"Қара шаңырақтың келіні болсаң, өзіңмен-өзің бола алмайсың"
көрнекілік сурет: www.tsn24.ru
ERNUR.KZ порталына хат жолдаған оқырманның бір ғана қалауы - ата-енесінен бөлек тұру. Бұл тақырыпқа келіндер тарапынан көз тастасақ, тілегі орынды да секілді.
"Ол ата-енемді жек көргеннен емес. Негізі керемет жандар. Бірақ, үлкендермен бірге тұрудың жақсы тұстары өте көп болса да, жеке отбасы болып қалыптасуға кедергі болатын кездері де болып тұратынын мойындау керек.
Ата-енеден бөлек тұратын келіндер оларды жек көргеннен бөлек шыққан жоқ қой. Мен де сүйіктімнің ең жақын жандары, өмірге әкелген ата-анасы ретінде құрметтеймін, сыйлаймын. Бірақ ересек адам ретінде отбасы жауапкершілігін сезініп те көргіміз келеді. Өйткені, ата-анамен тұрған жігіт қанша жасқа келсе де, олардың алдында бала секілді, үлкен жауапкершіліктерді мойнына ала алмай қиналады. Мен сол үшін жолдасыммен бірге бөлек тұрғым келеді.
Ата-енем әлі жас. Қартайып, қауқары қалмағанда мүмкін қолымызға алармыз немесе соларға барып тұрармыз деп ойлаймын өз басым.
Менің бұл пікірім көптеген үлкен кісілерге ұнамайтынын білемін. Өйткені, біздің қалыптасып қалған менталитет солай.Қыздар көбіне болашақ отбасылық өмірін елестеткенде алдына жан салмайды. Себебі бәрі де бақытты өмірді, керемет тұрмысты қалайды. Бірақ әйел адамның қалауы ешқашан шегіне жетпейді. Жалғыз себеп – қара шаңырақтың келіні болғым келмейді. Ата-енесімен тұрғысы келмейтін қыз-келіншектерді мен жақсы түсінемін. Жаман жақтары бар болғандықтан емес, әрбір адам жеке тұлға. Өзінің жеке кеңістігінде өмір сүргісі келгеннің несі айып?
Қара шаңырақтың келіні болсаң, өзіңмен-өзің бола алмайсың. Заман өткен сайын адамдар еркіндік пен тәуелсіздікті қалайды. Ұйықтаймын десем де, қыдырамын десем де өзім білсем, ол үшін күйеуімнен өзге адамға есеп бермесем деп армандайды. Ата-енемен бірге тұрудың жауапкершілігі көп. Әр қадамың мен іс-әрекетіңді айтып отыруың керек.
Кейбір келіндерге ата-енесімен ортақ тіл табысу да қиындыққа соғып жатады. Ене мен келін дауы ежелден бар. Бір үйде екі әйел болған соң, сол үйдің тұрмыстық мәселесі екеуін де толғандырады. Соған дейін отбасы, ошақ қасындағы барлық іске жауапты болып жүрген ене келіні келген соң оның ісіне сын айтып жатады. Ойындағысы болмай жатқан соң, білек сыбана өзі кіріседі. Ас үйде «өзім де білемін ғой, неге араласа береді» деп бұртиып келін жүреді.
Баласын жөнсіз қызғанатын енелер де болады. Көбіне тұңғыш немесе кенже ұлын үйлендірген аналар оларды өз келінінен қызғанып жатады. Анасына көрсетпеген мейірімін әйеліне көрсетіп жатса, іштей қызғанады. Кейде оны сырттай білдіріп жатады. «Есейген шақта бала кезіндегідей анасының етегіне жармасып, құшағында отырудан енді ұялады емес пе? Өзі сүйіп қосылған балаларының анасына махаббатын білдіріп, құрмет көрсетіп жатса, оның несі айып?» деп шамданады келіндер қауымы.
Немерелердің ортасына түсе беретін ата-енелер де болады. Бала тәрбиесінде ата-әже мен әке-шешенің маңызы зор. Бірақ екі жақ екі түрлі тәрбие үйретсе, бала қайсына бойын үйретерін білмей шатасып жатады. Әке-шешесі қабақпен тәрбиелеп отырған баланы ата-әжесі еркіне жіберіп, шектен тыс еркелетіп жібереді. Баланың қорғаны болып, анасы тәрбиелеп жатқанда жөнсіз орталарына түседі. Мұның бала тәрбиесіне кері әсері барын білетін келіндер ата-енесімен тұрудан мүлде бас тартады.
Төркінге бару үшін алдын-ала сұранып, қамдану керек. Солай болса да кейбір келіндер төркініне бару үшін енесімен келісімге келе алмай қиналып жатады. Өйткені енелердің қатарында келінінің төркініне баруына қатаң түрде тыйым салатындары да бар.
Бәрі бір отбасы болған соң қажеттіліктерді бірге өтеп, керек дүниелерді бірге сатып алғанды жөн көреді. Ата-енесімен тұратын жастардың көбі табыстарының ортақ болғанын қаламайды. Мұндайда жұмыссыз отырған немесе зейнетақысы аз ата-енелер сүйкімсіз көрінеді.
Осындай жағдайлардан қалай шығар едіңіздер? Ата-енесімен бірге тұрғысы келмейтін бойжеткендерге қандай кеңес айтасыздар?"