«Екінші әйелі үш айға жетпей безіп кетті» дейді ол күліп...
Төрт балалы, жасы небәрі 30-дан енді ғана асқан нәзік келіншекті мұндай қадамға барады деп ешкім ойламапты. Тіпті, туыстары да. Ал күйеуі екінші әйелінен ажырасып, кешірім сұрап қайтып келген, өзінің айтуынша. Екінші әйелі де бәрін тастай қашқанға ұқсайды.
- Саспадым, сабырлы болдым. Біреулер сияқты көз жасымды көлдетіп жылап төркініме де бармадым. Тек сауатты түрде қадам жасауым керек болды, - дейді ол өзінің «қулығын» ERNUR.KZ тілшісімен бөлісе отырып.
Өзін Еркеназ деп таныстырған келіншек күйеуінің «теріс» жүрісі барын екі жылдан бері байқаған. Ол үшін ұрыс-керіс те болыпты.
- Басында білместікпен өсіп қалған балаларымыздың көзінше жанжалдасып қалдық. Бірақ 11 жастағы ұлыма қатты әсер ететінін білмеппін. Жақсы оқитын оның бірден үлгерімі төмендеп, бөлмесінен шықпайтын, біртүрлі фильмдер көріп, жатып алатын әдет тапты. Мектептің психологы хабарласып, баламда проблема боп жатқанын, оның отбасылық болуы мүмкін екенін түсіндірді. Әрине, әкесі екеуміздің арамыздағы қатынасты ол сезіп-біліп жүр.
Сол кезден бастап бойымды жинадым. Бала-шағаның көзінше ұрыспауға тырыстым. Олардың өмірін өзіміздің проблемамызбен бұзбайық дегенді күйеуіме түсіндіре алмадым. Ақыры ол ойын ашық айтты, екінші әйелге кететінін жеткізді.
Бұл маған ауыр соққы болса да балаларымды ойлап өзімді ұстадым. Келісімімді беріп, заңды түрде ажырастық. Бірақ балаларға оны бір жылға Кореяға жұмысқа кетеді деп айттық. Соған сендіруге тырысып, тіпті әуежайға дейін шығарып та салдық. Ішім қайнап тұрса да, бір әйел үшін мені төрт баламмен тастап кетіп бара жатқаны жанымды қуырып жатса да шыдадым. Сол кездегі шыдамдылығыма өзім де қайран қарамын, - деп күле еске алды ол.
Содан кейін Еркеназ барлық әдісті ойластыра бастапты. Балаларының әйтеуір бір білетінін ойлағанда жанын қоярға жер таба алмаған.
- Сосын бәрін қойып «шетелге кетемге» бастым. Оған хабарласып, «балалардан бас тартамын, шетелге кетемін» дедім. «Қабылдап ал, болмаса балалар үйіне өткізуіме тура келеді» деп ашық айттым. Басында ол ашуланып, өзі-ақ асырай алатынын, алып кететінін айтқан. Екінші әйелінің менің 4 баламды қабылдай алмайтынына сенімді болдым және солай болды да.
Тіпті, төркініме де солай айттым. Ата-енем білгенде мүлде шок болды. Олар алыста тұрғандықтан ажырасқанымызды да білмейтін. Бәрі шуласып, үйге келіп мені ортаға алды. Безеріп айтқанымнан қайтпадым. Бір ғана өтініш айттым – мұны балаларым білмеуі керек. Балалардың бірі таңертең сабаққа, екіншісі балабақшаға, курсқа кеткенше бәріміз әдемі болып күліп жүреміз, кеткен соң шу басталады. «Ақымақсыңдар ма, мұның не? Айтпайсыңдар ма? Ол ақымақ не істеп жүр?»
Үлкен қайнағам ғана менің қулығымды түсінгендей болды. «Дұрыс, оған керек бала саған не үшін керек? Өз алдыңа өмір сүр», - деп кеңес бергенде енем отырған жерінде құлап қала жаздап, баласына қоңырау шалды.
Менің ойлағанымдай болды. Қайнағаммен сөйлескенде күйеуім екінші әйелінің көнбей жатқанын, біршама уақыт арасында бәрін шешетінін айтыпты. Ішімнен күлдім. Әрине, шешесі тірі 4 баланы қабылдау оңай ма?
Не керек, араларында дау туып, ақыр аяғы олар ажырасып тынды. Күйеуім кешірім сұрап қайтып келді. Екінші әйелге оның ақшасы мен өзі ғана керек екенін, ал балаларына түк те жаны ашымайтын тасжүрек екеніне көзі жетті. Онысы үш айға жетпей безіп кетті.. Үш-ақ айда болды мұның бәрі...
Солай папамыз үш айдан соң «Кореядан қайтып келді». Балалар бақытты, базарлығын да ұмытпапты (тапсырыс беріп алдырса керек корейлік тауарларды). Ренішім басылмай біршама жүрдім, бірақ балаларым үшін кешірдім және оны сүйетінімді несін жасырайын?!
Осылайша қазір бақытты өмір сүріп жатырмыз. Еске түскенде қабақ шытатыным болмаса, уақыт бәрін емдейді екен. Құдай қаласа, тағы бір бөпелі боламыз жақында, - деген Еркеназ өзінің бақытты екенін айтады.
ТАҒЫ ОҚЫҢЫЗ:
«Енемнің қасында жатады»: Қызылордалық жас келіншек құрсақ көтере алмай жүргеніне күйеуін айыптайды
«Ұл туасың» деп жегізген: шымкенттік келіншек ырымнан соң ұшынып қатты ауырып қалған