"Келіншегін беташарда бір-ақ көрген": түркістандық әйел құрбысының басынан өткен жағдайды әңгімелеп берді

0
475

«Жігітке ұнаған қызды көліктен итеріп түсіріп кетті»


иллюстрациялық сурет ашық дереккөзден алынды


«Баяғы біздің заманда» деп әріге бармай-ақ қояйын. Осыдан 25-30 жылдай бұрын құда түсіп, сырға салып барып үйлену деген жоқ еді. Отырыста, той-томалақта ұнатып қалған қызды басып алып қашып кете беретін. Және солардың көбі тәп-тәуір отбасы болып, жарасымын тауып кетуші еді. Бүгін мен сіздерге сондай бір қызық оқиғаны айтып бергелі отырмын», - деп хат жазыпты ERNUR.KZ редакциясына Гүлсанат есімді әйел.


Түркістан облысының тұрғыны құрбысының басынан өткен жағдайды әңгімелеп беруді жөн көрген екен. Жолдаған жазбасын қаз-қалпында назарларыңызға ұсынып отырмыз.


«Осыдан тұп-тура отыз жыл бұрын, біздің жалындап тұрған жастық шағымыз еді. Ол кездерде кімнің ағасы үйленеді, кімнің ағасы әскерден келеді, сол сыныптасымызға жуғызып, өзімізге отырыс жасатушы едік. Отырыс дейтіндей, қайбір отырыс дейсің. Аста-төк дастархан да жоқ, банкаға жабылған салаттарды салып-салып қоя салатын. Кәмпит пен бауырсақты шашып жіберіп жайғаса кетуші едік. Отырыстың ең қызығы би, ақ тер, көк тер боп билеп қайтқанымызға риза болушы едік. Ол да бір дәурен екен, шіркін...


Сондай отырыстардың бірінде көрші ауылдан төрт жігіт келді. Олармен танысып, биледік. Келесі отырысқа әлгілер тағы келіпті. Ішке кіріп, біздің сыныптас жігіттермен арқа-жарқа отырып, әндетті. Солардың ішінен бір жігіт Ақтоты деген қызға ғашық боп қалған екен. Содан әлгі жігіт бізге қолқа салды. «Осы қызды маған шығарып берсеңдер қолымдағы мынау «Романтик» магнитофонын сендерге сыйға беріп кетем» деп уәде етті. Ол кезде «Романтигі» бар адам ауылдағы ең мықты адам саналатын. Кәдімгідей ойымыз кетіп қалды.


Көрші ауылдың жігітінің әңгімесін арамыздағы мінезі тік, пысықтау Нұрсұлуға жеткіздік. «Пәленше осылай деді, не істейміз, көндіріп бере аламыз ба?» деп ақыл сұрадық. Ол «Романтикті» естігенде көздері жайнап, «Саспаңдар, бәрін қатырамыз, бәрін өзім ептеймін» деп білек сыбанып кірісіп кетті.


Түннің жарымы өтті, отырыс қызып жатыр, жігіттер ымдап ұнатқан қызды сыртқа алып шығуды бұйырды. Нұрсұлуға айтарымды айтып алып, жауапкершілігінен қорқып, Ақтотыға жалтақ-жалтақ қарап қоям. Бір кезде Нұрсұлу «Ақтоты көнбеуі мүмкін, екеуміз жолдас қыз болып апарып салайықшы. Мынау тұрған ауыл ғой, барамыз да қайтамыз» деп мені үгіттеп, ақырында көндірді.


Содан не керек, сыртқа шыққанымыз сол еді, үшеумізді де көрші ауылдан келген жігіттер «үйлеріңе жеткізіп тастаймыз» деп машинаға мінгізіп алды. Нұрсұлуды не қара басқанын білмеймін, машинаға мінгеннен айқайлап ән айта бастады. Бәріміз оған қосыла кеттік. Далада қалың қар. Машина да ескілеу еді, қайта-қайта бұзылып әрең жүріп келе жатқан. Ауылдың шыға берісінен бұрылған кезде шетте отырған Ақтотыны Нұрсұлу есікті ашып, итеріп түсіріп кетті. Айқайлап өлең айтып келе жатқасын жігіттер де ештеңені сезбей қалды. Машина жүйткіген күйі көрші ауылға барып бір-ақ тоқтады. Мен оның бәрін көріп отырмын, Нұрсұлуды түртем, сөйтсем ол «үндеме» дегендей белгі беріп, аузымды жауып қойды. Айдалада, ауыл шетінде қалған Ақтотыны ойлап мазам кетті.


