«Таңертең ішкен тамақтың ыдысын түнде өзім жуамын»
иллюстрациялық сурет ашық дереккөзден алынды
«Өзіммен жасты бойжеткендер тұрмысқа шығып жатыр. Ал менің жігітпен жүруге шамам жоқ. Себебі ертең оны үйге ертіп келе алмаймын. «Мынау – үйім, мынау менің бауырларым» деп таныстыруға намыстанамын», - дейді Меруерт есімді бойжеткен.
Меруерттің өзінен үлкен үш әпкесі бар екен. Біреуі тұрмыста, кейінгі екеуі ажырасып, төркініне келіп қалған. Отбасындағы бар тірлік Меруерттің мойнында көрінеді. Тұрмыстың тауқыметінен қажыған қыз ERNUR.KZ тілшісіне жағдайды баяндап берді.
«Әке-шешем біз кішкентай кезімізде ажырасып кеткен. «Ұл тумадың, маған ізімді басар ұрпақ керек» деп әкем анамды да, бізді де біржола тастап кетті. Қазір қайда, кіммен тұрып жатқанын білмеймін. Содан бері анам бізді небір ауыр тірліктерді істеп жүріп асырады. Мектепте еден жуды, базардың асханасында ыдыс жуды, ауыртпалықты бір адамдай көтерді. Қазір соның кесірінен денсаулығы жоқ, жиі жатып қалады.
Үйде жұмыс істейтін мен ғана. Қызметім – тойда. Жасым он тоғызда болса да осы уаққа дейін тойханада даяшы болып істедім, кейін бишілер тобына қосылып, тойда өнер көрсеттік. Қазір ән айтамын. Тойларға шығып, бұйырған нәпақамды тауып жүрмін.
Осыдан екі жыл бұрын бір әпкем, биыл екінші әпкем ажырасып, үйге қайтып келген. Бірінің күйеуі жүріп кетіпті, екіншісі ұра береді екен. Мынадай әйелім болса мен де сөйтер ме едім деп қоям. Себебі екі әпкемнің сылбыр тірлігінен мен де күйіп кетемін.
Біреуінің мектеп жасына толған баласы бар. Сонда да әрекет етейін, баламды асырайын, киіндірейін деп ойлаған емес. Онысын мектепке беру үшін құжаттарын туралау керек екен, ойланып жүрген шешесі жоқ. Күн ұзаққа телефон шұқылап жата береді. Алдында тұрған ыдысты орнына қоймайды, алдында киімдер шашылып жатса, аттап өтіп кете береді. Осыншалықты бейғамдықтарына қарап жүрегім ауырады.
Түнде тойдан келсем таңертең ішкен тамақтың ыдыстары жуылмай тұра береді. Бір жылап аламын да, түн ортасына дейін жуып-шайып, үйдің ішін жинастырып қоямын. Ертеңіне тағы сол көрініс... Тамақ істеймін, кір жуамын, даланы жинаймын, бәріне – мен. Екеуіне талай мәрте айттым, «кішкентайсың, істесең өлмейсің» деп екеуі келісіп алғандай өзіме қарсы шығады.
Отбасылық жағдайға байланысты дер кезінде оқуға түсе алмай қалғанмын. Былтыр өз күшіммен құжаттарымды тапсырып, оқуға қабылданғам. Жұмыс пен үйдің ортасында шапқылап жүріп сабақ үлгерімім де нашарлап барады.
Тапқан ақшамның бір тиынын да өзіме жұмсай алмаймын. Себебі үйдегілер аш отырғанда әдемі көйлек кигенім адамгершілікке жатпайтын сияқты. Көпбалалы ана сияқты кешке қарай екі иығым қайысып азық-түлік көтеріп келемін. Әпкесымақтарым алдымнан шығып, пакетімді алуға жарамайды ғой. Екеуі де жата-жата семіріп кеткен. Қимылдаса шаршап қалады. Тым құрығанда ыдысты жуып, үйді жинап отырса болады ғой, ол да жоқ. Не істейтінімді білмей кеттім.
Сіздерге - өтірік, маған – шын, елу килолық бір қап ұн бір айға жетпейді. «Маған олвейс ала кел» деп бұйыратындарын қайтерсің тағы. «Үйде қант жоқ па не?» деп екінші әпкем отырады, міндеті тас жарып. Бәрінен шаршадым.
Той-жиынның ортасында жүрген соң небір жігітті кездестіресің. Арасында сезімін білдірген небір бай жігіттер де болды. Бірақ олармен жүрсем отбасымның жағдайын біліп қоя ма деп қатты ыңғайсызданамын. Үйімді көрсетуге ұяламын, тозып кеткен. Перделердің жуылмағанына екі жыл болған шығар, кілемнің гүлдері кірден көрінбей қалған. Көрпелердің тысы да ескіріп кетті. Үйіміз үй емес, қаңғыбастардың мекені сияқты. Құда күтпек түгілі өзіміз әрең күн көріп отырмыз.
Кейде үйдің бітпейтін тірлігінен шаршап кетемін, үн-түнсіз басқа қалаға кетіп қалғым келеді. Бірақ аурушаң анамды аяймын. Мен кетсем мына екі әпкем аштан қатырары анық. Онсыз да етсіз тамақ ішіп жүрген анам әлсіреп, мені уайымдап, тозып кете ме деп қорқамын.
Өткенде тым болмаса бір әпкемнен құтылайын деп ойладым да, жездеме барып жолықтым. «Ұрыс-керісті қойыңыздар, әпкем сізді ойлап жүр. Алдына барып, кешірім сұрап, татуласыңыздар» дедім.
Сондағы жездемнің айтқаны: «Әпкеңнің салақтығынан әбден тойдым. Іш киімін жуып, тазалап кие алмайтын қатын ғой. Көрінген жерге тастап кете береді. Ата-анамның бабы болмай кетті, үш күнде бір дәмсіз тамақ істейтін қатын керек емес маған».
Ләм-мим дей алмадым. Расын айтып отыр. Сол үшін үйінде ұрыс-керіс болып, әйелін ұрған екен. Әпкем соған ренжіп, төркініне кетіп қалған.
Біздің үйдегі жағдай – осы. Кімнен ақыл сұрарымды, кімнен көмек күтерімді білмей қалдым. Менің жасымдағы қыздар тұрмысқа шығып, той көйлегімен тойхананың төрінде бал-бұл жайнап тұрады. Ал менің жүрісім – мынау. Арамтамақ әпкелеріме қандай амал қолдансам екен. Кеңестеріңіз керек...»