Тұрмысқа шықпай тұрып болашақ енесіне несие алып берген...
29 жастағы Ақнұрдың (есімі өз өтінішімен өзгертілді) дәл қазір үш несиесі бар. Қайда жұмыс істейтінін жасырған келіншек өз басындағы оқиғасын басқаларға сабақ болсын деп ERNUR.KZ редакциясына хабарласты.
Оның айтуынша, тұрмысқа шықпай тұрып болашақ енесіне несие әперген. Тойын жасау үшін жалғызбасты енесінің өтінішін жерге тастай алмаған екен.
- Ол анамның бұрыннан араласатын құрбысы. Өзі жалғызбасты болған соң біздің отбасы оларға көп көмектесетін. Күйеуімнің әкесі мұнан оншақты жыл бұрын қайтыс болып кеткен. Екі ұлы бар. Мен үлкеніне тұрмысқа шығып, енемнің қолында қалдым. Бірақ бүгінде бөлек шығып кеткім келеді. Егер қайным әлі үйленбегенде осы уақытқа дейін кетіп те қалар едім, - дейді Ақнұр.
Қазір бір басындағы үш несиенің барлығын да енесі алғызған. Бірін біреуден алған қарызын жабу үшін алса, екіншісін сіңлісінің тойына барар кезде алдыртыпты. Ал үшіншісін екінші ұлының тойын жасарда алған.
- Несие алған соң оны уақытымен төлеп, ешқандай мәселе туындатпаса менің ашуланып нем бар? Телефоным банктердің қоңырауынан босамайтын болды. Бірде жалақы алатын картамды да жауып тастады сол қарыз үшін. Сосын амалсыз өзім жүгіріп жүріп төлеп, аштырып алдым. Тағы бірде жұмысыма қоңырау соғып абыройымды айрандай төкті. Сол үшін күйеуіммен де ренжістім... Ондайда «мені баққыларың келмей қалды ма? Әкелерің болғанда сендердің қолдарыңа қаратпас еді... Асырап-баққанымның рақметі осы болды ма?» деп жылай бастайды. Мынадай сүйектен өтер сөзден соң ұлы қалай шыдасын? Амал жоқ, өзіміз төлейміз...
Ақнұр несие алуға қарсы болған да екен соңында. Бірақ анасына өтініш айтып жүріп, қайта алдыртқан. Күйеуім де қарсы болып еді, «енді зейнетақымнан төлеймін» деп уәде берген соң келіскен. Бірақ бұрынғы жағдай тағы қайталаныпты.
- Зейнетақысын қайда жіберетінін білмейміз. Қайным келінмен бірге жағдайлары жақсы, жалақылары да жоғары, енемізден сұрайтындай емес. Одан басқа көмектесем дейтіндей перзенті жоқ. Біздің де өз жалақымыз жетеді. Бірақ неге қарыз боп қала беретінін түсінбеймін?! Мүмкін, бізге айтпай кездесіп жүрген біреуі бар ма екен?! Бір алаяққа тап болып, соның уысына түсіп қалды ма деп уайымдаймын, - дейді Ақнұр.
Келіншек күйеуіне екі баласымен бөлек тұрғысы келетінін, енесінің несиесін төлеуден шаршағанын айтқан, бірақ «анамды тастап кетсем маған сын» деген ол қарсы болыпты.
- Оның да жүйкесіне салмақ түсіп жүр анасының әрекеті үшін. Уайымдайды, оны сезген соң мен де үндемеймін. Бірақ қашанғы оның қарызын төлей беремін? Осы күні банктен хабарлама келгеннен өзім төлеп қойып, сосын енемнен ұят болса да ақшамды сұрап алатын болып жүрмін. Әже болып немерелеріне бірдеңе әпермек түгілі өзіне жетпей жүреді. Мен де балаларыма қажеттісін алып беруім керек, үйдің азық-түлігі мен барыс-келісім бар емес пе?! Біздің де болашаққа құрған жоспарымыз бар. Екі бөлмелі пәтерде қашанғы отырамыз?! Үлкейтсек, кең үй алсақ дейміз біз де... Бірақ алақанымызға ақша түскенде енемнің бір қарызы шығады да тұрады, - деп аяқтады сөзін ол.
иллюстрациялық суреттер ашық дереккөзден алындыОсындай отбасылық кикілжің енді күйеуі екеуінің арасын бұза ма деп қорқады ол. Сүйіп қосылған күйеуінің анасын да сыйлайтынын, бірақ бұлай жалғаса берсе өзінің де жүйкесі сыр беріп, ауыр сөз айтып қойғысы келмейді. Ал енесінің ұлы мен келінінің бақытын ойламайтынына ренжиді іштей...
Тағы оқыңыз:
Елордалық бойжеткенді таксист болғаны үшін жігіті тастап кеткен
«Үш миллион төлесін»: Шымкенттік келіншек әпкесіне бала туып бергісі келеді