздігімнен қозғала алмаймын. Әйтеуір дәрігерлердің арқасында босандым. Мынау ұл ғой» деп пысылдап жатқан сәбиін нұсқады. «Үш балалы, бес жанды бақытты отбасы едік. Әп-сәтте күйеуім мен екі перзентімнен айрылып, қызым екеуміз ғана қалдық. Көп өтпей тағы бір ұлым туылып, енді міне, үшеу болдық. Өмір деген сондай өтпелі, аумалы-төкпелі екен ғой. Қыршын кеткен балаларымды бір ойлап, күйеуімді бір ойлап, жаңа туған ұлымды ол ойлап... Бір күнде екі ұлым жер жастанып, бесінші балам дүниеге келді. Күйіктен өртеніп кете жаздаймын. Жылай-жылай көз жасың да таусылады дейтін еді, менікі таусылмайтын сияқты. Тек мына балаға қарап, оған керек екенімді ойлап өзімді өмір үшін күресуге күштеп жүрмін» деп күрсінді.

Еее, өмір-ай, «жылағанның алдынан өкірген шығады» деген осы екен ғой. Ешкімнің басына бермесін... Өмірде талай қиындық бар, бірақ ең ауыры – балаңның артынан қалу, бауыр етіңді жоқтау шығар.

Перзентханада, ауруханада менен халі мүшкіл адам жоқ деп ойлайсың. Бірақ қасыңдағылардың сенікінен де ауыр халін естісең, өзіңді ең бақытты адам екеніңді сезіп, іштей «Шүкір» деумен боласың."