«Айдан айға «анау жетпейді, мынау жетпейді» деп қиналып отырғаны».
иллюстрациялық сурет: ашық дереккөзден
«Анам өмір бойы «гәп»-тен қалмайды. Осы «гәп» дегенді кім ойлап тапқан екен, құрғыр?! Өзінің зейнетақысы 80 мың теңге. Оның 30 мыңын гәпке береді де, қымбатшылық қысқан заманда айдан айға «анау жетпейді, мынау жетпейді» деп қиналып отырғаны. Әйтпесе, 70-тің желкесіне шыққан ақ самайлы кемпір ғой. Сонша жасқа келсе де алды-артын ойламайтынына таңым бар», - дейді жаңақорғандық Жәния есімді бойжеткен.
Жәния – 4 қыз, 1 ұлдың ішіндегі үйінің кенжесі. Әкесі осыдан 10 жыл бұрын бақилық болыпты. Жар дегенде жалғыз ағасы да 30-дан асар-аспас өмірден өтіп кетіпті. Анасы сол жалғыз ұлдың жесірі мен соңында қалған үш тұяғымен бірге тұрады екен. Өрімдей қыз өзінің өмірлік қиындықтары туралы
ERNUR.KZ тілшісіне әңгімелеп берді.
«Әкем мен ағам қайтыс болған соң анам мен жеңгемнің тұрмыстық жағдайы, тіпті, қиындай түсті. Үйде ер азаматтың тапқанындай береке болмайды екен ғой. Жеңгем үйге жақын жердегі бір балабақшада жұмыс істейді. Балабақша тәрбиешілерінің жалақысы қайбір мандысын?!. Ал анамның зейнетақысы жоғарыда айтқандай. Оның жартысына жуығын гәбіне береді де, «жетпейді» деп жыламсырап отырады. Содан мен айтамын: «Мама, гәпті жиыстырып қоя салыңызшы. Одан да сол ақшаны мына үйдің кем-кетігіне жұмсасаңыздаршы! Дәрі-дәрмегіңізді, көйлек-көншегіңізді алыңыз. Гәптен мүйіз шыға ма? Неғыласыз оны?» деп. Бірақ, шешем бірбеткей, айтса, айтқанынан қайтпайтын адам», - дейді Жәния.
Сондағысы 4 кемпірмен ай сайын басқосу ғой мақсаты. Жарайды, азаннан кешке дейін үйде отырып, зерігетін шығар. Қатарластарымен шүйіркелесіп әңгімелескісі келетін болар. Оның да шешімі бар ғой. Дастархан басында бас қос та, ақшаға отырмай-ақ қой. Мен де, әпкелерім де қанша шырылдасақ та, анамның тыңдайтын түрі жоқ.
Өзім студентпін. Сабақтан тыс уақытта қосымша жұмыс істеп ақша табамын. Күнкөрістің қамы ғой. Өзімнен артылғанын қарашаңырақтағы анам мен жеңгеме әкеліп беремін. Ал бұлардың істеп отырғаны мынау. Енесі зейнетақысын гәпке жұмсаса, келіні туған күн, той-томалақтан босамайды. Иә, той-қуаныштың көп болғанына не жетсін?! Бірақ, адам көрпесіне қарай көсілмей ме екен?!
Әкем марқұм жоқтан бар жасайтын, алды-артын алдын ала болжайтын алтын адам еді. Қазір ойлап қарасам, үйдегі береке әкеммен бірге кеткендей. Мен ғой, кететін қызбын. Үйдегі ағамнан қалған құлыншақтарға жаным ашиды. Әжесі мен шешесінің бітпейтін қыдырысынан балалығы жетіспеушілікпен өтетініне қарным ашады. Тағдырдың басқа салғанына көнбеске шара жоқ.
Жо-жоқ, мен анамды жек көрмеймін. Тек сондай ымыраға келмейтін қасиетіне жыным келеді. Қандай болса да ол мені дүниеге алып келіп, өмір сыйлады. Дегенмен, анам мен жеңгемді осы күйінде қабылдауға тырысып жүрмін. Соңғы кездері көптеген психологиялық кітаптарды ақтардым. Ғаламтордан коучтардың ақысыз тренингтерін, видеоларын тыңдап, «Анаңды қалай бар, солай қабылда, оны сен туған жоқсың, ол сені туды» дегенін ұғынып жатқандаймын.
Өз басым өмірімдегі осындай жағдайлардан сабақ алып, келешекте қателікке жол бергім келмейді. Мен де тұрмыс құрармын. Бірақ, күнделікті тіршілікке жетпей жатса, бала-шағамның аузынан жырып гәп ойнамаймын деп шешім қабылдап қойдым. Құдай әйелдерге ынсап берсе екен!.."