​«Қайынағам «қосылайық» дейді»: жесір келіншек ата-енесінің де осыны қалап отырғанын айтады

0
3 089

«Ал абысынымның мені атарға оғы жоқ, ауылда сыпсың сөз көбейді»


​«Қайынағам «қосылайық» дейді»: жесір келіншек ата-енесінің де осыны қалап отырғанын айтады
иллюстрациялық сурет интернеттен алынды


«Көресіңді көрмей көрге кірмейсің» деген емес пе? Тағдырдың пешенеңе өлшеп берген өмірінде неше түрлі жағдайға тап боласың, соларды дұрыс шеше білсең ғана адамша өмір сүргенің. Ал мен қазір тағдырдың тарамыс жолдарының қайсысын таңдауды білмей, шақшадай басым шарадай болып жүрмін», - дейді Айғаным есімді келіншек.


Айғанымның айутынша, бір жыл бұрын жолдасы қайтыс болыпты. Жесір келіншекке енді қайынағасы қырындап жүрген көрінеді. Отбасындағы жағдайды Айғаным ERNUR.KZ тілшісіне айтып берді.


«Мен бастауыш сыныптың мұғалімімін. Оқуды бітірген соң бір жыл мұғалім болып істедім де, кейін тұрмысқа шығып, бала күтімімен үйде отырып қалдым. Жолдасым Мұраттың табысы жақсы еді, «балаларға жақсылап тәрбие беріп, өсіріп алайық, ал мен сендерді өзім асыраймын» деп отыратын. Обалы не керек, айтқан уәдесінде тұрды. Біз ештеңеден таршылық көрмедік. Ата-енеммен бірге тұрамыз, берекелі шаңырақ едік.


Біздің бақытымызға тіл тиді ме, көз тиді ме, әйтеуір ойламаған жерден Мұратым көлігімен апатқа ұшырап, екі күн ауруханада жатты да, қайтыс болды. Екі баламды құшақтап, қайғыдан қан жұтып қала бердім. Кішкентайым әлі үшке толған жоқ. Ендігі өмірім не болмақ деп ауыр ой құшағында жүрсем, мен үшін әлдекімдер сырттай шешім шығарып, бәрін кесіп-пішіп қойған сияқты.


Мұратымның қырқын өткізген соң, бір күні енем сөзге тартты. «Балам, әлі жассың, тұрмысқа шығам деген ойың жоқ па? Егер ондай ойың болса, жасырмай айт» деді. Мен әзірше ондай ойым жоқ екенін айттым.

Арада екі айдай уақыт өткенде енем тағы да тұрмысқа шығу туралы сөз қозғады. «Баламның отын сөндірмей, осы отауда қалғаныңды қалаймыз. Басқаға тұрмысқа шықсаң балалар да жат болып кетеді. Әмеңгерлік салтымен қайынағаңа қосылсаң қайтеді» дегенде, ішіп отырған шайыма шашалып қалдым.


Мұраттың екі әпкесі және өзінен үш жас үлкен ағасы бар. Әпкесінің бірі Шымкентте, екіншісі Ақтауда тұрады. Ал ағасы ауыл шетінен үй салып алған. Абысынымның мінеші шәлкестеу, енем жақтырмай, әуелден қам жасап, үлкен ұлға үй салып берген екен. Мен келін болып түскен соң бір айдан кейін еншісін беріп жіберген.


Жамандағаным емес, абысынымның адамға деген жұғымы жоқ. Мен келін болып түскен соң да дұрыс араласқан емес. Қонақ келіп, көмекке шақырсаң, келмейді. Келе қалса, дайынға келеді де, асын ішіп бола сала үйіне кетіп қалады. Кейде қайынағамды да ерте кететін. Мұрат қайтыс болған соң қайынағам ата-анасына «біз қолдарыңызға көшіп келейік» деген. Бірақ енем оған үзілді-кесілді қарсы болды.


Енемнің «әмеңгерлікпен қайынағаңа қосыл» деген әңгімесінен кейін қайынағам біздің үйге жиі келетін болды. Үнемі балаларға бірдеңе ала келеді. Алғашында «бауырының балалары болған соң солай істеп жүрген болар» деп ойлағам. Алайда мәселе мен ойлағаннан күрделі екен. Сөйтсем, қайынағамның маған көңілі ауып жүр екен. Шамасы балалар арқылы маған жақындаспақшы ғой.


Бір күні үйде жалғыз отырғам, қайынағам келді. Түскі астың уақыты болған соң, дастархан жайып, бірге ас іштік. Дастархан басында қайынағам әмеңгерлік жайлы сөз қозғады. «Балаларды жетім етпеудің жалғыз жолы осы. Екеуміз бір болайық, сені жылатпауға уәде беремін» деп төпелете бастады. Ондай әңгімені күтпегем. Сасқанымнан не дерімді білмей қалдым да, үндемей қоя салдым.


