"Енем жетімдігім мен балам жоғын бетіме басады": батыстық келіншек жанына батқан мұңын бөлісті

0
612

"Күйеуіме бала тауып беретін әйел керек шығар мүмкін"


"Ата-анам жоқ, тұл жетіммін. Кішкентай кезімде анам қайтыс болды. Ол кезде небәрі бес жастағы қызбын. Анамның жоқ екенін де бала болсам да білетінмін. Өте ауыр тиді. Жанымда әкем, бауырларым болды. Дегенмен қыз бала үшін ананың орны қашанда білінеді ғой" деп көзіне жас алды батыс өңірінен келген қонақ құрдасымыз ERNUR.KZ тілшісіне сырын ақтарып.


"Отбасындағы кенже қызбын. Алты бауырым бар, мен – жетіншісімін. Алдымдағы аға-әпкелерім анамның орнын жоқтатпауға тырысты. Бұл қайғы ұмытыла бастағанда, яғни он тоғызға толғанымда әкем қайтыс болды. Тағы бір орны толмас қайғы. Көндіккенен басқа амал жоқ.

Кіші екенмін деп ерке, бұзық болған жоқпын. Өйткені, өмір ерте есейтіп жіберді. Әпкелерім тұрмысқа шықты. Мен ағаларымның қолында өстім. Ағаларым үйленгенше үйдегі шаруалардың барлығы менің мойнымда болатын. Үй жинап, тамақ істеп, кір жуып, жалпы әйел адам атқаруы тиіс барлық шаруаны істедім. Тамақты жазда даладағы ошаққа, қыста үйдегі пешке от жағып істейтінмін. Еркектің де жұмысын істей беретінмін. Қыз бала болып, үйдің еркесі болып, «Ананы әпер, мынаны әпер» деп айтқан емеспін. Үйдегі жағдайды көріп, түсініп тұрғандықтан айта алмадым.

Мектепті бітіріп, студент атандым. Оқуға өз күшіммен түстім. Үйдегілерден ақша сұраған емеспін. Мектепте орташа оқығандықтан, ҰБТ-дан жинаған ұпайым көп болмаса да, сәтін салып грантқа оқуға түстім. Батыс жақта оқыдым. Ол жаққа жоғары ұпай жинағандар бара қоймайтын. Тегін оқу болған соң, өзім соны қалаған болатынмын. Сол жақта оқып жүріп, жергілікті бір жігітпен танысып, оқу бітіргесін оған тұрмысқа шықтым.

Үйдегілер маған ренжіген болатын сол кезде «Тым ұзаққа кеттің» деп. Ал мен махаббаттан басым айналып, сол жігіттен басқаны көрмедім. Ешкімді тыңдамадым. Бірақ бауырдың аты бауыр ғой. Жиі хабарласып, жағдай сұрап тұрады. Өздері «жол алыс» деп, келе алмайды.

Жылына бір рет төркіндеп барып, үйлерін аралап, қона жатып сағынышымды басып қайтамын. Алғашқы кезде бәрі жақсы болатын. Бірақ соңғы кездері біздің отбасымыз құлдырау үстінде тұр. Оған себеп менің бала көтере алмауым.

Атам да, енем де бар. Бастапқы кезде сыр алдырмаған енемнің қазір бетпердесі шешілген. Ашуланғанда айтпайтын сөзі жоқ. «Сорлы, жетімек» деп бастап, аяғы «тумайтын, тұл бедеумен» бітеді. Атам да – мазасыз адам, барға да, жоққа да сөйлей береді. Миды ашытып, жағаласады да жүреді. «Жарайды, ата» деп айтқан сын-мін, дөрекі сөзіне мән бермеуге, күліп жүруге барынша тырысамын. Әйтеуір аман болсын. Қанша ренжісем де, өлімге қимаймын. Құдай бетін әрі қылсын.

Ал күйеуім менен екі жас үлкен. Оны қатты жақсы көремін. Айтқанын екі етпеймін. Бірақ үйдегі берекесіздік оған да әсер етіп жатқан сияқты. Сәл нәрсеге ашуланып, айғай шығаратын болды. Оған бала тауып беретін әйел керек шығар мүмкін. Мен кетсем, орнымды басатын сондай әйел келетін болар. Осыны ойлағаныммен, күйеуіме айтып, ақылдасуға дәтім бармай жүр. «Төркініме барсам, қайсысының үйіне сиямын?» деп тағы тартыншақтаймын. Не істесем болар екен?»