«Біздің айлығымызды қаладағы ұлы мен Астанадағы қызына арттырып жібереді»
иллюстрациялық сурет ашық дереккөзден алынды
«Ене мен келін арасындағы мәселе мені де айналып өтпеді. Тұрмыс құрғаныма 13 жылдан астам уақыт өтсе де ара-тұра енемнің қабақ шытып, маған тырысып-бүрісіп қалатын әдеті бар. Көбіне үндемеймін, баласымен бақытты боп, өсіп-өніп отырғаныма шүкір деп қоя салам. Бірақ соңғы көрсеткені жаныма қатты батты», - дейді Нұрила есімді әйел.
Қара шаңырақта, ата-ененің қызметінде жүрген келіннің айтары көп екен. ERNUR.KZ тілшісіне ағынан жарылып, баяндап берді.
«Біздің үйдің бастығы – енем. Атамыздың аты бар, өзі жуас, әйелінің айтқанымен жүріп, айдауымен тұрып үйреніп қалған. Жас күнінде әжептеуір қызметте істеген, бірақ бертін келе басылып қалған-ау, «Жақсыгүл біледі, содан сұраңдар» деп әйеліне сілтеп қойып отыра береді.
Енем үш қыз, екі ұл тапқан. Бәрін үйлендіріп, ұзатып қойды. Менен үлкен абысыным екеуміз төрт жыл бір шаңырақта өмір сүріп, менің екі балам дүниеге келгенде еншілерін алып кетті.
Айтайын дегенім, енем келін боп түскен алғашқы күннен-ақ «Ертең сені де жұмысқа кіргізіп қоям, бірақ айлығыңды тиынына дейін санап, маған өткізесің. Бұл – біздің үйдің бұлжымайтын заңы» деп сөзді қысқа қайырды. «Қалай сонда?» деп аузым ашылған күйі қалып кеткем.
Кейін байқап қарасам, атамызға дейін пенсиясын енеміздің қолына әкеп салады екен. Қайынағам да, абысыным да сөйтеді. «Бұл дұрыс емес қой» деп бір-екі мәрте абысыныма шағымданып, бұрқылдап едім, «ойбай, бұны күйеуіңнің, ата-ененің көзінше айтушы болма, үндемей көне сал, арты жаман болады» деп әңгімені қысқа қайырды.
Жұмысқа барамыз, кешке келген соң бітпейтін үйдің тірлігі, кір жуу, ертеңгі тамаққа дайындық, мектептің шаруасы да шаш-етектен, түннің жарымына дейін дәптер тексеріп, қағаз «кеміріп» отырасың. Сөйте тұра алған айлығыңды түгел ененің қолына салып бергеніме наразы болдым. Бірақ, амал жоқ, алған күні енемнің қолына ұстатып жүрдім.
Арада екі жылдай уақыт өткенде енем үлкен баласымен қалаға барып, аралап, таңдап жүріп екі бөлмелі пәтер сатып алды. Сөйтіп оны қайынағамыздың атына жаздырып қойды. «Міне, береке! Ауызбіршіліктің арқасы, осыны мен жинамағанда ала алмас едік» деп лепіріп сөйлеп, келген-кеткен кісілердің бәріне мақтанышпен айтып отырды. Мына жақта жібі түзу халат кие алмай, қалаған затымды ала алмай жүргенде айлығымды жинап, абысыныма там сатып әпергеніне жыным келді. Мейлі, еншілерін алып кетсе болды деп үндемедім.
Бірақ енемнің үлкен баласы дегенде шығарға жаны бөлек екен. Әлі күнге дейін біздің айлығымызды жинап алып, солардың үйін кеңейтуге, ішін ремонттауға, дүниеге толтыруға тырысып жүр. Ақшаны ақшалай тасиды. Апта сайын он литрлеп айран-сүт, құрт-май арттырып жібергенде, таң атпай сиыр сауып, оны пісіріп, қайнатып, дайындаған есіл еңбегіме ызам келеді. Міне, бесінші жылға аяқ басты, әлі сол еншісін әлдеқашан алып кеткен қайынағамыз бен Астанаға тұрмысқа шыққан қайынсіңліміздің тамағына тапқанымызды құйып отырмыз. "Енді Астанадағы қызға бір пәтер әперсек" деп армандап отыр. Оның ата-енесі, күйеуі бар ғой, неге солар жағдайын жасамайды?!