Сол күннен бері қайынағам келуін жиілетті. Шамасы үндемегенімді келісім деп қабылдаса керек. Оңаша қалсақ, бітті, «қосылайық» деп құлақ етімді жеп бітті. Ауылда өсек жатсын ба, бұл әңгіме абысынымның құлағына жетіп, ол үйінде қырғын жанжал шығарған көрінеді.


Бұл әңгімеге нүкте қою керек деп ойладым да, сәтін тауып қайынағаммен ашық сөйлесуге бел будым. Бір күні сондай сәт туды. Атам мен енем бір үйге қонаққа кеткен кезде тағы да қайынағам келді. Ол кісіден әмеңгерлік туралы әңгімені ойынан шығаруын сұрадым. «Құр ойдың жетегінде жүріп, шаңырағығызды шайқалтып алмаңыз. Әйеліңіз бен төрт балаңыздың өмірін ойлаңыз. Абысын екеуміздің арамыз онсыз да жақсы емес. Мына жағдайдан кейін бет көріспей кетуіміз мүмкін. Бекерге екі оттың ортасында қаласыз» деп шығарып салғам. Үн-түнсіз шығып кеткен.


Содан кейін қайынағам оншақты күн үйге келмеді. Онысын түсінді деп ойлап, көңілім жайлана бастаған. Бірақ мен қателесіппін. Бір күні кеш қарая бастағанда қайынағам сап ете қалды. Ата-енем ағайындардың ауызашарына кеткен. Келе сала «Мен абысыныңа бәрін айттым. Көнбей, тулап жатыр. Туламаса одан әрі. Саған үйленем. Сен болмасаң, мына әке-шешемнің күні не болмақ? Қатынның мұнда көшіп келіп, кемпір-шалға қарамайтыны белгілі. Балалар да жат болмасын. Әлде де ойланып, жауабыңды айтарсың» деп отырып алды.


Болған жағдайды енеме жасырмай айтып ем, «Абысының келіспесе кетпен таудан асып кетсін. Қазақтың салтына қарсы шығардай әулие ме екен!» деп біраз ашуланды. «Апа-ау, мен ешқайда кетпеймін, әмеңгерлік деп неге қадалып қалдыңыздар» деп жылап қалып едім, «е, міне, бұның енді жөн екен» деп жатып қалды. Сөйтсем енем де менің «кетпеймін» дегенімді келісім деп ұққан екен.


Арада апта өтті. Атам мен енем бір кісінің асына кеткен. Балаларға түскі тамағын беріп ұйықтатып, жалғыз өзім шай ішіп отырғам. Қайынағам келді. Үйде ешкім жоқ екеніне көз жеткізген соң, есікті іштен кілттеп келіпті. Келе сала маған бас салды.

«Сені жақсы көрем, сенсіз өмірімді елестете алмаймын» деп қарсыласқаныма қарамай сүйе бастады. Бір жағынан қорқыныш, бір жағынан ыза, бір жағынан қорлық буындырып, тұншыға бастадым. Айғайлаймын дегеніме де қарайтын емес. Әлім құрып, есімнен танып барам. Қарсыласуға шамам келер емес. Менің сол күйімді қарсыласпайды деп ойлады ма, шешіндіре бастады. Айғайласам даусым шықпайды. Бәрі бітті деп ойладым. Құдай қағып, бір кезде жан ұшыра, құлындай шыңғырған дауысым үйді басына көтерді. Менің дауысыма оянған үлкен ұлым мамалап, жүгіріп шықты. Менің даусымнан сескенді ме, баладан сескенді ме, әйтеуір қайынағам жалма-жан орнынан тұрып, үйден шығып кетті.


Мына жағдайдан кейін анама телефон соғып, «төркініме кетсем қалай болады» деп көргем. «Екі баламен қайда сыясың, сені енді кім алады. Сабыр ет, әлі-ақ екі балаң есейіп, қатарға қосылып кетесің» деп жұбатты. Ол кісіге қайынағамның жасаған қорлығын айта алмадым.


Қайынағам үнемі әке-шешесі жоқ кезде жетіп келеді. Соған қарағанда ата-енем де үйде болған жағдайдан хабардар-ау. Ал абысынымның мені атарға оғы жоқ. Көршілер де мені көрсе артымнан сыпсыңдап жатқанын байқаймын. Жүйкем тозып барады. Жесірдің күні құрысын. Мұндайды дұшпаныма да тілемес едім. Бірақ басыма түскен соң бір таңдауды жасауға тура келіп тұр. Қайтсем екен? Не істейін, жөн сілтей аласыздар ма?»

ТАҒЫ ОҚЫҢЫЗ:

«Келінім үш миллион теңгеге «отырғызып» кетті»: шымкенттік әйел құдаларының несиесін төлеп жүр


«Алдымен інісі, кейін өгей әкем зорлады»: бойжеткен кәмелетке толмаған кезіндегі басынан өткен сұмдық жағдайдың бетін ашты


«Құрбым күйеуін «прокатқа» берді»: түркістандық әйел отбасындағы ерекше жағдайды жайып салды