​«Бірінші әйелімді үйге әкеп алғым келеді»: түркістандық азамат ешкімге айтпаған сырымен бөлісті

0
1 968

«Құдашамен "қыдырып" қойғаныма өкінемін»


​«Бірінші әйелімді үйге әкеп алғым келеді»: түркістандық азамат ешкімге айтпаған сырымен бөлісті
иллюстрациялық сурет ашық дереккөзден алынды


«Адам деген пенде ғой, адасам десе демде ғой» деген екен. Сол айтпақшы, кейде біз қолымызда барға қанағат етпей, аспандағы айды алсақ дейміз. Жанымыздағы әйеліміз ұнамай қалады, мінген көлік жақпайды, әйтеуір бір сылтау табарымыз анық. Бірақ мен әйеліммен ұнамай қалған соң ажыраспадым, Құдай бізді бір перзентке зар қылып, осындай жағдайға жеткізді», - дейді Таубай есімді түркістандық азамат.


Алғашқы әйелінің қадірін кеш түсінген Таубай ERNUR.KZ тілшісіне қазіргі жағдайын баяндап берді.


«Адал, ақ некелі әйелімді қатты жақсы көрдім. Студент кезінде танысып, бір көргеннен ғашық болып үйленген келіншегім өте сабырлы, жас та болса байсалды еді. Өзін екінші курс оқып жүргенде алып қашпақ болғам. «Ата-анамның алдынан өтіп, ақ батасын алайық» деп тоқтатты. Содан ел-жұртыммен арнайы барып, сырғасын салып, сүйгеніме қосылғам.


Біз үйленгенде небәрі жиырма жаста едік. Жастық жалынмен талай түнді достардың ортасында өткіздім. Бірақ әйелім онымды ешқашан бетіме басып, мінезін көрсеткен емес. Жастай отбасын құрсақ та, жақсы үй болып кетуімізге ата-анамның да көмегі көп болды. Қол ұстасып жүріп оқу бітірдік. Балалы болу жағын ойламадық, оқуымыз біткенше салт жүрген де дұрыс шығар дегенбіз.


Кейін мен өз мамандығым бойынша жұмысқа тұрдым. Әйелім де балабақшаға тәрбиеші болып кірді. Енді сәбилі болу жағын ойластыра бастадық. Бірақ біз күткен нәрсе бола қоймады. Әне-міне деп жүргенде алты жылды артқа тастаппыз. Осы аралықта келіншегімнің ата-анасы, бауырлары әңгіме айта бастады. «Ақыры балалы бола алмай жүрсеңдер, бір-біріңнің бақтарыңды байламаңдар, ертерек ажырасып, балалы болудың әрекетін жасаңдар» деп. Ол сөзге мен қатты ашуланатынмын. Әйелім де «мен сенен ешқайда кетпеймін» деп сабырға шақырушы еді.


Бір күні мен ағайындардың тойына баратын болдым. Әйелімнің соңғы кезде көңіл-күйі болмай жүрді. Әсіресе сүндет той дегенге барғысы келмейтін. Бәлкім баламыздың болмағанына іштей қысылатын шығар. Сол күні де үйде қалып қойды.

Оның мені жалғыз жібергеніне ренжіп, тойда аздап «ұрттап» алдым. Содан би үстінде құдаша қызбен танысып, әңгімеміз жарасып, телефон нөмірімізді алмастық. Тойдан кейін екі-үш мәрте кездесіп, төсекте басымыз қосылды. Құдаша қызбен кездесіп келген күні әйелімнің бетіне қарай алмай, қипақтап қалатынмын. Ол да бірдеңені сезді ме, әліптің артын бағып жүре берді.

Бір күні шыдай алмай, «Маған сенің жаныңда орын жоқ сияқты. Арамыз бұрынғыдай болмай қалды. Осы уаққа дейін ешқайда кетпеймін деп жүруші едім, бірақ сенің бағыңды байламайын» деді. Келіншегіме кет деуді де, кетпе деуді де білмей, отырып қалдым. Бір-бірімізді қинамай, ажыраса салған дұрыс шығар деп ойладым.


Сонымен біз ажырастық, көп ұзамай кездесіп жүрген қызымның аяғы ауыр екенін білдім. Ата-анам келіндерінің кетіп қалғанына қанша қынжылса да, көптен күткен немерелерінің болатынына қуанып, екінші рет үйленуіме рұқсат берді. Көп ұзамай қызды болдым. Қуанышымда шек жоқ. Бірақ қуанышым ұзаққа созылмады, әйелім мінез көрсете бастады. Баланы менен де, анамнан да қызғанады, ұстатпайды. Киіндіріп алып туыстарының үйіне, құрбыларына кетіп қалып, қас қарайғанда келеді, кейде тіпті түнеп қалады. Жас босанған соң оған қатты сөйлемеуге, бәрін түсіндіруге тырыстым. Барынша құрметтедім, бірақ оны бірінші әйелімдей жақсы көре алмадым. Ол да мені сүйеді деп айта алмаймын. Өйткені бір-бірімізге деген жылудың жоқтығын екеуміз де сеземіз. Асығыстық жасағанымды кеш түсіндім.


Анам үнемі маған «келіншегіңді сыйла, балалы болған соң отбасын сақтауға тырысу керек» деп айтып отыратын. Бірақ келіншегімнің анамды сыйламайтынына қынжылдым. Өйткені ол ата-енесімен тұрғысы келмейтінін айтып, бөлек шыққысы келетінін айта береді.


Қызым бір жасқа таяғанда бірінші әйелімнің тұрмысқа шыққанын естідім. Қатты қиналдым, іштей мүжілдім, өйткені мен оны әлі де сүйеді екенмін, қимайтынымды түсіндім. Бірақ амал қанша? Неде болса алғашқы некемді сақтамағаныма өкіндім.

Қызым екіге толар-толмас келіншегім екінші қызымызды дүниеге әкелді. Енді қазір екі қыздың әкесімін, бірақ әйелім екеуміздің арамыз жақындасудың орнына күннен күнге суып барады. Бас кезінде үндемеуші едік бір-бірімізге, қазір дауыс көтеретін болдық, бетіміз ашыла бастады. Оған не істесем де жақпаймын, үнемі ақша жетпейді. Қанша тауып әкеп беріп жатсам да, бір қабағы ашылмайды. Емін-еркін өмір сүргім келеді дейді. Мен сонда үйдің кенжесі бола тұра ата-анамды тастап қалай бөлек шығамын? Мені еш түсінгісі келмейді.


Жақында бірінші әйелімнің ұлды болғанын естідім. Оған бақыт тілеуден басқа амалым бар ма? Оның да күйеуі қызғанып, әлек салатын көрінеді. Кейде бәрін тастап, ештеңеге қарамастан бірінші әйелімді үйге алып келгім келеді. Бірақ екі қызымды қимаймын. Таразының бір ұшында алғашқы әйелім, екіншісінде екі қызым тұр. Кейде Алланың сынағына сабырмен шыдамай, құдашамен «қыдырып» қойғаныма қатты өкінемін.


Өмір болған соң әртүрлі жағдай болады. Кей жігіттер сәби сүйе алмай, бірақ әйелін шын сүйіп, қимай жүрсе, онда сабыр сақтау керек шығар. Әйтеуір мен сияқты өкініп қалмағайсыздар».