​«Қарияның пәтерін тартып алған»: шымкенттік азамат байлыққа құныққан досының тірлігін жайып салды

0
909

«Байғұс кейуана есінен адасқан күйі өмірден өтті»


​«Қарияның пәтерін тартып алған»: шымкенттік азамат байлыққа құныққан досының тірлігін жайып салды
иллюстрациялық сурет ашық дереккөзден алынды


«Ақша, дүние – көзің жауы. Ақылыңды нәпсің жеңсе, дүние жолында бәрін құрбан етіп жіберу түк емес екен. Мен бүгін сіздерге өз басымнан өткен жағдайды айтып берсем деймін. Кім біледі, бәлкім бұл біреулерге сабақ болар», - дейді Батырбек есімді оқырман.


Шымкенттік азаматтың айтуынша, кәсіптес досы орны толмас қателікке жол беріпті. Жағдайды ERNUR.KZ тілшісіне әңгімелеп берді.


«Нұрлан деген досым екеуміз студент күнімізбен пәтерден-пәтерге көшіп жүріп, пәтерді саудаласуды жақсы үйреніп алғанбыз. Тіпті кейін курстастарымызға да жалдамалы пәтер тауып бере бастадық. Кейін бұл нәрсе біздің негізгі кәсібімізге айналып кетті. Оқуымызды бітіріп, қолымызға дипломымызды алсақ та өз мамандығымыз бойынша жұмыс істемедік. Кәсібіміз жүріп, күнделікті қомақты ақша түсіп тұрған соң айлыққа жалданып жұмыс істеуге құлқымыз болмады.


Ол кезде қазіргідей әлеуметтік желі жоқ қой, жарнамаларды қағазға шығарып көпқабатты үйлердің есігіне жапсырып шығатынбыз. Клиенттерді де солай тапбушы едік. Жұмыс әжептеуір ауыр, сондықтан Нұрлан екеуміз екі бөлінбей, бірлесе жұмыс істеп, тапқан табысты теңдей бөлісуге келістік.


Сөйтіп жүрген күндердің бірінде бір кәсіпкер әйелге оңбай алдандық. Ол кезде жаспыз, «Тез арада клиент тауып берсеңдер 1 емес, 2 пайызын берем» деп уәде еткен. Клиентін тауып, келісім-шартын жасасып болғасын көк тиын бермей, қасындағы нөкерлерімен қорқытып шықты. «Тірі қалғандарыңа қуаныңдар, енді мені мазалайтын болсаңдар мына қалада жүре алмай қаласыңдар» деп қорқытты. Апталап клиент іздеп, оған үйдің мақтауын келтіріп, табанымыздан тозғанымызды ойлап Нұрлан екеуміздің ызамыз келді. Сол кезде «Қандай жағдай болса да алаяқтықпен айналыспаймыз, біреудің ақысын жемейік, барына қанағат етіп өмір сүрейікші» дедім досыма. Ол да келісіп, екеуміз жігітше қол алысқанбыз. Бірақ Нұрлан уәдесінде тұрмады.


Үйлендік, балалы-шағалы болдық. Таңертеңнен кешке дейін біргеміз, кейде клиенттер көбейіп кетсе екіге бөлініп жұмыс істейміз, бірақ тапқан табыс теңдей бөлінеді. Осы жүйемен жұмыс істеп жүрген күндердің бірінде маған Гүлсім деген апа хабарласты. Жалғызілікті әйел екен, «балам құмар ойындарына кіріп, біреулердің қолынан қаза тапқан. Енді біреулер қарызын даулап, маған тыныштық бермей жатыр. Мына екі бөлмелі пәтерді сатып, үстінен жонсам деп едім. Маған арзандау бір бөлмелі пәтер тауып, мынаны сатуға көмектесіңдерші» деді кейуана. Даусынан қобалжып, үйін қимай тұрғаны сезілді.


Ертеңіне Нұрлан досты ертіп Гүлсім апаның үйіне бардық. Жұпыны тұратын кісі екен, қасыма жігіт ертіп барғаныма тіксініп, қорқып кетті. «Апа, бұл менің әріптесім, еш уайымдамаңыз» деп таныстырдым. Сөйтіп тұрғанда телефоным шырылдап, екінші бір клиенттің тапсырысы түсті. Мен соған баратын болдым да, Гүлсім апаның шаруасына Нұрланды қалдырдым. «Мына жігіт сенімді адам, беймарал бірлесіп үйді сата беріңіз, сіздің ақшаңызға лайық пәтерді де тауып береді» деп қоштасып кеткем.


Арада екі аптадай өткенде Нұрланнан Гүлсім апаның шаруасын сұрадым. «Ой, ол кісі тайынсыз біреу екен. Пәтерін сатпайтын болып қалды. Бекерге клиент тауып шаршағаным қалды. Басқа қалада туыстары бар екен, сол жаққа кетіп қалам» деп мені қайтарып жіберді» деп жағдайды түсіндірген. Мен оның сөзіне имандай сендім. «Жап-жақсы кісі еді ғой, бізді неге әуреге салды екен» деп іштей ойланып қалғаным рас.


