«Алтындарымды иеленіп алды»
иллюстрациялық сурет ашық дереккөзден алынды
Үлкен әпкем тұрмысқа шығып, бір келгенінде «Ене анаңдай бола алмайды, ол бар кезде бел жазып, демалу деген жоқ. Таңнан кешке дейін алдында құрдай жорғалап жүре бересің» деп енесін жамандаған. Сонда «анаңдай сыйласаң, тамағын пісіріп, кірін жуып, үйін таза ұстасаң, болды емес пе? Қарап отырып ұрыс шығармайтын шығар» деп әзілге бұратынмын. Сөйтсем ененің аты ене екен ғой. Әсіресе бір-біріне күндес екі енең болса, көрген күнің күн емес».
ERNUR.KZ редакциясына хабарласқан Әйгерім есімді оқырманымыз әңгімесін осыдан бастады. Айтуынша, қайын атасы екі әйел алған екен. Қазір ол екі үйдің тірлігін істеп, екі ененің қыспағына төтеп беріп жүрмін деп мұңын шақты.
«Күйеуім екеуміз жүріп жүргенде ол маған «Папам екі мәрте үйленген. Інім екеумізді туған соң анам ажырасып кеткенде, әкем екінші әйел алған. Ол кісіден бір ұл, бір қыз бар. Бірақ кейін анаммен қайта жарасып, екі отбасына да барып тұрады» деп отбасындағы жағдайды жасырмай айтып берген. Мен сонда әкесінің мықтылығына таң қалғанмын. «Балаларын жетімсіретпей, екі әйелін тең ұстап отырған мықты азамат екен» деп ойлағанмын. Сөйтсем бұл ешқандай да мықтылық емес, мәжбүрлік екен.
Мен тоқалдың қолына келін болып түстім. Себебі туған енемнің беташар істейтін үйі жоқ екен. Атамызбен ажырасып кеткенде екі баланы да күйеуінде қалдырып, тек киім-кешегін алып шығып кеткен көрінеді. Сол кезде атамыз екінші әйелімен танысып, екеуі бас қосқан. Обалы не керек, екінші енемнің адамгершілігі мықты. Мені туған келініндей күтіп алды. Атам екеуі беташарымызды өткізіп, қалыңмалды тауып беріп, қуғыншыларды сән-салтанатымен күтіп, біз үшін барын салды.
Ол кісілер қала орталығында, аядай ғана үш бөлмелі пәтерде тұрады екен. Біз ол жерде ұзақ бөгелмедік. Күйеуім «мамамның қолына кетеміз, жер үйде тұрамыз»деп шешім қабылдады. Солай біз бір апта өтер-өтпес туған енеміздің қолына көшіп келдік. Сол күннен бастап менің өмірім күрт өзгеріп сала берді.
Енем базарда көкөніс сатады екен. Әбден базардағы бейпіл ауыз әйелдермен араласып, еркек сияқты болып кеткен. Бәрімізді балағаттап сөйлейді. Бұл жағдай маған алғашқыда жаман әсер етті. Онысын күйеуіме айтып едім, мән берме, оның боқауыз сөзі «айналайын» дегені ғой» деп әзілге бұрып жіберді.
Біздің үлкен тойымыз болмады. Құдалықта төркінім алтын алқа, комплект, сақина таққан. Бір күні солар үйден ұшты-күйлі жоғалып кетті. Кімге айтарымды, кімнен көрерімді білмей екі күн жүрдім. Іздемеген жерім жоқ. Бір күні шыдамай шай үстінде «менің алтындарым жоғалды» деп айтып қалдым. Енем түк болмағандай «Оны мен алдым, ломбардқа өткізіп жібердім. Оборотқа ақша болмай қалды» деп отыр. «Сұрамайсыз ба, ескертпейсіз бе?» деп ашуланып кеттім. Себебі неше күннен бері уайымға салындым ғой. Сөйтсем енем «Сенен не үшін сұрауым керек? Осы үйдің адамы боламын деп келдің бе, сенікі, менікі деп бөлінуге болмайды. Бұл үйдің барлық заты біздікі, яғни менікі» деп ұрыс шығарып жіберді. Сол алтынды сол күйі көрмедім, ломбардтан қайтарып алмады.
Бір күні сіңлісінің туған күніне баратын болды, дәл сол күні біздің де отырысымыз бар еді. Еретерек шығып кеткенбіз. Сөйтсем енем менің артымнан келген «мантоварканы» алып, сіңлісіне сыйлыққа апарып беріпті. Шынымды айтсам, оның осындай көзқарасын, өмір салтын әлі күнге түсіне алмай келемін.
Ал екінші енемнің мінезі де, өмірге деген көзқарасы да өзгеше. Алтын адам. Біз ол кісілерге де жиі барып тұрамыз. Қонақ күткенде күн бұрын барып, дастарханын дайындап, ыдысын жуып, шын пейілмен қолғабыс етемін. Қонақтарға «мынау менің тұңғыш келінім» деп таныстырып, кетерде үйіндегі ең әдемі ыдыстарды, орамал, көйлек, қысқасы не бар, соны тықпыштап, ұстатып жібереді.
Күндесінің бұл әрекетін туған енем көре алмайды. Ол үйге барып келген күні үйде «ұлы отан соғысы» басталады. Еш жазығы жоқ екінші енеме қарата небір былапыт сөздер айтылып, көмекке барғаныма өкіндіріп жібереді. Әрдайым осы жағдай.
Соңғы кездері туған енемді көрсем әзірейіл көргендей жиырылып қалатые болыппын. Екінші енемнің әңгімесін, тамағын, тірлігін аңсап, сонымен бірге тұруды Құдайдан тілеп жүрмін. Бірақ ол үй бізге тарлық етеді. Ал атамыздың кең үйге көшетін ойы жоқ. «Туған шешемді қалай тастап кетемін. Ел күлмей ме?» деп күйеуім де шешесінің қылығына әрең шыдап жүрген сияқты».