​«Құдалыққа ақша қоспады, оған сыйлық бермеңдер!»: шымкенттік әйел туған інісіне ренішін жайып салды

0
2 326

«Қызыма тоңазытқыш сыйлағанын міндетсініп отыр»


​«Құдалыққа ақша қоспады, оған сыйлық бермеңдер!»: шымкенттік әйел туған інісіне ренішін жайып салды
иллюстрациялық сурет ашық дереккөзден алынды


"Бір анадан ала да, құла да туады деген рас екен. Кішкентай кезде бауырдың онша-мұнша әңгімесі, тірлігі білінбейді, есейе келе, жасың келе ең жақын адамың ауыр сөйлеп қойса, көңіліңді қалдырса, ең жаманы сол. Қарнымның ашқанына емес, қадірімнің қашқанына қапалымын, қарағым», - дейді Қызболған есімді шымкенттік әйел.


Қызболған ханымның туған інісі таяуда ұлын үйлендіріп, өткізген тойдың соңы бауырлардың ренішімен аяқталған. Оқиғаның мән-жайын Қызболған ERNUR.KZ тілшісіне әңгімелеп берді.


«Жасым алпыстан асып қалды. Бір кісідей тағдырдың барлық ауыртпашылығын көрген адаммын. Десе де алдыма келген қиындықты қасқая қарсы алып, өз мәселемді өзім шешуге әбден төселгенмін. Одан жаман болған жоқпын, бірақ.


Отыз үш жасымда екі қызыммен жалғыз қалдым. Күйеуім басқаға үйленіп, кетіп қалды. Сонда да сол ошақтың түтінін түтетіп, үмітімді үзбей отыра бердім. Орнымда басқа біреу болса төркініне кетіп қалушы еді. Мен олай етпедім, екі қызымды жетілдіру үшін істемегенім қалмады. «Қайтып барғанда кімге жағамын, әке-шешем жоқ, келіндерім жақтырар дейсің бе?» деп ойладым.


Сөйтіп жүргенде әупірімдеп екі қыз бойжетіп, оларды ұзатып салдым. Шүкір, қазір екеуі де үйлі-жайлы, балаларын өсіріп отыр. Екі жылдан бері зейнеткермін. Жүз мыңның шамасында зейнетақы аламын. Мына заманда ол ақшаға өмір сүру оңай емес екен. Бір өзім болсам да дәрі-дәрмегімді аламын, баратын жерім, келетін адамым бар дегендей, айдан-айға әрең жеткіземін, шынын айтқанда.


Осыдан екі ай бұрын екі айдың зейнетақысын жинап, қыздарым көмектесіп, төркініме барып, әке-шешемнің, қаза болған бауырларымның аруағына Құран бағыштап қайттым. Содан екі апта бұрын кіші інім ұлын үйлендіріп, құдалығына барып келгенбіз. Құдайы тамақта інім «Бір аптадан соң құдалық өткізейін деп жатырмыз» деп қалды. «Құдалыққа барғандар жиырма мыңнан жинап берсін, құдалардың киіті бар, тамағы бар, өзіміз жасаймыз» деп келін де ойын айтты. Қалған әпке-сіңлілерім бұл ұсынысты қолдады. Бірақ мен ашылып ештеңе дей алмадым. Себебі бар ақшама ас беріп отырған жоқпын ба? Зейнетақының уақыты емес, құдалыққа ақшаны қайдан табам деп уайымдап қалдым.


«Қырсыққанда қымыран іриді» дегендей, дәл сол уақта құдалар да той істеп, жан-жақты шығын көбейіп кеткені. Сіңліме «Мен Бауыржанның құдалығына ақша бере алмай тұрмын. Тойдың тығыны ашылып кетті ғой, пенсиямды жаратып қойдым. Өздерің ептей берерсіңдер, алда үлкен тойы бар ғой, соған апарармын» деп айтқам.


Құдалық күні сөмкемді жасап, інімнің үйіне жол тарттым. Барсам құдалар жағы келіп қалған екен. Келінім мен бауырым дастарханды аямай жасапты. Бәріміз қонақты күтісіп, әнімізді айтып отырғанбыз. Бір уақта бас құдағи «қоржын ашайық» деп ұсыныс білдірді. Тойдың сәні сол емес пе, бәріміз кең бөлмені жағалай жайғасып, құдалардың сый-сияпатын көрмекке кіріскенбіз. Бұл кезде келін алып отырған інім ішіп, кішкене қызып қалған-тұғын.


Құдағи «Мынау сөмке құданың бауырларына, құдашаларға арналады» деп бізге әкелген сый-сияпатын тапсырғалы жатқан. Анау шетте тұрған інім жүгіріп келіп, «Қызболғанның сыйлығын бермеңдер, ол құдалыққа ақша қосқан жоқ» деп көпшіліктің көзінше бар даусымен айқайлап жіберсін. Бетімнен отым шықты. Жердің тесігі болса кіріп кетуге дайын едім, тосыннан болған жағдайға не айтарымды білмей сасып қалдым.

Келінім «Баука, қойшы, есің дұрыс па? Әпшем берді ғой, оның не?» деп жатыр. Оған тоқтайтын бауырым жоқ, «әкел бері маған» деп өршеленіп кетсін. Орнымнан тұрдым да, даланың қараңғылығына қарамастан көшеге шығып жүре бердім. Артымнан інімнің баласы көлігімен келіпті, «әпке, үйге жүріңізші, ашуыңызды басыңызшы, папам мас қой» деп жалынады. Артқа қайтпайтынымды білген соң қалаға жеткізіп тастады.


Ертеңіне інім телефон соғып тұр. Кешірім сұрау деген ойына кірмейді. «Мас болсам да есімді білемін, айтпайын десем әйелім табалап миымды шірітіп бітті. "Менің төркін жағым құдалықтың жартысын көтеріп жатыр, сен жақтан әпкең мен жеңгең тегін ішіп-жеп қайтты, ертең қалай ұялмай киіт алады" деп намысыма тиіп отыр. Маған келгенде ақшаларың таусылып қалады екен де. Мен сенің кіші қызың күйеуге тигенде тоңазытқыш әпергем, сен менің құдалығыма Құдайдың жиырма мыңын бере алмадың» деп қатындарша менімен салғыласып тұр.


«Бері қара, менің бір қызыма тоңазытқыш әперген екенсің, рахмет. Бірақ сен сол кезде құдалыққа барып киіт киіп, қатының қызды апарып салғанда алтын тағып қайтпап па еді? Менің бүкіл ауылға ас бергелі отырғанымды білдің, неменеге жағаласып құдалығыңды белгілеп тастадың? Сосын, саған есеп керек болса айтайын, осы балаңа сүндет той жасағанда тиынымды тиынға қосып тұрып байсыз әйел болсам да тайымды алып, тоғызымды жасап келгенмін. Менің екі қызыма тойана әкелсең, мен сенің бес балаңа бердім ғой. Қызың күйеуге тигенде кілемін әпердім, кішісіне алтын тақтым. Ұятың жоқ екен сенің! Басқа емес, сенің маған бұлай сөйлеуге қақың жоқ! Өз күнімді өзім көріп, саған салмақ салмай отырғаныма рахмет айт. Жиырма мың үшін ат құйрығын кесем десең онда өзің біл!» дедім де, тұтқаны қоя салдым. Қайтып хабарласқан жоқ.


Содан бері менен маза кетті. Бауырым екеуміздің арамыздағы оқиғаны ойлай беріп басым қатты. Кімдікі дұрыс, кімдікі бұрыс? Төрелігін айтыңыздаршы...»