​«Қайнап тұрған сорпаға күйдірген»: алматылық бойжеткен әкесінің озбырлығын айтып берді

0
1 554

«Оның өгей әкем екенін өлген соң білдім»


​«Қайнап тұрған сорпаға күйдірген»: алматылық бойжеткен әкесінің озбырлығын айтып берді
иллюстрациялық сурет ашық дереккөзден алынды


«Балалық шағым кісі қызығарлықтай боп өткен жоқ. Әлі күнге дейін өткен әкемді еске алғанда аяқ-қолым мұздап кетеді. Риясыз, пәк көңілмен оның менің туған әкем екеніне сеніп өскем ғой. Өмірден өткенде ғана өгей екенін білдім», - деді Азиза есімді бойжеткен.


Әбден психологиялық қысым көріп, басынан таяқ арылмай өскен оқырманымыз ERNUR.KZ арқылы көпшілікке өз ақыл-кеңесін айтқысы келіпті.


«Әкеміз бір мекемеде бас есепші боп қызмет етті. Сөйте тұра ішімдікке құмар еді. Ауданға тексеру келсе дереу анама зіркілдеп, дастархан жайғызып асты-үстіне түсіп күтетін. Ондай кезде әкемді адам танымай қалады, күліп, әзілдің түр-түрін ағытып, ерекше жадырап кететін.


Ал қонақ кеткеннен қабағы қатуланып, дастарханнан дәм ауыз тигізбей, ұрысып, жекіп шыға келетін. «Сен неге анаған күліп қарадың» деп анамды ұрып, теуіп, дастарханын жинап алуға шамасын келтірмейтін. Үйдің үлкені мен ғой, араша түсем деп таяқтың астында қалушы едім.


Үйдегі шаруалардың бәрін жайғап болған соң төрт бауырыммен «әкеміз ішіп келмесе екен» деп тілеп отыратын едік. Оларға да қол көтеретін, бірақ маған келгенде қара жыны шығатын. Түнімен үйде «концерт» қоятын әкем азанда түк болмағандай жұмысына кететін. «Мама, кетіп қалайықшы, нағашы ағамның үйіне барып тұрайықшы» деп жылағаным есімде. «Жасы келе қояды, олардың үйіне қашанғы қонақ боламыз, өз үйімізге жетпейді. Әйтеуір тамақтарың бар, киімдерің бүтін ғой» деп анам мені сабырға шақыратын.


Бір жолы мамам ауруханаға жатып қалды да, үйдегі балаларға өзім бас-көз боп қалдым. Үшеуінің сабағын оқытып, сиырды сауып келем дегенше кеш түсіп қалған, дереу етті қуырып, сорпа істей салдым. Бір уақта ішіп алған әкем кіріп келді.

«Тамағың әлі піспеген бе?» деп сөйледі. Енді қайнап шыққан ет қайдан пісе қойсын, «жарты сағатта дайын болады» дегенім сол еді, қайнап тұрған қазанды лақтырып жіберді. Санымнан төмен қарай ыстық сорпа төгіліп, етім сүйегіме жабыса күйді. Қалай ауырғанын айтпай-ақ қояйын, үш бауырым жаны қалмай шырқырап жылап жатыр, үлкен ініме «көрші апайды тез шақырып кел» деп жүгірттім. Көршіміз келіп әкемді қарғап-сілеп мені ауруханаға алып кетті.


Қазір оң аяғым түгелімен тыртық боп қалған. Қысқа көйлек, шолақ шалбар кие алмаймын. Соның кесірінен күйеуге де тимей жүрмін, аяғымның тыртығын көрген екі жігіт ат ізін салмай, қашып кеткен. Содан кейін менің де жүрегім шайлығып қалды.


Осыдан кейін әкемді мүлде жек көріп кеттім. Атымды атап шақырса қырсығып, бармай қоятынмын. Осы қырсықтығым үшін де талай мәрте таяқ жедім. Әкемізден көрген теперішіміз бұл ғана емес. Қақаған қыста далаға қуып шығып, көршінің үйіне қонып шыққан кездеріміз де көп. «Сорлылар-ай, қайтейін, пешенелеріңде бар екен, адамға тойып қалған болды ғой бұл» деп көрші апай ас-суымызды беріп, үйіне талай мәрте паналатты.


Арада жылдар өтті. Әкеме деген жеккөрушілікті жоя алғам жоқ бірақ. Анамның әкемнен көрген қорлығы мұнымен тоқтамаған екен. Аядай ғана аудан орталығында тұрамыз. Көп өтпей-ақ әкемнің орталыққа жаман аты шыққан бір әйелмен жүргіншілік жасап жүргенін естідік. Жаман әңгіме тез тарайды емес пе? Аузы сүйреңдеген әйелдерге жақсы өсек табылды. Басқа басқа, жаман аты алысқа кеткен сол оңбаған әйелді өзіне тең көрген әкемді одан бетер жек көріп кеттім.


Үйге қонбай қалатын кездері көбейген еді. Ол күндері анам жастыққа жасын шылап түнімен жылап шығады. Таңертең біздерге білдірмейін деп түк болмағандай күлгенсігенімен бәрін сеземіз ғой. «Сол әйеліне құрып, біздің үйге келмей-ақ қойса екен, қарасын батырсын» деп тілейтінмін.


Сөйтіп жүрген күндердің бірінде әкеміздің әлгі көңілдесімен бірге соның үйінде газға уланып, қайтыс болғанын естідік. Анам қатты жылады, ал мен жүрегім селт еткен жоқ. «Өзіне де сол керек, сауап болған екен, ит өлім бұйырды» дедім көпшіліктің көзінше. Жаназаға жиналғандар шулап, күбір-сыбыр әңгіме боп кетті. «Өз қызы болмаған соң жүрегі ауырмайды екен ғой» деп қасындағы адамға сыбырлап жатқан бір жақынымыздың сөзін естіп қалдым.


Адам аяғы басылған соң анамды оңаша шақырып, «менің әкем кім» деп сұрақты төтесінен қойдым. «Сенің әкең өмірден өтіп кеткен. Ол қайтыс болғанда сен жеті айлық сәби едің, сосын осы әкең айттырып келіп, соған тигенмін» деп жылады. Сонда осы уаққа дейін әкем деп келген адам маған өгейлік көрсеткен боп тұр ғой. Басқа балаларына да суық еді, бірақ маған келгенде кейде себепсіз тілдеп, жұдырығын ала жүгіруші еді.


Сонда менің жазығым не? Туылмай жатып әкемнен айырылып, жетім боп осы кісінің үйін паналағаныма мен кінәлімін бе? Не жаздым оған, бір аяғымды күйдіріп, жарымжан етердей не істеп қойдым? Осы сұрақтар әлі күнге дейін маған маза берер емес.


Құрметті ер-азаматтар, балалы әйелді жар етіп алған соң, соның үдесінен шығып, еріп келген баланы шеттетпеңіздерші. Сәбидің мұндайда не жазығы бар? Уақыт өтеді, сіздің де бойыңыздан күш кетеді, қартаясыз, сонда жаныңызға жалау болатын адам бәлкім сол еріп келген бала болар, осы жағын да бір сәт ойланып қою керек».