"Енді ешкімнен сүйінші сұрамайтын болдым": өз ісіне өкінген әйел қателік жасағанын айтты

0
305

"Мен ойыма бір идея келсе, соны істеп тастамайынша тыныш ұйықтай алмайтын адаммын"


Сурет: d3t543lkaz1xy.cloudfront.net

Қазақта келіннің жүктілігін алдын ала жария етпеу керек деген ырым бар. Мәні терең, сақтыққа негізделген дәстүр. Бұл сенім ежелден келе жатқан халықтық танымға, өмірлік тәжірибеге сүйенеді.

"Жақсыны жария қылсаң, көз тиеді" дейтін наным-сенімді елегісі келмеген ене өмірден алған ащы сабағын ERNUR.KZ оқырмандарымен бөлісті.


"Алғаш келінімді түсіріп, мәре-сәре болып жүргенімізде, ол жүкті болғанын айтты. Бір қуанышым басылмай жатып екінші сүйінші жаңалықты естіп масаттандым. Тұңғыш немеремді асыға күттім. Қыз бала екенін білген соң күнде жұмыстан қайтқанда жолай дүкенге кіріп нәрестенің киімін алам. Келінімнің жүктілігі бес айға жеткенде, перзентханаға апаратын сөмкесін түгендеп, дайындап қойдым.

Онымен қоймай, шілдехана той беремін деп, қонақтардың тізімін жасап, біраз заттарды алып, тойбастарға тапсырыс та беріп үлгердім. Мен ойыма бір идея келсе, соны істеп тастамайынша тыныш ұйықтай алмайтын адаммын.

Бір күні үйге кәрі анам келді. Кешкі астан соң мақтанып, шілдехананың тойбастарын, қырқынан шығаратын заттарды көрсеттім. Анам "Құтты болсын. Бірақ бала туылмай жатып киім-кешегін сатып алуға болмайды деген ырым бар. Келінің аман-есен босансын, сосын да үлгерер едің ғой" деді. "Ой, мама, бұрын ата-бабамыздың жағдайы болмаған. Сондықтан алдын ала сатып алмаған" дедім өзімбілемге салынып.

Мезгілі жетті. Келінім толғатып, "жедел жәрдем" шақырдық. Таңға жуық келінім сүйінші сұрап, қоңырау соқты. Ұйықтап жатқан немеремді суретке түсіріп, вацаппен жіберді. Сол баяғы сабырсыздығыма салып, әп-сәтте немеремнің фотосын ағайын-туысқанның чаттарына жіберіп, сүйінші сұрап шықтым. Бәрі құттықтап жатыр. Анам ғана "Жаңадан туылған сәбидің өзін де, суретін де 40 күнге дейін ешкімге көрсетуге болмайды" деп ұрысты. Іштей "Мамам-ақ ырымдарын айтып тыя береді екен" деп, үйге қайттым.
Алайда үйге жеткенімде суық хабар естідім. Немерем шетінеп кетіпті. Қарағым-ау, бір күн де өмір сүрмеді. Жылап келіп, бәрімізді жылатып кетті-ау.

Перзентханаға барып шу шығардым. Дәрігерлер "Инфекция", "Әлсіз" , "Сондай болады" деп, өздерін ақтады. Анам немереміз туылмай жатып алдын ала заттар сатып алғанымнан кінә іздеді. Ал күйеуім "Суретін бекер тараттың, көз тиді" деді. Ұлым да "Өмірге келмеген немереңізге ат қойып, оны тым қатты жақсы көріп кеткен едіңіз. Құдай кімді (нені) қатты жақсы көрсеңдер, сонымен сыналасыңдар деген. Алладан басқаны тым жақсы көруге болмайды" деп ақыл айтты. Қысқасы, бәрі мені жазғырды.

Рас, мен асығыстық жасадым. Қайғырып, күйзеліске түстім. "Неге? Не себеп болды?" деп, күнұзақ ойға шомып отыра берем.

Алты ай өткенде келінімнің аяғы тағы ауырлады. Тәубе, тәубе! Өткен қателіктерге енді жол бермеймін деп отырмын. Тіпті жүкті екенін жұрт өздері байқамайынша, жар салып ешкімге айтпаймын."