«Полицейлер істі «суицид» деп жаба салмақшы болды»
суреттер кәмелетке толмаған қыздың жеңгесінің рұқсатымен салынды
23-ақпан күні түнде Түркістан қаласындағы «RIXOS TURKESTAN» қонақүйінде қайғылы жағдай орын алды. 17 жастағы Ф. есімді бойжеткен 6-қабаттан құлап, абырой болғанда аман қалды. Бірақ жағдайы өте ауыр. Жансақтау бөлімінде жатыр. Кәмелетке толмаған қыздың туыстары бұл алдын-ала ойластырылған, ұйымдасқан топтың жасаған қылмысы деп отыр.
ERNUR.KZ тілшісі ауруханада жатқан қыздың туған жеңгесімен байланысқа шығып, болған жағдайды сұрап білді. Жеңгесі былайша баяндап берді:
«Ф. біздің үйдің кенжесі. Әке-шешесі ерте қайтыс болып кеткен, өзінен үлкен үш бауыры бар. Осы уақытқа дейін Алматыдағы әпкесінің қолында тұрып, сонда тәрбиеленген. Тоғызыншы сыныпты бітірген соң колледжге оқуға түсемін деп мектептен құжаттарын алған, бірақ онда түсе алмай қалды. Өзінің мінезі тұйық, менің баламмен жасты, артық қылығын осы уақытқа дейін байқаған емеспіз.
Оқиға болатын күні әпкесіне айтпай Алматыдан Шымкентке барыпты. Сонда 19 жастағы Б. деген құрбысы тұрады екен. Сол ватсабына жазып, өзі шақырыпты. Келгесін құрбысы «Түркістанға қыдырып қайтайық, жүр» деп ертіп кеткен. Сонда барғанда «Хочешь заработать, сағатына 70 мың төлейді, екі сағатта 140 мың табасың» деп қыздың басын айналдырған. Шамасы, ол қыз сондай тірлікпен айналысып жүрген әккі адам болса керек. Өзі клиентті тауып, «Риксос» қонақүйінен нөмір жалдап беріпті.
Тапсырыс беруші жігіт 1996 жылы туған Б. деген адам екен. Кейін, қаулымен танысқанда білдік қой оны. Сол жігіт бөлмеге кіріп, қайынсіңлімнің каспи голдына 140 мың теңге аударыпты. Ол оны дереу құрбысына жіберген. Бірақ қайынсіңлім әлгі жігітпен төсектес болудан айнып қалыпты, қатты қобалжыған-ау. «Етеккірім келіп жатыр, сізбен бола алмаймын» депті. Әрине, мұндай жағдайда жігіт ақшасын талап етеді. Қайынсіңлім құрбысына звондап, ақшаны қайтаруын сұраса, құрбысы «жұмысыңды аяқта, ақша жоқ» депті. Араларында біраз айқай-шу, жанжал болған сыңайлы. Ақырында әлгі жігіт қайынсіңлімді бөлмеге қалдырып, өзі шығып кеткен.
Ф. ауруханада жатыр, енді есін жинап, бар білгенін ақырындап айтып жатыр ғой. Содан түсінгеніміз, арада бір сағаттай өткенде бөлмеге үш әйел кіріп келіпті. Келген де кәмелкетке толмаған қызды ұрып-соға бастаған ғой. «Олар кім, не үшін келгенін білмеймін» дейді қыз. Әбден ұрып, сосын балконға қамап қойған. Қолындағы телефонын тартып алған. Соңынан балконнан қызды итеріп, құлатып жіберген.
Қонақүйдің қызметкерлері дереу жедел жәрдем шақырып, оқиға орнына қалалық полиция басқармасының адамдары келіп, бұл жағдай бойынша қылмыстық іс қозғаған.
Бір күйінетініміз, бөлмеге кіріп, қайынсіңлімді соққыға жығып, итеріп құлатқан үш әйелдің аты-жөндері, кім екендері мүлдем аталмай отыр. Қонақүйдің камерасында олардың бет-бейнелері анық көрініп тұр. Кіргені, шыққаны, бәрі бар. Бірақ іске оларды тіркемеген. Қызға тапсырыс берген жігіттен жауап алыныпты. Онда жігіт «Мен қызбен әлеуметтік желі арқылы таныстым. Өзара келісім болған соң, қонақүйден бөлме жалдап, кәмелет жасқа толмағанын білген соң шығып кеттім» депті. Яғни арадағы Б. деген құрбысын да, кейінгі үш әйелді де көрсетпеген.
Полиция Қылмыстық Кодекстің 105-бабы, 3-бөлігі бойынша іс қозғаған. Яғни суицид деп баға беріп отыр. Ал қыздың жағдайына қарасаң,олай емес. Шашы әбден жұлынған, ойылып-ойылып қалған. Бет-аузы көгерген. Дәрігерлер жағдайы ауыр деп баға берді, бас сүйегі екі жерінен, омыртқасы, жамбас сүйегі, аяғы, тобығы, бәрі сынған. Әлі қанша жатары, тәуір болары да, болмасы да белгісіз.
Айтпақшы, әлгі үш әйел «қыз мас болып, өз-өзін балконнан тастап жіберді» депті. Бірақ қайынсіңлімнің қан сараптамасына сүйенсек, ешқандай алкоголь табылмаған. Осыншалықты жағдай бола тұра басқа да препараттарға неге тексермегенін түсінбей тұрмын. Қызға есірткі тәрізді таблетка ма, бірдеңе берген болуы мүмкін. Әйтпесе ол ондай ұсынысқа келісіп, мұншалықты дәрежеге түспес еді.
Біз күні кешеге дейін бұл істі егжей-тегжейлі қарауын сұрап прокуратураға да арыз жаздық. Алайда ешқандай нәтиже көрмедік. «Істі қайта қарап, барлық мән-жайды ашып көрсетуін сұраймыз» деп прокурорға арыз тастағанымызда кезекші прокурор көзімізше тергеушіге хабарласып, «Сенің үстіңнен арыз жазылып жатыр» деп хабарлады. Яғни бұл жерде бір сыбайластық бар ғой.
Полицейлердің салғырт қарағаны сондай, күні кешеге дейін түк бітірмей келді. Тек «Немолчи.kz» ұйымына жазып, олар әлеуметтік желілерге салған соң «тірілейін» деді. Бүгін министрліктен кәмелетке толмаған балалар ісі жөніндегі комитеттің басшысы хабарласып, істі өз бақылауына алатынын жеткізді. Телеарналардан журналистер хабарласып жатыр. Енді қозғау болып, іс өз дәрежесінде тергеледі деген сеніміміз пайда болды. Сіздерге де көп рахмет, қымыздың тағдырына алаңдап, хабар алып отырсыздар. Әділдік орнайды деген үміттеміз».
P.S. Кәмелетке толмаған қызды жыныстық қатынасқа мәжбүрлеп көндіру, оны ұрып-соғу, тіпті өлімге итермелеу ауыр қылмыс боп саналады. Сондықтан таяу арада істің ақ-қарасы анықталып, кінәлі адамдар өз жазасын алады деген ойдамыз. Бұл іс алдағы уақытта ERNUR.KZ тілшілерінің бақылауында болады.