"Босанғалы бері тойып тамақ ішпедім» - жас келіншек енесінің қалжа жегізбегенін айтты

0
288

"Әпке-жеңгелерім «Енең қалжалады ма?» деп сұраса «иə» деп айтам"


көрекілік сурет: i.pinimg.com

«Түрлі сынақтардың әр адамның өмірінде болып тұратыны заңдылық қой. Бірақ мен осы сынақты көтеруге дәрменсіз боп жүрмін. Өйткені, өзім жас босанған анамын. Мұндай кезде жас ана айналасынан, жақындарынан көмек, қолдау күтеді ғой. Ал маған сол күтім жеткіліксіз. Сондықтан болар, күйзеліске түсіп кеттім» дейді көзіне жас толған жас ана.

Оқырманымыз енесінің қылығынан, әңгімесінен шаршағанын айтып, ERNUR.KZ тілшісіне әңгімелеп берді.


«Жиі ашуланамын, дәл қазір де қатты ашуланып отырмын. «Балам бар, шүкір, бақыттымын ғой» дейін десем де, бір мазасыз күйден арыла алмай келемін. Ұлым бір айдан енді ғана асты. Өзім де осы баланы ұзақ күттім. Тұрмыс құрғаннан кейін екі жыл бойы жақсы жаңалықты күтумен алаңдап жүрдім. Қорқынышым да болды. Әрине, маған ешкім ештеңе деген жоқ, «Неге көтермей жүрсің?» деп бетіме баспаған. Бірақ, әрбір қыз тұрмысқа шыққан соң, көп ұзамай балалы болуды армандайды ғой. Ал мен екі жыл өткен соң жүкті болып, үшінші жылы босандым.

Енемді жақсы көретін едім маған бала туралы айтып қырын қабақ танытпағаны үшін. Осы үш жылда бетіне келіп көрмеппін. Ал қазір жағдай өзгерді, баламды босанғаннан кейін түрін көргім келмейді. Өзім ауыр босандым, сондықтан дәрігерлер «Кем дегенде жарты айға дейін отырмасын» деп енеме де айтты. Яғни, ерекше күтім қажет екенін ескерткен болатын.

Бірақ мен перзентханадан шыға салып үй жұмыстарымен айналысып кеттім. Жарты айдай қатты қиналдым. Құрбыларым, әпке-жеңгелерім «Енең қалжалады ма?» деп сұраса «иə» деп айтам. Бірақ сол перзентханадан үйге шыққалы бері бір рет қана ет астық, оның өзі қонақтар келгенде. Енем жұмыс істейді. Минут сайын үйге звондайды, кешке не тамақ дайындайтынымды, қанша ет қосу керегін айтады.

Баламды өзім шомылдырам. Басында қорықтым, кейін үйреніп кеттім. Енем тіпті әже болып баламды шомылдырғысы да келмейді. Шомылдырып бермей-ақ қойсын, бірақ баланы қалай күту керектігін де айтпайды. Мен болсам, анамнан сұрап жүремін балаға қырқынан шыққанша қалай күтім жасау керегін.

Күйеуім мені ойлап үйге тамақтың түр-түрінен əкеледі. Баласы екеуміздің жағдайымызды жасағысы келеді. Бірақ енем оның осылай тамақ тасығанына ашуланады. «Осы ашқарақ келін бəле болды ғой, неге бəрін үйіп-төгіп əкелгенсің?» деп ренжиді. Енді тамақ жеуге де ұялам.

Қатты ашулымын. Кетіп қалайын десем, күйеуімді қатты жақсы көремін, көптен күткен сәбиіміз де туылды. Жас босанған әйелдің гормондары ойнап, жүйкесі де әлсіздеу бола ма, ештеңе жақпайды. Қалай сабырға келсем болады? Бала еміземін, баламның дені сау, құнарлы тамақтанғанын қалаймын. Ал енем болса оны түсінбейді. Өзі әйел бола тұра, оның да басынан өткенін ұмытып кеткен сияқты».