Шымкентте Ауғанстан тауарларының көрмесі ресми түрде ашылды

0
67

Қазақстан Ауғанстанды Оңтүстік және Орталық Азия өңіріндегі маңызды әрі ажырамас серіктес ретінде қарастырады.


Шымкентте Ауғанстан тауарларының көрмесі ресми түрде ашылды

Бүгін Шымкент қаласында «Қазақстан-Ауған бизнес форумы» аясында Премьер-министрдің орынбасары-Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғариннің қатысуымен Ауғанстан тауарлары көрмесінің ресми ашылу рәсімі өтті.

Көрменің ашылу салтанатында сөз сөйлеген министр өз сөзінде форум қатысушыларына ізгі тілегін жеткізді.

«Ауғанстанның жоғары басшылығына біздің шақыруымызды қабыл алып, Қазақстан-Ауғанстан бизнес форумына Үкімет пен бизнес өкілдерінің қатысуына қолдау көрсеткені үшін ризашылығымды білдіремін. Ауған халқына бейбітшілік пен өркендеу тілеймін. Ауғанстанның дәстүрлі өнімдері ұсынылған көрмені жоғары деңгейде ұйымдастырғандарыңыз үшін ерекше алғыс білдіремін. Көрмеде кондитерлік өнімдер, шырындар, алкогольсіз сусындар, көкөніс пен жеміс-жидектер, асыл тастар, зергерлік бұйымдар, қолөнер туындылары, былғары және кілем өнімдері, құрылыс материалдары және басқа да тауарлар ұсынылған», деді ол.
Биыл көрменің ауқымы айтарлықтай кеңейіп отыр. Шымкент қаласына ауған бизнес қауымдастығының шамамен 180 өкілі келді. Бұл екі ел кәсіпкерлерінің сауда байланыстарын дамыту мен өзара ынтымақтастықты нығайтуға деген жоғары қызығушылығын көрсетеді.
Қазақстан Ауғанстанды Оңтүстік және Орталық Азия өңіріндегі маңызды әрі ажырамас серіктес ретінде қарастырады. Әлемдік экономикалық дағдарыстарға қарамастан Қазақстан мен Ауғанстан арасындағы сауда-экономикалық ынтымақтастық қарқынды дамып келе жатыр.
Сондай-ақ еліміз өз өнімдерін ауған нарығына ілгерілетіп қана қоймай, ауған тауарларының біздің нарыққа шығуына да қолдау көрсетіп келеді екен. Осылай деген министр мұның айқын дәлелі Шымкент қаласында төрт күн бойы өтетін осы көрме. «Біз Ауғанстанмен қалыптасқан сауда-экономикалық, көлік-логистикалық және энергетикалық байланыстарды сақтау мен одан әрі нығайтуға мүдделіміз. Қазақстан Ауғанстанды тұрақты және гүлденген, көршілес елдермен бейбіт қатынаста болатын мемлекет ретінде көргісі келеді. Көрмеде сіздерге сәттілік пен жемісті жұмыс тілеймін», деді министр.
Бөлісу