"Салақ, өсекші" - жас келін келін енесінен емес, қайын әпкесінен зардап шегіп жүргенін айтты

0
395

"Кей отбасылардың ажырасуына өздері емес, қайын әпкелері кінәлі болып жатады"


"Кей жастардың ажырасуына енесі емес, ерлі-зайыптылар арасындағы ұрыс емес, қайын әпкелері кінәлі болып жатады екен. Менде де сондай жағдай болған. Бұрын тұрмысқа шықпай тұрған кезімде менен бұрын тұрмысқа шыққан құрбымның үйіне қонаққа барамын деп, жағамды ұстап қайтқан едім. Сөйтсем, өмірде мұндай жағдайлар көп екен ғой. Осыған ұқсас жағдай өзім тұрмысқа шыққан кезде қайталанғанын көрген кезде жылап жібергенмін "Келін болу неткен қиын еді" деп" - ERNUR.KZ порталының әлеуметтік желідегі парақсашына келген Айназ атты оқырманның хаты осылай басталыпты.


"Құрбымның үйіне барғанда қандай жағдайдың куәсі болғанымды айтайын. Тойына барып, қыз жолдас болып қайттым. Кейінірек тағы қонаққа шақырамын деді. Бірақ одан хабар болмаған соң, құрбымды сағынып, ескертпестен үйіне іздеп бардым. Үйін білемін ғой.

Мен барған кезде құрбымның қайынәпкесі де қонаққа келіп отыр екен. Басында сыр білдірмей, күліп қарсы алды. Барлығы дастарханға шақырып, күтіп жатыр. Бірақ біраз уақыт өткеннен соң, жағдай өзгерді. Келін болғанына екі айдан енді ғана асса да, тұрмысқа шығып кеткен қайынәпкесі сол үйдің тіршілігіне араласып, маза бермейтін көрінеді. Өзім барғанда да сол көрініске куә болдым. Кеткен қыз орнын біліп, сыйымен келіп, сыйымен кетсе болмас па?

Ал ол болса, жаңа түскен келіннің сол шаңыраққа үйренісуіне мұрша бермей, «Анау неге олай жасалған? Мына зат неге орнында тұрмайды?» деп анасына келінін жамандап отыр. Менің көзімше.

Сонда құрбыма жаным ашыған. «Небәрі екі айдың ішінде осындай жағдай болып жатса, ары қарай қалай өмір сүрмек? Бұндай қайынәпкеге қалай шыдайды?» деген ой келген.

Ал сол жағдай тұрмысқа шыққаннан кейін өз басымда қайталанған кезде тіпті есеңгіреп қалдым. Келін болып келгенде қайын апамның жасы қырық алтыда болатын. Бұрын тұрмыста болған, ажырасқан, бір ұл, бір қызы бар. Бізбен бірге тұрады.

Басында бұған шошыған жоқпын, "Тұрса тұра берсін, зияны жоқ қой" деп ойлағам. Алайда, тікелей зиян сол кісіден келетінін білмедім. Үнемі «жоқ, жоқ» деп жылауы өмірге деген ынтаны құртады. Үлкен қызы - студент, Алматыда оқиды. Енем бар, жасы жетпіске таяп қалған қарт кісі. Өзі қақ-соқпен жұмысы жоқ, момын адам. Бәлкім қартайған соң, солай шығар. Бірақ енемнің қызына сөзі өтпейтініне көзім жетті. Өзі ауру-сырқауы көп, қартайған кісіге тыныштық керек қой. Ал қайынәпкем болса, сол кісінің «құлағын бұрап» жылап отырғанынан қажыдым. Түсінгенім – менің екі енем бар екен. Күйеуімнің әпкесі ғой деп үнсіз жүремін.

Бірақ ойланам өмір бақи бізбен тұра ма деп. Күйеуім, мен және балаларым, енем – өзіміз тұрғанды қалаймын. Кейде әбден шаршап кетемін, алдыға ұмтылу мүлдем жоқ. Күйеуім екеумізге өмір сүргені міндет секілді көреді. Қазір екі балам бар, үшіншіме аяғым ауыр. Ең болмаса баласына үйретсе ғой таза жүр деп, құдды бір келінді малай секілді көреді. Кейде айтқым келеді «Бөлек шығыңызшы, күйеуім, бала-шағам, енеммен рахаттанып өмір сүрейікші» деп. Бірақ тағы да сол тәрбием жібермейді, көңілге қараймын.

«Бірге тумақ болса да, бірге жүрмек жоқ» демекші, жеке тұлға болған соң, өзімен өзі кеткені дұрыс емес пе?! Оның үстіне есейіп қалған балалары бар. Ал қайынәпкем енем екеуміздің арамызға от салғанда бала-шағамды алып бөлек кеткім келеді. Құдай өзі кешірсін, өте салақ және өсекті көп айтатын кісі. Бір амалдарын жасап үй алып, өзіміз кетпесек, бұл кісіде кететін ой жоқ. Жұмысы бар, жақсы табады. Құдай сақтасын, тек «жоқ» деген ұстаныммен өмір сүреді. «Құрбандық» рөліне еніп кеткен жан.

Шындығында әр адам өз өмірінің қожайыны. Келінге сыйлы болу үшін өз шаңырағыңды ойлап қамдану қажет. Қайынәпкелер, сіздер інілеріңіздің әйеліне ене емессіздер. Бауырыңызды жақсы көріңіз, тек оның да өз өмірі барын ұмытпаңыздар. Анаңызға қарап отырған келінді айналып қана кетпейсіз бе? Үйде жаман аураны ұстағаннан қадіріңіз кетеді. Қырық алтыдағы жас әйел ғой, ең болмаса үй ала алмаса да, бөлек тұрса ырзығы артар ма еді. Негізі әр адамның жеке өмірі барын ұмытпаңыздар. Әрине бес саусақ бірдей емес. Өте жақсы қайын әпкелер де көп."