​«Қазір базарда жүрмес едім»: Шымкенттік келіншек ағасына жол бергеніне өкінеді

0
3 085

Қазір бауырларының ешбірі іздемейтінін айтады.


​«Қазір базарда жүрмес едім»: Шымкенттік келіншек ағасына жол бергеніне өкінеді

Қыз баласы қашанда отбасына, туған-туыс бауырларына ерекше мейірімді болады деген жиі айтылады. Ал ERNUR.KZ тілшісіне өз басынан өткенін баяндап берген келіншек соның мүлде дұрыс емес екенін айтады.

«Әке-шешенің жағдайын көп ойлаймыз да, өзімізді құрбандыққа қиып жібереміз. Осынымыз дұрыс емес. Мысалы, мен бір кездері отбасымдағы қиын кезеңді ойлап өз болашағымнан бас тарттым. Соныма әлі күнге өкінемін», - дейді ол жиырма бес жыл бұрынғы оқиғасын еске ала отырып.

Бүгінде 4 баланың анасы отбасын асырау үшін базарда сауда сауда жасайтынын да жасырмады.

Бір үйдің жалғыз қызымын десем ешкім сенбейді. Үш бірдей ағам, бір інім бар. Қазір сол бауырларымның бірі де жағдайымды сұрамайтын күйге жеткен. Күйеуім қайтыс болғалы мына өмірде сол марқұм күйеуіме және балаларыма ғана керек екенімді ұқтым. Ал бір кездері болашағымды алдарына жығып беріп, өзімді құрбан еткен бауырларым көмек бермек тұрмақ, іздемейді де, - деп күйінеді ол.


Жиырма бес жыл бұрын ағасы үйленуі үшін ол оқуға түсіп тұрып, ата-анасы ақшасын төлеуден қиналатын болғандықтан бас тартқан екен.

- Ол кезде үлкен ағам 21 жаста болатын. Әскерге алынбады, оқуға түсе алмаған. Әр жұмыстың басын бір шалып жүріп аяқ астынан үйленетінін айтты. Ата-анам дайындықсыз, тоқырау жылдардан енді шыққан кез. Әкем жұмыссыз, ауылда пеш жөндеп, үй соғатындарға көмекші болып қана табыс табатын. Ал анам базарда көкөніс сатушы еді. Кіші екі ағам да 9-сыныптан кейін оқымай анама көмектесетін. Артық ақша, мал жоқ. Тек қара басымызды ғана асырап жүрген отбасылардың бірі едік.

Ағам үйленбесем болмайды деп тамақ ішпей жатып алды. Сол жылы мен мектепті бітірдім. Мұғалім боламын деген арманыммен Шымкенттегі институтқа құжатымды өткізіп, емтихан тапсырғанмын. Бюджеттік білім алуға ілікпесем де, ақылы бөлімге түстім. Жылына төлейтін соманы әке-шешем «бірдеңе етіп табармыз, ең болмаса сен оқы» деп қолдау көрсеткен. Бірақ ағам үйленем деп қиғылық салған соң әке-шешем не істерін білмей қалды.

Өзі жұмыс істеп, теңгенің басын құрастыра білмеген ағама алдымен әкем ұрысқан. Бірақ тыңдаған жоқ, үйден кетіп қалды. Анам күнде жылайды. Оқу басталғанша мәселе шешілмеді, менің оқуыма төлейтін ақшадан басқа ештеңе жоқ, оны айтқанмен тыңдайтын аға жоқ. Ішім жылап тұрса да оқудан бас тарттым. Өйткені, әке-шешемнің пұшайман хәлін көргім келмеді. Есесіне «келін жұмсайды ғой» деп жұбатқам өзімді. Бірақ анамның ол ниеті де орындалмады.

Ағам үйленгенде жеңгемнің аяғы ауыр еді. Үйге келгеннен ешбір шаруаға ебі жоғы байқалып, жұмыс істеймін деген тілегім да жайына қалды. Бір үйдің шаруасы мойныма артылып, үйде тағы бір жыл отырдым. Босанған соң онсыз да болбыр жеңгем мүлде бөлмесінен шығуды қойды. Ағам да жұмыстың жоқтығын айтып баласы мен келіншегінің жанынан шықпайды. Әке-шешем бұрын 5 бала асыраса, енді оған тағы екеу қосылды. Жылдан жылға қартайып бара жатқанына, өмір бойы дым көрмей тек тыраштанумен жүргендеріне қарап іштей жылаймын.

