"Бір үйде жиырма шақты адам тұрамыз": жас келін үй шаруасынан жалыққанын айттты

0
238

"Күйеуім маған үйленуге ұсыныс жасағанда уәдесін үйіп-төгіп берген"


"Мен бүгін өздеріңізбен сырласу үшін жан сырымды ақтарғым келіп отыр. Көптен бері осы мәселе жайлы ойланып жүрген едім" дейді ERNUR.KZ порталының оқырманы.


"Тұрмыс құрғаныма алты жыл болды. Алты жылдың ішінде төрт балалы ана атанып үлгердім.

Аллаға шүкір, отбасылық өмірде бақыттымын. Төрт балам бар, жолдасымның тұрақты жұмысы бар, табысы жақсы. Үй-күйіміз де бар, үлкен үйде ата-енем, күйеуім, төрт балам және мен, содан кейін күйеуімнің бауырлары, жалпы саны жиырма шақты адам тұрамыз.

Көргендер қызығады. Үйіміз өте үлкен болған соң, сыймай жатқан ешкім жоқ, жалпы бір-бірімізбен бет жыртысып, сөзге келіп көрмеппіз. Әрине, енді отбасы болған соң, ыдыс-аяқ сылдырламай тұрмайды. Арасында қайынсіңліреммен, қайныларыммен, енеммен де аздаған түсініспеушіліктер болып тұрады. Дегенмен тым арыға кетіп, бетіміз ашылып ұрысып көрмеппіз. Оған да Аллаға шүкір деймін. Әрқайсысының оқуы, жұмыстары бар, маған киліге бермейді. Үлгермей жатқаныма көмектесіп те тұрады. Оларға айтар өкпем жоқ.

Тек мені мазалап жүргені – үйде отырып жалыққан сияқтымын. Жұмыс істегім келеді. Өзім мектепті де, колледжді де қызыл дипломмен бітіргенмін. Ары қарай жоғары оқу орнына түсемін деген ниетім болған еді, бірақ, тұрмысқа шыққан соң, барлығы қалды. Жұмыс істегім келеді. Үйде отыра-отыра сауатым бұзылып, қараңғыланып кетемін бе деген қорқынышым бар. Тіпті студент кезімде айналамда басқа ұлттың өкілдері де жүрген соң, олармен орысша сөйлесетінім бар еді, енді оны да ұмытып барамын. Таза ауылдан шықпаған, оқымаған адам секілді болып қалдым.

Күйеуім маған үйленуге ұсыныс жасағанда уәдесін үйіп-төгіп берген. «Ары қарай оқуыңды жалғастырасың, жоғары оқу орнын бітіресің, жұмысқа да тұрасың. Мен саған уәде беремін» деп алған болатын. Сол кездегі өтірік уәде болды ма, әлде менің алған, барған жетістіктерімді көрген соң, көңілімді қимай айтқан шығар.

Енді енеме келетін болсам, өзі оқымаған адам. Тұрмысқа шыққан соң тек үйдің тіршілігімен, бала тәрбиесімен айналысып келген өмір бойы. Сондықтан ол кісі мені түсінеді деп ойламаймын. Мені үйдің тірлігінен басқа жаққа жібергісі келмейді.

Тіпті төркініме жіберуге қиналады. Әйтпесе төркінім жақын тұрады, жарты сағаттық жол арасы. Жылына бір рет барып-келгеніме мәзбін. Тек үйдің тірлігі, малға қарау, қонақ күту, бауырларының жағдайын жасауым керек, болды. Жұмыстан қашпаймын ғой, тек арасында бір бой жазып, адамдармен араласып, жұмыс істегім келеді. Үйдің шаруасы өмірі бітпейді ғой, болашақта балаларым өссе, оларға да қаражат керек. Сол жағын да ойлаймын. Қазірден жұмыс істеп, балалардың болашағына инвестиция құйсам деймін."