"Бөлмеңе бар. Кітабыңды оқы. Ұйықта": қария балаларына жас күнінде уақыт бөлмегеніне өкінеді

0
220

"Менде де телефон бар ғой, маған неге звондамайды?" деп көңіліме алып қаламын кейде...


Сурет: i.pinimg.com

Бір кісі қайтыс болар алдында ұлына бос сандық табыстап:

– Мұны тек отбасыңның шынайы қазынасына толтыр, - деп аманаттапты.

Жылдар өте береді. Ұлы бұл сандыққа алтын-күміс емес, жарының жазған хаттарын, баласының кішкентай кезінде салған суреттерін, бірге түскен фотоларды салыпты. Орта жастан асқанда сол сандықты ақтарып, жаны жылулық табады екен. Үлкен ұлы үйленерде ол:

– Атам айтқан қазына-байлық – отбасыңмен бірге өткізген әр сәт екен, - деп баласына өсиет айтыпты.


Осы бір қарапайым ғана мысалды жариялауға ERNUR.KZ порталының редакциясына келген оқырман хаты түрткі болды.


"Балаларым бүгінде өз алдына шаңырақ көтеріп, өз өмірлерін сүріп жатыр. Жиын-тойда, мейрамда ғана бас қосамыз. Бірақ олар ұзақ отыра алмайды, отбасы, шаруалары бар. Асығады. Ал мен сол аз ғана уақытты ұзартқым келеді.

Екі-үш күнде бір аналарына қоңырау соғып, хал-жағдайымызды сұрап тұрады. "Менде де телефон бар ғой, маған неге звондамайды?" деп көңіліме алып қаламын кейде. Әйелім де айтады екен "Әкелеріңе де жеке хабарласып, сөйлесіп тұрсаңдаршы" десе "Папаммен онша сөйлесе алмаймын, амандасқаннан басқа не айтамын?" деп қашқақтайтын көрінеді бәрі.

Олары да рас. Кейде өзім дауыстарын естиін деп қоңырау соқсам, сөзге сараң боп қалады. Қойған сұрағыма жауаптары бір-екі сөзден аспай тұрғасын, асығыс сияқты сыңай танытқасын, қашанғы соза берейін. "Мақұл, жақсы, сау болыңдар, сәлем айт" деп өшіре саламын.

Олардың бала кезін, бейкүнә күлкісін, шапқылап ойнаған сәттерін сағынам. "Ал олар мені осылай сағына ма екен? Менімен бірге болған қандай сәттерді есіне алар екен?" деп ойланам.

Өйткені олар ұйықтап жатқанда ғана жұмыстан келетінмін. Демалыс күндері достармен бас қосып, сейіл құратынмын. Балаларыма арнауға тиіс уақытты өзге дүниелерге жұмсаған екенмін. Сол күндер үшін жүрегім сыздайды.

Балаларымды өзіммен бірге балық аулауға алып шықпағаныма, өмірлік азық болар ақыл-нақыл айтпағаныма өкінем. Ата-аналар жиналысына барып, баламның ұстазымен сөйлеспегеніме, үй тапсырмасын бірге орындамағаныма өкінем. Қазір соның бәрін еске алып, жымиып отырар едім-ау.

Ең өкініштісі – "әке" деп мойныма асылғанда "Бөлмеңе бар. Кітабыңды оқы. Ұйықта" деп, бітпейтін жұмыстағы шаруаларымды ойлап, әркіммен телефонда босқа уақыт өткізгенім. Жұмыс бітпейді екен, ал балаларды құшағыма алып, иіскейтін уақыт бітіп қалады екен...

Қазір оны қайталай алмаймын. Балаларым есейді. Олар өз балаларын иіскеп отыр."


Мысалда айтылғандай, нағыз қазына – перзенттеріңмен бірге өткізген сәттер екен. Ол сәттерді кейінге қалдыруға болмайды. Әр күн – қайтып келмейтін мүмкіндік. Бұл сөздің дәлелі - оқырманның хатындағы өкініш табы.

Құрметті әкелер, балаларыңызды бүгін құшақтаңыз! Күнде иіскеп, еркелетіңіз. Қазір ойнаңыз, қазір жақсы көретініңізді, ақылыңызды айтыңыз.

Кейінгі өкініш ештеңені өзгерте алмайды. Бүгінгі мейірім – ертеңгі естелік.