"Кесені кім сындырғанын сол күйі білмедік": оқырман түсініксіз құбылысқа куә болғанын айтты

0
234


Сурет: sun9-64.userapi.com

Жер дүниенің бәрін зерттеп болдық деп адамзат ешқашан айта алмайтын шығар. Бізге белгісіз күштердің тылсым сыры әлі де жеткілікті. Кейде өздерінің бар екенінен хабардар ету үшін кішігірім белгілер жіберіп қоятындай. Адамдар белгісіз дүниеден қорқады, сөйте тұра өмірдегі кейбір түсініксіз жайттарға мағына бергісі, құпиясын ақтарғысы келеді. ERNUR.KZ порталына келген кезекті оқырманның хаты осының дәлелі.


"Бала кезімде мынадай түсініксіз жағдай болған. Бірден айтып қояйын, ауылда тұрдық. Көршілерімізбен үйдің арасы ұзақ болатын. Сондықтан, көршілердің бірі шығар деген ой қисынсыз.

Шамамен тоғыз-он жастарымда түнде ұйықтап жатып, орнымнан тұрып кете беретінмін. Бір бөлмеден басқасына барып жатамын, кейде су ішіп келеді екем. Бірақ оны өзім білмеймін.

Бірде солай оянып, ас бөлменің есігінің алдына барып қаппын. Есікті ашпай тұрып іштен дауыстар естідім. Біреулер жүрген сияқты, сыбырласып сөйлеседі. Бір кезде тарс етіп жерге ыдыс түсіп, сынған дыбысы шықты. Артынша дүрс етіп біреу құлағандай, ауырсынып, ыңырсығандай болды. Сол кезінде ұйқым шайдай ашылды. Жүрігіп барып әке-шешемді ояттым.

Үшеуміз келіп ас бөлмені қарадық. Іште ешкім жоқ. Терезесі тарс жабық, сырттан біреудің ашуы мүмкін емес. Есігінен де кіріп-шыққан ешкім көрінбеді. Бірақ еденде кесе сынып жатыр екен.

Ата-анам бұл оқиғаға аса мән бермеді. Менің ұйқысырап жүргендегі елестерім деп ойлап, қоя салды. Ал кесені сындырған – тышқан деп ойлады. Бірақ оған дейін де, одан кейін де ешқашан біздің үйде тышқан болған емес.

Негізі, осындай елестер мен «көлеңке адамдар» ең жиі кездесетін тылсым құбылыс екен. Адамдар кейде бос үйде, ауруханада немесе тарихи орындарда белгісіз бір бейнелерді, дыбыстарды көреді немесе сезеді. Мысалы: түнде баспалдақпен жүрген аяқ дыбыстары, өздігінен қозғалатын заттар, суып кеткен бөлмеде пайда болатын аязды ауа. Менің де басымнан өткен жағдайды осыған ұқсатамын."