"Кесарь тілігі" жасалып жатқан бөлмеге аңдаусызда кіріп қалдым"
Сурет: economist.kg
Осы ойымызға ERNUR.KZ порталына келген мына бір оқырман хаты да дәлел бола алады.
"Жоғары білімім жоқ. Сондықтан қай мекемеге барайын ең ауыр, лас жұмыс бұйырады. Менің екі қолым не істемеді десеңізші...
Биыл перзентханаға санитар боп орналастым. Жасы 50-ден асқан әйел үшін бұл жұмыс оңай емес. Күні бойы еден жуып, 5 литр су тасимын. Үйге кеп төсекке құлағанда белім ашып ауырады.
Жалпы перзентханадағы жұмысым тек физикалық тұрғыда емес, жүрегіме де ауырлық салып жүр. Өйткені перзентханадан аналар тек қуанып шықпайды. Бірінің нәрестесі өлі туылса, бірінікі мезгілінен ерте туылып айлап вакуумде жатады. Тоғызыншы, оныншы баласын босануға келген 40-тан асқан, аузында үш-төрт тісі ғана қалған әйелдерді көріп аяймын. Толғақ кезінде айқайлап жылағандардың даусы сай-сүйегімді сықырлатып жібереді.
Өткен аптада "Кесарь тілігі" жасалып жатқан бөлмеге аңдаусызда кіріп қалдым. Операция жасалып жатыр. Әйелдің ішектері сыртта жатыр, шошып кеттім. Аңтарылып тұрып қалдым. Медбике көзімен "шығыңыз" деп ымдады. Зытып шықтым. "Ойбуй, бір ана өлді" дедім ішімнен.
Жоқ, тірі. Ол реанимацияда оянды. Оған қараймын да ойда-жоқта куә болған операция есіме түседі. Бала іштен алынған соң ішектер қайтадан ішіне салынып, тігіледі екен. Орнынан қозғалған ішектер абайсызда жыртылып қалса ше, немесе түйіліп қалса не болмақ? Табиғи жолмен босанған оңай екен ғой дедім өз-өзіме.
Бір жыл бұрын келінім "кесарь тілігімен" өмірге қыз алып келген еді. Қырық күн күтінейін деп, бөлмесінен шықпай жатқанда әбден ұрысқанмын. "Қиналып туған жоқсың ғой. Ұйықтап жатқанда операциямен балаңды алды. Неменеге талтаңдап, ыңырсып жүрсің? Тұр да ыдыс жу, тамақ істе" деп, демалуға мұрша бермеп едім. Сөйтсем, "кесарь тілігі" табиғи жолмен туғаннан қиын және қауіпті екен ғой.
Келінімді көрген сайын операция залындағы ішектері сыртта жатқан әйел көз алдыма келе қалады да кезінде оған айтқан сөздерімнен ұялам."