Жігіт содан бері хабарсыз кетіпті...
иллюстрациялық сурет: ашық дереккөзден
Шымкенттік бойжеткен жаңадан танысқан жігітімен алғашқы кездесуге барып, жайсыз оқиғаларға тап болғанына өзін кінәлі сезініп жүр.
«Мұндай да болады екен... Сәтсіз деп қабылдады ма, содан кейін жігіт хабарласпай қойды» деп мұңайған бойжеткен ERNUR.KZ тілшісіне мән-жайды айтып берді.
- Жігітпен телефон арқылы танысып, біраз сөйлесіп жүргенбіз. Сосын кездесуге шақырды. Сол күні жаңадан көлік сатып алып, мініп шыққан екен. Бірақ қызбен бірінші кездескен күні мұндай жайсыз оқиғаларға түсіп қаламын деп ешкім ойламайтын шығар...
Содан бері өзімді кінәлі сезініп пе, әлде ұялып па, біртүрлі сезімде жүрмін, - дейді 20 жастағы шымкенттік ару.
Айтуынша, алғашқы кездесу өте сәтті-ақ басталыпты. Алдымен күндіз жаңа көлікке отырып қыдырып, ресторанда кешкі ас ішкен.
- Гүл сыйлады, балмұздақ жедік. Жақын танысып, тамаша бір сезімде болатынбыз. Менің қайтатын уақытым болды да, қаладан сыртта тұратын болғандықтан такси жүретін жерге дейін жеткізіп тастамақ болды. Сөйтіп келе жатып көлік бұрылмайтын жерден бұрылып кетіппіз. Байқамай қалғанымызды аңғарып не істерімізді білмей тұрғанда полицей ұстады да, айыппұл жазып берді.
Заң бәріне ортақ қой, сонда да көңілді түсірмей «алғашқы айыппұлды жуу керек болды» деп әзілдеп келе жатқанда оқыстан шыққан көліктің артынан соқтығыстық.
Мені жеткізіп тастауға бара жатып айыппұл арқалағанына ыңғайсызданып келе жатқанымда көлікті соғып айыпты болғаны үшін жерге кіріп кете жаздадым. Тап бір өзім соғыстырғандай сезімді бастан кештім.
Жаңа алған көлігімен біреуді соғып, оныкін де, өзінікін де жөндеу үшін шығынға түсу кімге ұнай қойсын?! Қабағын кірбің шалса да маған білдірмеуге тырысты.
«Осы жерден такси шақыртайын, мына мәселені реттеп болғанша кешігіп қаларсың» деп жылы қоштасып, көлікке мінгізіп жіберді. Жол бойына оны уайымдап келдім. Үйге жеткен соң «Мен жетіп алдым, өзіңден бәрі жақсы ма?» деп жазып жіберген хабарламама «Бәрі жақсы» деген ғана жауап келді.
Содан бері ол жігіт маған хабарласпады. Мені «жолы болмайтын қыз» деді ме екен, әлде алғашқы кездесуде ұнамай қалдым ба, белгісіз. Бір күнде қаншама шығынға түскені үшін мені кінәлады ма екен?! «Сол қызбен кездеспегенімде осылай болмас еді?» деп ойлады ма, қайдам...
Өзімді әлі кінәлі сезініп жүрмін. Қайда жүр екен?!, - деген бойжеткен жігіттен әлі хабар күтіп жүргенін де білдірді.