Не керек, өлеңдеткен күйі келін түсіретін үйдің алдына бір-ақ келдік. Алдымыздан абыр-сабыр ауыл әйелдері, келіндер шашу шашып, орамалдарын ала жүгірді. Дала қараңғы, кімнің басына салар екен деп үрпиіп машинатан түспей отырсам Нұрсұлу өзінше бетін басып, жылап отырған кейіпке ене қалды. Бір әйел «айналайын, қадамың құтты болсын!» деген күйі Нұрсұлудың басына орамалды салды да жіберді. Мен аң-таңмын. Екеумізді ауылдың әйелдері түсіріп, төргі бөлмеге кіргізіп жіберді.


«Неге бұлай істедің?» деп сұрадым Нұрсұлудан. «Тұрмысқа шыққым келді, мен бұл жігітті бірінші көргенде-ақ ұнатып қалғам. Ендеше неге оны өз қолыммен Ақтотыға беруім керек?!» дегенде аузым ашылып қалды. «Ал бұл жігіт сені ұнатпаса ше, ол Ақтотыға үйлендім деп ана жақта мәз болып тұрған шығар» дедім.


Не керек, біраз уақыттан кейін әлгі жігіт ішке кіріп келді. Ақтотысын көруге асыққан ғой, қайтсін енді. Ойында дым жоқ, «Сендер үшеу едіңдер ғой, үшінші қыз қайда?» деп менен сұрап қояды. Не айтарымды білмей, тілімді тістеп отырып қалдым. Бір кезде Нұрсұлу орамалын ашып жіберді. Жігіт аң-таң, айтарға сөз таппай отырып қалды. Соңында «Жоқ, менің сүйген қызым бұл емес. Ақтотыны табыңдар, қайда қашып кетті» деп айқай шығарсын, ішіп алған ғой. Нұрсұлу жігіттің аузын жауып, бір бұрышқа отырғызып қойды.


«Сенің сүйем-күйем деген Ақтотың менің ағамның қалыңдығы. Олар бірін-бірі сүйеді. Соны біле тұра ағамның тағдырын талқандап, саған әкеп берер ме едім?! Ауыздарың ашылып отырғанда ауыл шетіне түсіріп кеттім. Үйі сол маңда, бірдеңе етіп жетіп алады. Ал енді мына жақта сені «келіншек әкеледі» деп күтіп отырғандардан ұят болмасын деп басыма орамалды өзім салдыра салдым. Ұнатпасаң айт, қазір-ақ қайта салам. Бірақ мен сені бірінші көргенде-ақ ұнатып қалғам» деп Нұрсұлу әңгімені төтесінен қойып қалды. Ал жігітте үн жоқ. Басын ұстаған күйі он минуттай ойланып отырды. Сөйтті де «Мейлі, бұл да бәлкім менің маңдайыма жазылған бұйрық шығар, үйленсек үйленейік» деп келісе кетті.


Сыныптас құрбым осылайша ерекше жағдайда тұрмысқа шығып еді. Екеуі тату-тәтті өмір сүріп жатыр. Бес баланың ата-анасы болған. Бір қызын ұзатып, жақында келін алды. Күйеуі «мені әйелімнің өзі алып қашқан. Түрін беташарда бір-ақ көргем» деп әзілдеп айтып отырады. Айтпақшы, Ақтоты сол түні аң-таң күйде үйіне жетіпті. Жағдайды ертеңіне, Нұрсұлудың үйіне хабаршылар барғанда бір-ақ білген. Қазір ол Нұрсұлудың жеңгесі болып жүр».


Оқырманымыз баяндаған оқиға расында да ерекше, қызық екен. Ал сіздің көргеніңіз, көңілге түйгеніңіз, басыңыздан өткен оқиғаңыз бар ма? Болса 8-771-669-36-69 нөміріне хат жолдаңыздар.