"Күйеуім бұрынғы әйелімен кездесіп жүр"

0
253

"Тіпті, өмір сүргім келмей қалды"


Сурет: ru.pinterest.com

"Бір жігітпен төрт айдай араласып, танысып, 26 жасымда оған тұрмысқа шықтым. Күйеуім менің алдымда бір рет үйленіп, ажырасқан"


Бұл - ERNUR.KZ порталына мұңын шағып келген жас келіншектің жанайқайы. Ол өзінің атын жарияламауды өтінді. Бұл жағдайдағы ең жаманы - күйеуінің бұған дейін де отбасылы болғаны емес, дәл қазіргі "екі кеменің басын" ұстағысы келгені. Толық мән-жайын келіншектің өз сөзімен жеткізер болсақ...


«Сұлу әйел – еркектің соры» демекші, келіншегі бірнеше еркекпен көңілдес болған деген атаққа қалып, көрші-қолаңды шулатқан екен. Күйеулерін қызғанған көрші әйелдер жарыма келіп, бірнеше рет реніштерін білдіріп, әйеліне ие болуын сұранған көрінеді. Әйелін өзге еркекпен өз көзімен көрмеген күйеуім жұрттың сөзіне сенбей жүрген екен. Әрине, ешкім де жан жарын жамандыққа қимайды ғой. Алайда бір күні үйге әдейі ертерек келіп, жарының көрші жігітпен аймаласып отырғанын көріп қалыпты. Осыдан кейін ауылды шулатып, сол көршіні әйелімен қоса сабапты. Әрине, мұндай сұмдыққа қай еркек шыдасын? Бір жағынан әлі де араларына бала бітпеген соң ойланбастан әлгі келіншекті үйінен қуып шығып, ажырасуға арыз берген.

Содан кейін бір жылдан соң мені кезіктіріп, төрт айдан кейін жар болуға ұсыныс жасады. Мен де оң босағада отырып қалған соң, ойлана келе, өткен өміріне көз жұмдым. «Жақсы жігіт қой, тек жарын таңдаудан қателескен екен, бәлкім сүйіп кетермін» деген оймен тұрмысқа шығуға келісімімді бердім.

Әрине, оның маған дейін әйелі болғанын білсем де, оған аса мән бермеймін деп шештім. Бірақ көңіл шіркін көнши ме? Отырып қалған қыз болсам да, тұрмысқа шықпаған пәк қызбын ғой. Оның бұрын үйленгені, басқа әйелдің құшағында жатқаны есіме түссе тыныштық таппай кететінмін.

Бірнеше айдан кейін күйеуіме деген сезімім расымен де ашыла бастағандай болды. Екеуіміз ол жұмыстан келгенде сағыныса, құшақтасып көрісетін болдық. Мен расымен де оның жанында өзімді бақытты сезіндім. Ол да сондай сезімде деп ойлап жүрдім. Алайда қатты қателескен екенімін.

Күні кеше ғана жұбайымның бұрынғы әйелімен қайтадан байланысып, кездесіп жүргенін білдім. Ең сорақысы, оны маған әлгі әйелдің өзі келіп айтты. Онысымен мені өмірлерінен кетірмек болыпты. Ал мен өзімнің жүкті екенімді айтуға дайындалып жүргем.

Мұндай жаңалықтан кейін қуанышты хабарымды оған қалай айтамын? Тіпті, өмір сүргім келмей қалды.

Күйеуім жұмыстан келген бетте оған көңілдесі барын білетінімді айттым. Ол болса бұрынғы әйелімен тек бір рет жолыққанын айтып, барынша ақталуда. Қанша кешірім сұраса да, оны кешіре алмайтын сияқтымын. Бәрінен бұрын іштегі баламды аяймын. Оны әкесіз өсіргім келмейді. Бірақ мұндай сұмдықты қалай көтеремін?"