Базарға мен де шықтым. Анама көмектескім келді. Себебі, екі ағам да бірінен соң бірі әскерге кетті. Енді отбасын асырау әке-шешем мен маған түсті. Сөйтіп жүргенде өмірден әкем кетті. Үйдің шатырын жабуға көмектесіп жүріп биіктен құлап кетіпті. Масыл ұлы мен оның отбасын асыраймын деп жүріп марқұм болды қайран әкем. Анама ауыр тиіп науқастанып қалды. Бірақ тұрмыстағы жоқшылық қойсын ба, әкемнің қазасынан екі ай өткенде қайта тіршілігін жалғастырды.

«Сен оқып алсаң болар еді» деп есіне түскен сайын айтады. Бірақ күндік азын-аулақ тапқанымыз ас-суымыздан, аға-жеңгенің керегінен артылмайды. Анам екеуміз тұрмыстың қамытын мықтап кидік. Ағам менің болашағыма кедергі болдым ғой деп ойламады, керісінше, керегіне ақша болмаса анама қатты сөйлеп, үйге қарап отырғанын, бала-шағасына қарағанын міндет етіп шыға келеді. Ол ашуланғаннан анам да үндемей қалады. Бәріміз ығына жығылған соң жеңгем де бізді адам құрлы көрмей, екі баласын алып бөлмесінен шықпайды.

Үйдегі жағдайды сезген әскердегі екі ағам да сонда қызметте қалды. Бірі әскери, енді бірі Алматыда сауда жасап өз жолдарын тапты. Анама айтып жүріп інімді оқуға түсірдік. Білімі жақсы еді, дәрігерлікті таңдап Қарағандыға оқуға түсіп кеткеніне қуандық. Ол да өз жолын тауып, енді жеңілдедік пе дегенде ағам мен жеңгем «Шымкентке көшеміз» деп пәтер жалдап кетіп қалды. Ешбір ақылдаспай, анасының батасын алмай, бір күнде көшіп кеткенде анама қатты ауыр тиді. Екеуміз ғана қаңыраған ескі үйде қалдық.

Сөйтіп жүріп мен тұрмысқа шықтым. Анамды жалғыз қалдырғым келмеп еді, ол жігіт те базарда істейтін болған соң алысқа ұзамайтыныма сеніп табалдырық аттадым. Жиі науқастанып қала беретін анама қарайтын бір ұлы шықпады, өз қолыма алуға тура келді. Қолымда дүниеден өтті. Маңдайыма жазылған тағдырым сонша ауыр екен, төрт перзент сүйген соң күйеуім де жалғыз тастап ол кетті о дүниеге...

Қазір жалғызбын. Балаларым өсір келеді, шүкір. Бірақ жаным жалғыз. 4 бауырым төрт жақта. Араласпайды, орталарында өскен жалғыз қызымыз еді деп іздемейді. Әрбірінің отбасы бар. Әйтеуір, әке-шешемнің қайтқан күніне арнап ас бергенде әупірімдеп шақырып аламын. Келін-жеңгелер тіпті салттан да ада. Жақын жердегі үлкен ағамның өзі іздеген емес. Балаларымыз бір-бірін танымайды. Ана дүниеде әке-шешем зар илеп жүрген шығар, басы бірікпейтін перзенттерін көріп...

Ағамның сондайын көргенде кезінде оқуымды тастап оған жол бергенім үшін қатты өкінемін. Егер оқығанымда қазір мен базарда, күннің астында қақталып отырмас едім. Білім алып, ақзір бір мектепте мұғалім боп абыроймен атқарып жүрер едім ғой?!, - деп өкінішпен аяқтады әңгімесін ол.

«Ешқашан төркін деп, бауырларым деп қыз баласы өзін құрбан етпеуі керек. Қайта қызды сыйласын үйдің ұлдары... Қит етсе жүгіре жөнелеміз. Ұлды әке-шеше мен әпке-қарындасты сыйлауға үйретуіміз керек» деп санайды шымкенттік әйел.

иллюстрациялық суреттер: ашық дереккөзден алынды


ТАҒЫ ОҚЫҢЫЗ:


«Келінімнен бөлек тұрғым келеді»: Алматылық ана өз үйінен шығып кеткісі келіп жүр


«Ажырасу үшін үйленіпті»: шымкенттік келіншек күйінішімен бөлісті