Осы жағдайдан кейін Нұрлан екеуміздің достығымыз ажырас бастағандай көрінді. «Менің бүгін мазам болмай тұр, клиенттерге өзің бара берші» деп хабарласады. Үйіне іздеп барсам бетіме тіке қарамайды. Бір күні «мен өз мамандығым бойынша жұмыс істеймін деп шештім. Ары қарай өзің жалғастыра берші» деп шешімін айтты. Біреуді қинап жұмыс істете алмайсың, амалсыз шаруаны өзім дөңгелетіп әкеттім.


Арада бір жылдай уақыт өтті-ау, клиенттің үйінен қайтып бара жатқан жолдан қолына ала сөмке арқалап алған бір қайыршы қарияны көзім шалды. Жүзі таныс, қайдан көрдім деп ойланып өтіп кеттім. Ертеңіне әлгі үйден шыққанда жаңағы кісі тағы кездесті. Пісте сатып отырған қарияның қасында отыр екен. Өзі ешкіммен шаруасы жоқ, бір нүктеге тесілген күйі отыра береді. Сосын жанындағы қариядан «Мына кісі ауыра ма, не болған?» деп сұрадым.


«Е, несін сұрайсың, екі жыл бұрын бұл бейбақты біреулер алдап, пәтерін тартып алған. Сатып, баласының қарызын жабам деп жүргенде пәтер сатумен айналысатын бір жігіт құжаттарына алдап қол қойдырып алыпты. Содан бері далада қалды. Қатты күйзелістен есінен ауысып, көршілері жындыханаға жатқызған еді, ол жақтағылар «адамдарға қауіп төндірмейді» деп шығарып жіберіпті. Содан бері көшеде сенделіп жүреді. Үйі де осы маңда еді, Құдайдан қорықпағыр біреу обалына қалды осылай» дегенде Гүлсім апа екені есіме түсті. Қарияның сөздерін соңына дейін тыңдай алмадым, ауа жетпей, жүрегім атқақтап көлігіме әрең міндім.


Бойымды ыза кернеген күйі Нұрланның үйіне жетіп бардым. Көпқабатты пәтерде тұратын, ауласында су жаңа көлігін жуып жүрген екен. Бара сала жағасына жармастым. Әйелі терезесіннен бажылдап «полиция шақырам» деп айқайлап жатыр. Жұдырығыммен жағына оңдырмай соққы бердім. «Не үшін» деп сұрамады. Іші сезіп тұрған болар. «Байғұс әйелді жынды етіп, тапқан ақшаңа алған көлігің осы ма? Құдай бала-шағаңның алдына келтірсін!» дегеннен басқа сөз айтпадым.


Ашуымды баса алмаған күйі көлігімді құйындата айдап, ауылдан бір-ақ шықтым. Бар жағдайды мамама баяндап бердім. Қиналғанда ақыл қосарым, жол сілтерім анам ғой, «Нұрланның жасағаны иттік болған екен. Сен де дер кезінде соңынан тексеріп, байғұс кемпірдің жағдайын сұрастырмаған екенсін. Обалын көтердіңдер ғой. Енді не болады, үйсіз-күйсіз қалай өмір сүреді?» деп ренішін білдірді. Артынша ашуы тарқады білем, «Ешкімге зияны тимесе біздің үйге әкел, қасымда жүреді де, бір тостақ тамақты тауып берерміз» деп ақыл айтты.


Гүлсім апаға апта сайын барып тұрдым, анама не алсам оған да қоса алушы едім. Сөйлемейтін, бірақ балаша риза болып қалатын. Ешкімге зиянын тигізбеді, күншуақта бір нүктеге қарап отыратын да қоятын. Дертін емдету үшін талай дәрігерге бардым. «Жазылмайды, оның үстіне жасы да келіп қалған» деп шығарып салды. Алты жыл өмір сүріпті, арулап жер қойнына тапсырдық.


Білмеймін, Құдайдың алдында менің күнәм жеңілдеді ме, жоқ па, досым алданып қалған қарияны қолымнан келгенше күтіп-бақтым. Ал Нұрлан досым қант диабетіне шалдығып, қатты қиналды. Аяғының башпайын, одан кейін тобығынан, сосын тізесінен кестіріп, ақыры сол аурумен қиналып қайтыс болды. Ал күні кеше тұңыш баласының есінен адасып, өз-өзіне қол жұмсағанын естідім.


Бұл дүниеде Құдайдың есебі күшті, біреудің ақысын біреуге жегізіп қоя салмайды. Өзіңе болмаса жақыныңа залалы тиеді. Сондықтан лажы болса кісінің ақысын жемей өмір сүрейікші».