"Күйеуім болса да, бөтен еркектермен сөйлесуге мәжбүр болдым": жас келіншек амалсыз әрекетке барғанын айтты

0
164

" Оған да мойны жар бермей жүр..."


Сурет: orizontespress.gr

"Не болса да отбасымның шырқын бұзбайын деп барынша тырысып-ақ жүрмін. Алайда, затым әйел болған соң, бәрінен шаршайды екенсің. Шыдамым әйтеуір бір күні шегіне жетері анық. Сол сәт қашан туып қалар екен? Ол кезде тым кеш болмай ма екен деп те басым қатып жүр" деп мұңын шақты ERNUR.KZ порталының түркістандық оқырманы.

Жас келіншектің осынша түңілуіне не себеп? Өз жазбасынан оқыңыз.


"Жасым жиырма төртте. Тұрмыс құрғаныма бес жыл өтті. Балам да бар, күйеуім жанымда. Сырттай баға беретін болсам, бақытсызбын деп айта алмаймын. Небәрі он тоғыз жасымда тұрмысқа шығып, отбасылық өмірдің ащысы мен тұщысын көріп үлгердім.

Мені қинайтын - күйеуімнің жалқаулығы, немқұрайдылығы. Бойдақ шағымызда ештеңені байқамаппын. Тым жалқау, ата-анасына әбден арқа сүйеп алған. Тұрмысқа шыққаннан кейін де алғашында аса мән бермедім. Біраз уақыт өтіп, отбасымызбен өзіміз қалған кезде оның іске қырсыздығын, отбасына деген жауапкершілігін сезінбейтінін байқадым.

Тек қана менің жасаған тамағымды ішеді, теледидар қарап немесе телефонын шұқылап диванда жататын. Оған енем де ештеңе демейтін. Десе де күйеуім анасының сөзіне құлақ асып, орнынан тұрып, қимылдаған емес. Мен оған ренжіп, назымды айтамын. Сонда күйеуім ұялғаннан болса да, өтірік болса да, үйдің сырттағы шаруаларына көмектескен емес.

Ауылдық жерде тұрғаннан кейін су толы шелекті көтеру, отын әкелу, отынды жару деген секілді тірліктер болады ғой. Солардың ешқайсысына көмектеспейтін. Мен оған өтініш жасап, «мына шелек ауыр болып тұр, көтеріп үйге кіргізіп берші» дегенімде енем дереу араша түсіп, атамды жұмсайтын.

Негізі қайынатам өте еңбекқор жан. «Мынау – әйелдің жұмысы, мынау – еркектің жұмысы» деп бөлмей, барлығына білек сыбана кірісіп кете береді. Кейін мен күйеуіме айтқан өтінішімді атам орындап жүрген соң, үлкен кісіден ұялатын болдым. Атамды жұмсағандай болмайын деп өзім істейтін болдым сол шаруаның барлығын.

Қайным үйленген соң «Екі келінді бір шаңырақтың астында ұстап, бір-біріне деген сый-құрметін жоғалтып алмайық» деп ойлаған болар, ата-енем бізді бөлек шығаруға асықты. Ол да алдын-ала ойластырылып қойылған. Яғни, атам балаларының болашағын ерте бастан ойлаған кісі. Кенже қайнымды қара шаңырақта алып қалса, бізге арнап өз ауылымыздан емес, ауданның бір бұрышынан көнелеу болса да бір баспана сатып алып қойған. Атам барлық мәселені арыдан ойлайтын кісі. Сол үшін мен оны ерекше құрмет тұтамын.

Ал күйеуім қайынатама тартпаған. Ол әрекетшіл емес. Ештеңені ойланбайды. Мүмкін отбасылы болған соң, өзі-ақ алып кетер деп ойлаған шығар, бірақ о баста болмаған нәрсе кейін де болмайды екен.

Сол баспананы күрделі жөндеуден өткізу керек болып тұр. Ал күйеуім ондай істерге басын ауыртқысы келмейді. Жарайды, өзі жасамаса да қазір жасайтын адамдарды жалдап, ақысына істететін адамдар көп қой. Тым болмаса, соны қамтамасыз етіп, ақысын төлеп отырса да ештеңе демес едім. Бірақ оған да құлқы жоқ. Ашуландым күйеуімнің бұл ісіне. Бірақ, қашанғы жөндеу көрмеген ескі үйде отыра бермекпіз?

Болмаған соң өзім шақырдым жұмысшыларды. Енді жұмысшылар ер адамдар болған соң, солармен күйеуімнің сөйлескені, келіскені дұрыс емес пе? «Солармен сөйлес, еңбекақысына қанша сұрайды, қанша материал кетеді екен» деп қанша айтсам да «Мен білмеймін, істеп болған соң, өздері айтады ғой ақысын» дейді. Сосын амал жоқ, күйеуім бола тұра, оны артқа ысырып қойып, еркек ұсталармен өзім сөйлесуіме тура келді.

Не ол ұсталардың жұмысын қадағаламайды. Оған да мойны жар бермей жүр. Ұялсам да, амалсыз әйел басыммен араларына кіріп жұмыстарын тексеремін, ұнамаған жерлерін жөндетемін, не керек, не жетпей жатыр деп сұрап, кем-кетістігін түгелдеймін. Жұмысшыларға тамақ жасап жүріп, олардың да арқаны кеңге салып жүргенін көріп, кейде ұрсып та аламын.

Бұрын күйеуінің алдына түсіп, бар шаруаны қолдарына алып, билеп-төстеп жүрген әйелдерді көргенде «Неге өйтеді екен? Ер-азаматының алдына түсіп, зыр жүгіріп жүргені қалай? Ыңғайсыз көрінеді екен» дейтінмін. Енді олардың жағдайын түсінгендеймін. Ер-азамат жауапкершілікті өз қолына алып, әрекет жасамаған соң, шешім қабылдай алмаған соң, әйел байғұс басқа амалы болмағандықтан, шаруаны өзі атқарып, билікті өз қолына алады екен ғой.

Үйді жөндеуден өткізіп, сол жерге көшіп баруға асықсам, мен өзім шешімді қабылдаған жоқпын. Ата-енем рұқсатын беріп, өздері кеңес берді. «Сол үйді жөндеуден өткізіп, көшіп алыңдар» деген өздері емес пе? Енді менің «үй болайық, жақсы, таза жерде тұрайық» деп жанталасқанымның несі айып?!

Иә, ерімнің қолынан ол жасауға тиісті жұмысты алып, билеп-төстеп кеткенім дұрыс болмады. Бірақ мен асықпасам, алдына түспейін деп күйеуіме беріп қойсам, ол еш ойланбайды. Сондықтан, ол атқаруға тиісті шаруаны өзім атқарсам – балаларым үшін, олардың болашақтары үшін."