Не істерімді білмей жүрмін, - деп мұңаяды келіншек...
Біріншісімен жараса алмай, екінші рет тұрмысқа шығып бақытын тапқан келіншек өзін мазалап жүрген уайымын ERNUR.KZ тілшісіне айтып берген болатын.
32 жастағы келіншектің (есімі мен тұрғылықты жерін атамауымызды сұрады) бірінші күйеуінен қызы бар. Бес жыл бірге тұрып, отбасылық өмірін жарастыра алмаған соң ажырасқан көрінеді.
- Ажырасқан соң оған қызын көрсетіп тұруым қажет. Заңды түрде. Қызымның үш жасар кезінде ажырасқанбыз. Қазір 10 жаста, әкесінің кім екенін жақсы біледі және өте жақсы көреді. Бірақ екінші әкесіне деген құрметін де үзген емес, - дейді ол.
Айтуынша, кейінгі күйеуінен екі ұлы бар. Бақытты-ақ өмір кешіп жатыр.
- Қазір кіші ұлымның күтімімен үйдемін. Әлі жасына толмаған. Бұрынғы күйіммен сүйіп-ақ қосылып едік, бірақ қалай қиыстырсақ та көтерген шаңырағымыз шайқала берді. Жиі ұрыстық, араға түскендер де болды. Әйтеуір, кетісіп тынғанбыз. Екі жыл өткен соң жеңгелерімнің таныстыруымен бір рет аузы күйген жанға тұрмысқа шықтым. Ол мені қызыммен қабылдады. Өзім қатты күйзелісте жүргенде демеу болып, барынша қолдау көрсеткен жанның кеудесінен мен де итермедім.
Үйлене салысымен аяғым ауырлап, ұлымыз дүниеге келді. Іскер күйеуім қызым мен ұлымызға бірдей қарады, мүлде шеттеткен емес. Қызымның әкесімен де кездесуіне шектеу қоймады. «Әркім өз тағдырындағы шындықты білуі тиіс. Ол үшін менің алдымда кінәлі емес. Менің өгей болса да әке бола алатынымды біліп, қадірлесе болды» деп жиі айтып отырады.
Бастапқыда пәтер жалдап тұратындықтан ұлымыз екі жасқа толған соң балабақшаға орналастырып, мен де жұмысқа шықтым. Екеулеп тиын құрастырып төрт бөлмелі пәтер сатып алдық. Содан кейін кіші ұлымды босандым. Аллаға шүкір, шағым айтатын жерім жоқ.
Бір ғана уайымым – бұрынғы күйеуім соңғы кезде жиі келетінді, жиі кездесіп қала беретінді шығарды, - дейді мазасызданған келіншек.
Оның айтуына қарағанда, бірінші күйеуі соңғы уақытта көрінбей кеткен екен. Ажырасқан алғашқы жылдары айына екі рет міндетті түрде қызымен кездесіп, онымен қыдырып тұрған. Уақытында алиментін төлеп, қолынан келгенше қажеттіліктерін әперіп тұрыпты.
- Әке ретінде оған қояр ешбір кінәм жоқ. Ол қызын өте жақсы көретін әке, қызы үшін бәрін жасайды. Бірақ соңғы бір жыл көрінбей кеткен болатын. Қызымен тек видео-қоңырау арқылы сөйлесіп, қажет ақшасын салып тұрды. Енді биыл біз тұратын қалаға қоныс аударыпты. Қызымды жиі алып кетеді, кездесіп қалумыз да жиілеп барады.
Естуімше, үйленбеген. Бәз-баяғы қалпы. Соңғы уақытта маған «әдемі боп кетіпсің» дегенді айтып қалатын болып жүр. Сондай кезде оны баяғыда сүйген жүрегім дір ете қалады. Білмеймін, қандай сезім екенін, әйтеуір соны көрсем мазасызданатын болыппын. Қызымды бір-екі рет жібермей қойып, екеуін де ренжіттім. Араға екінші күйеуім түсіп, менікі дұрыс еместігін айтты. «Ішіңдегі ренішті құртпасаң, денсаулығыңа зиян» деп кеңесін де айтады. Ал менің ішімде қандай сезім жатқанынан бейхабар.
Кездесіп қалмауға, қызымды алып кеткенде тек сыртынан ғана бақылап қалуға тырысамын. Көзбе-көз ұшырассам оның маған тесіле қарағаны абыржытып жібереді. Өзімді қоярға жер таппай қаламын. Бұл не? Оған деген сезімім суымаған ба? Қайта оянды ма? Осылай деп өзіме сұрақ қойып, алысып кетемін өзіммен. Тек екі ұлымды көргенде ғана сабама түсемін.
Оны көргім де, қазіргі бақытымды бұзғым да келмейді. Не істерімді білмей жүрмін, - деп мұңаяды келіншек.