Осыдан екі апта бұрын етігім жыртылып, киюге жарамсыз боп қалды. Ауыл арасында жаяу көп жүреміз, мектепке жеткенше аяғым малмандай су болды. «Етігім жыртылып қалып еді, әбіржіп кеттім» деп жанымдағы мұғалімге жағдайымды айтып едім, «Мен де етік алу үшін қалаға бара жатырмын, бір дүкенде акция боп жатыр екен, екі аяқ киім алсаң, үшіншісі тегін. Жүрсей, екеуміз алсақ арзан түседі» деп қоймады. «Ойбуй, менің ақшам жоқ оған, айлық алғанда бармасам» деп едім, «Жүр, мен бере тұрайын, айлықтан қайтарасың» деп көндірді. Баратынымды күйеуіме ескертіп, мектептен ары қарай қалаға тартып кеткем.
Сондағысы ешқайда бұрылмай, дүкеннен етікті алып, үйге тіке қайттым, ары кетсе 1,5 сағатқа кешіктім-ау. Үйге келсем енем түнеріп отыр екен. Кіргеннен бақырды. «Етігім жыртылып, жұмыстағы апай айлықтан қараса тұрған соң акциямен етік алып келдім» деп жағдайды жаймен түсіндіріп жатсап көнетін емес, «Мен саған алуға рұқсат бердім бе? Неге сен менен сұранбай кетесің?!» деп үйдің ішін топалаң етті. «Мама, менен сұранған» деп күйеуім сөзімді сөйлеп еді, «Өздерің болып-толып қалыпсыңдар ғой, мен әшейін жүрген көлеңке екенмін сендерге, ендеше, өз өмірлеріңді өздерің сүріңдер,білгіш екенсіңдер, көрейік» деп бізді үйден қуып шықты.
Он үш жылдан бері үлкен шаңырақтың тазалығын сақтауға келген қонағын күліп қарсы алып, ас-суын әзірлеуге барымды салып, сіңісіп кету үшін қолымнан келгеннің бәрін істеп жүрген маған бір етік үшін осыншама әңгіме айтып, «бөлек тұрыңдар» деп қуып шыққаны жаныма қатты батады. Енемнің бетіне келген кезім жоқ еді, осы жолы ішімдегінің бәрін айтып алдым. «Сенің көксегенің ақша екен ғой, осы үйді сатсам да айлығыңды қайтарып берем» деп тағы мені кінәлі етіп шығарды.
Айтсам, ел мені абысынымен күндесіп отыр дейтін шығар. Бірақ осы уаққа дейін мен көйлек алам, сырт киім алам десем енемнің қабағы ашылмай, «ауырып» қалады. Ал оларға бір дүние керек болса, ақша да, басқа да табыла кетеді. «Ауыл арасы ғой, не киім керек» деп тырысып, әрдеңені бір сылтауратып, араға күйеуімді салып жүріп керегімді әрең алам.
Шынымды айтайын, осы уаққа дейін түркиялық киімдерді киіп көрмеппін. 10-15 мыңның арзанқор көйлегін алғаныма мәзбін. Әйтпесе айлығым 300 мыңға жетіп жығылады. Балаларымның жәрдемақысы, жөргекпұлы, бәрі енемнің қолында.
«Ел-жұрттан ұят болады, жүр, мамамнан кешірім сұрайық» деп күйеуім миымды жеп бітті. Жиырма мың теңгенің етігі үшін жер-жебіріме жеткен адамнан не үшін кешірім сұрауым керек? Мен кеткен жоқпын, өзі қуып шықты емес пе? Төрелігін сіздер айтыңыздаршы. Кімдікі дұрыс, кімдікі бұрыс осы жағдайда?»