​«Ішкиімдеріне дейін жуып беремін»: түркістандық келіншек қайынәпкесінің озбырлығын жайып салды

0
630

«Кешкі тамағын істеп, машинамен апарып береміз»


​«Ішкиімдеріне дейін жуып беремін»: түркістандық келіншек қайынәпкесінің озбырлығын жайып салды
иллюстрациялық сурет ашық дереккөзлен алынды


«Басымдағы проблеманы төркініме, анама айтсам «Шыда, үндеме, үндемеген үйдей бәледен құтылады» деп менің аузымды жабуға тырысады. Бірақ қашанғы үндемей, шыдап, көніп жүре беруге болады? Кейде мен күйеуіме емес, қайын әпкеме тұрмысқа шыққан сияқтымын», - дейді Шынар есімді келіншек.


Екі баланың анасы отбасылық өміріндегі кейбір қиындықтарды ERNUR.KZ тілшісіне әңгімелеп берді.


«Мамам маған «жетісіп жүрген ешкім жоқ, бәрінің басында әйтеуір бір проблема бар. Олардікінің қасында сенің қайын әпкеңнің мәселесі түк емес» деп айтып, сол нәрсені миыма сіңіріп тастаған. Кейде қайынәпкемнің тірлігіне «қоя берші» деп қараймын. Ал кейде ызам келіп, жарылуға шақ қаламын. Соңғы кездері өзімді күйеуіме емес, қайын әпкеме тұрмысқа шыққандай сезініп жүрмін.


Күйеуім отбасының кенже ұлы. Алдында бауыры мен жалғыз әпкесі бар. Сол қайын әпкем жақында түбіме жететін секілді. Тұрмыс құрғаныма он жыл болса да әлі күнге дейін жаңа түскен келін сияқты қайын әпкемнің алдында құрдай жорғалаймын.



Олай етпейін десем, күйеуімнен қаймығамын. Мені қанша сүйсе де, анасы мен әпкесінің сөзінен шыға алмайды. «Жадыра менің жалғыз қызым. Мен тірі тұрғанда әпкелеріңді аналарыңдай сыйлайсыңдар» деп енем мен келін боп түскенде айтып қойған. Соны күйеуім есіне жақсы сақтап қалыпты. Бірдеңе дейін десең «Осы жұмысқа сол әпкемнің арқасында тұрғанмын» деп жақсылығын айтып, маған ұрысып шыға келеді.


Әпкем сол ауылдың жігітіне тұрмысқа шыққан. Жағдайлары жақсы. Жеке кәсіптері бар, соларды басқарып отыр. Көшеде көп жүреді, сол себепті ары-бері өткен сайын үйге келіп, шешесінің жағдайын біліп кетеді. Жағдайын біліп кете салса мейлі ғой, күнде «бүгін әпкеміз не тапсырма берер екен» деп уайымдап өлетін болдым.


Қайын ағам мен абысыным үйлене сала жұмыс бабымен басқа қалаға көшіп кеткен. Сол себепті абысыным мен көрген қорлықты көрген емес. Енем де, әпкем де сол үлкен келінді мақтағанда ауыздарының суы құрып кетеді. Ал қолда тұратын келін қашанда жаман, «ауылдағының аузы сасық» дегендей ғой.


Қайын әпкем мен жездемің шаруадан қолдары босамайды. Сондықтан ол үйдің қызметшісі де, бала күтушісі де менмін. Күнде болмаса да күнара таңғы асқа біздің үйге келеді. Құры келмей, үйіндегі бүкіл кір киімді жинап, маған әкеп тастайды. «Мынаны кір машинаға салуға уақыт жоқ. Салған соң жуып біткенін күте алмаймын. Осыларды жуып, кешке дейін кептіріп, үтіктеп тасташы» дейді. Басында үш-төрт мәрте үндемей, «жарайды» деп алып қалғам. Содан бері кенедей жабысып алған. Кейде пакет толы киімдерінің арасынан күйеуі екеуінің ішкиімдері қосыла шығады.


Бір жолы екі баламның киімдері азғантай болып, далада қолмен жуып отырғам. Әпкеміз үйге ашуланып келді. Күйеуім жұмысында бірдеңені дұрыс істемей, жездесінен сөз естіген екен. «Неге мені ұялттың» деп күйеуіммен айқайласып қалды. Сосын сыртқа шығып, бір пакет киімді әкеп мен жаққа қарай лақтырып жіберіп «Мынаны жуып қой» деп зіркілдеді. «Балалардың киімін шайып тастайын, сосын кірісем» дедім. «Ей, сен не деп міңгірлеп тұрсың, маған тіл қайтарайын дедің бе» деп отырған жеріме жетіп келіп, бетімнен бір ұрып жіберсе бола ма? Не болғанын түсініп үлгермей қалдым. «Әпке, мен жумаймын деген жоқпын ғой, не болды сонша» деп тағы сөйледім. Сөйткенше болған жоқ қайын әпкем айқайлап «Мама, балаң да, келінің де құтырыпты. Бұларға тіл бітейін деген екен» деп бізді жамандап, үйді басына көтерді. Онсыз да ашуланып тұрған күйеуім бүкіл запыранын маған төгіп, қол жұмсады. Енемнің сөйлегені өз алдына бір жыр. «Байыңа жұмыс беріп отырған қызымды, жалғыз әпкеңді сыйлай алмайсың» деп миымды жеп қойды.


«Мама, бүгін келініңді үйге жібер, жан-жақтың бәрі қоқысып кетті, іші-сыртын тазалап берсін» деп бұйрық береді. Ондайда енемде «отказ» жоқ, үйдің бар шаруасын ысырып қойып әпкемнің үйін жинаймын. Болды-ау дегенде телефон соғып «ет асып, қамырын жайып кет» деген бұйрық келеді. Қонақ күтсе де мен сол үйдің қызметіндемін. Әйтпесе күйеуінің бауырлары, келіндері бар ғой. Оларды жұмсамайды. Дайынға келіп, ішіп-жеп кетеді.


Басқа, жай күндері «Бүгін не тамақ істеп жатырсың, көбірек пісір, Дулат машинасымен бізге де әкеп тастасын» деп бұйырады. Соңғы күндері «бүгін палау басшы, манты істе» деп жегілері келген тамаққа тапсырыс беретін болған. Бір таңғалатыным, жездеміз де «сен әйелімсің ғой, өз қолыңмен үйге тамақ істесейші» деп айтпайды екен. Анда-санда бір жілік ет әперіп қоятыны бар. Соны міндет қылып, төбемізді ойып жіберердей боп жүреді.


Күйеуім де, енем де қызға қарсы сөз айта алмайды. Ақ дегені алғыс, қара дегені қарғыс боп тұр. Он жылда сол әйелден көрмегенім жоқ. Шаршадым. Екі үйдің отымен кіріп, күлімен шықсам да абыройлы бола алмадым. Бәлкім олар мені «сөзін сөйлейтін әкесі жоқ, ағасы жоқ» деп басынатын шығар. Мамам да «құрысын, мен сияқты «ажырасып келген» деген атақты алма! Тірліктен өлмейсің» деп айта береді.


Соңғы кездері «Әпке-жездеміз бұдан да қатты байып кетіп, қалаға көшіп кетсе екен» деп тілеп жүрмін. Түсінбейтінім, сонша дүниесі бола тұра үйлеріне бір қызметші алмайтыны. Әлде мені қинап, кемсітіп, маған бұйрық беріп жұмсағаннан ләззат ала ма? Соншалықты не жазып қойдым екен?...»