«Күйеуім қыз тудың деп қуып шығып еді»: жеті қыздан соң ұлды болған ана көпшілікке кеңес айтты

0
2 707

«Жеті қыздан кейін ұлды болдым»


«Күйеуім қыз тудың деп қуып шығып еді»: жеті қыздан соң ұлды болған ана көпшілікке кеңес айтты
иллюстрациялық сурет интернеттен алынды


Біреу бір перзентке зар болып, Құдайдан тілеп жүр. Енді біреуге қыз керек. Ал тағы біреулер қызым көп деп, қыз туған әйелін кінәлі етеді.


ERNUR.KZ редакциясына хабарласқан Света есімді түркістандық көпбалалы ана таяуда ғана басынан өткен оқиғасын айтып берді. Жеті қыз тауып, өсіріп отырған ананы күйеуі үйден қуып шыққан екен. Бірақ артынан таңғажайып оқиға орын алыпты.


«Менің енем алты ұл тапқан екен. Өкінішке қарай ол кісі мен келін болмай тұрып дүние салған. Көзін көрмедім. Артында қалған алты баланы атамыздың өзі үйлі-жайлы етті. Сол кісі мен келін болып түскенде қатты қуанған. «Шаңырағыма береке келді, мына сақырлаған алты еркектен әбден күйіп, әйелімнің бір қыз тумағанына өкініп едім. Құдай маған қызымдай етіп келін берді» деп беташарда көзіне жас алған-тұғын. Сосын соңында бата берерде «Келінім жылма-жыл қыз тапсын! Аумин!» деп қысқа қайырып еді. Сол батаның айна-қатесіз қабыл болғанына әлі күнге дейін таңғаламын. Жарықтық, атам аузы дуалы кісі болған екен ғой.


Беташардан кейін көп өтпей аяғым ауырлады. Дүниеге аман-есен қыз әкелдім. Сонда атам қуанып, той жасап, бесікке салып, өзі бағып өсірді. Екінші қызымды туғанда да осылай қуанды. «Мына үйдің шуы жиналатын болды, келін, саған көп рахмет» деп көңілі түскенде батасын беріп отыратын. Үшінші, төртінші қыз келді... Төртінші қызым жасына толғанда атам сырқаттанып қалды да, көп ұзамай өмірден өтті. Әл үстінде жатқанда күйеуімді шақырып алып, «Мені көрімде тыныш жатсын десең мына келінге қыз тудың деп ренжуші болма! Өзің де бетіне қарсы келме!» деп айтып кетіп еді.


Бірақ пендешілік деген бар емес пе? Жолдастарымызбен бас қосып, той-жиындарда кездесе қалсақ, достары «Ереке, еркектен еркек туады деуші еді, қашан жарытасың?» деп тілдерімен түйреп алатын. Ондайда күйеуім ішіп алып, менің миымды жейтін. «Бір ұл туып берші, төбеме көтеріп өтемін» деп жылайтын. Бірақ менің қолымнан не келуші еді, Алла не береді, соны туамын ғой.


Бесінші рет егіз, екі қыз босандым. Сол кезде күйеуім артымнан келмей қойды. Аузы батыр әпкем бар еді, «Балаға тойып қалғансың ба? Не ексең соны орасың деген, адам алдымен өзіне қарап алмай ма екен?! Дәл қазір перзентханаға барып, қыздарыңды шығарып алмасаң, онда алты қызыңды да, әйеліңді де көруге зар боласың» деп айқайлапты. Содан ол амалының жоғынан келіп, бізді шығарып алды. Бірақ сол күннен бастап ішімдікке салына бастады. Жарытып жұмыс істемейді, алты балаға берілетін жәрдемақыға күнелттік. Әйтеуір ауыл ішінде болғасын ас-судан қысылған жоқпыз.


Ұл болар деген үмітпен жетінші қызымды таптым. Әпкемді де, өзгені де тыңдамай қойған күйеуім артымнан сол күйі келген жоқ. Үйге келінім мен қайным шығарып алды. Сол күннен бастап күйеуім мені ұратын болды. «Ұл таппайтын миы жоқ қатынсың, топырлатып туа бердің» деп тепкілеп тастайтын. «Тоқал аламын, маған сенің түкке де керегің жоқ. Құры, көзіме көрінбей жоғал!» деп түн ішінде қуып шықты. Ол кезде жетінші қызым екі жасар, емізетін едім. Алдыңғыларына қарайтын шама жоқ, кішкентайымды көтердім де, үйден шығып кеттім. Үлкенім есейіп қалған, кішкентайларға сол қарайды деп сендім.


Содан әпкемнің үйіне келіп, тұрақтадым. Ол кісі бәрін ашумен қабылдап, «Күйеуіңді сотқа беремін! Үйді босатып берсін де, тоқалымен тоңқалаң ассын! Жеті қызынан жерініп отырса, көресіні көрсетемін» деп өзімнің жер-жебіріме жетті. Жеті балалы болғанда күйеуімнің үстінен шағымданып, төркініме келгеніме өкініп кеттім.

«Әпке, ішкен адам не демейді. Ашуым басылды, мен үйіме қайтайын. Ол да айтқандары үшін өкініп отырған шығар» деп қызымды көтеріп, ауылға қарай жиналдым. Біздің ауылға қарай такси жүретін жерге келіп, қызыма су әперіп тұр едім, қолына бала көтерген бір келіншек келді де, «Әпке, туалетке кіргім келіп тұр еді, мына баламды ұстай тұрасыз ба, мына пакет те жаныңызда тұра тұрсыншы» деп өтініш білдірді. Ойымда дым жоқ, «жарайды, барып келе ғой» деп баласын көтеріп алдым.


Арада он минуттай уақыт өтті-ау, әлгі әйел сол күйі жоқ. Артынан әжетханаға іздеп бардым, таппадым. Сөйтсем баласынан безінген біреу екен ғой. Бір сағаттай автотұрақты айналшықтадым. Бірақ баласын іздеген әйел көрмедім. «Содан не -болса да ауылға барып көреміз» деп әлгі 7-8 айлық нәрестені алып, ауылға тартып тұрдым.


Келсем күйеуім жуасып қалыпты. «Келгенің дұрыс болыпты, сенсіз мына үйде жағдай болмайды екен, мені кешір! Түнімен әкем түсіме кіріп, теріс қарап тұрды, маған ренжулі сияқты» деп алдымнан шықты. Қолымдағы баланы көріп аң-таң. Дереу болған жағдайды баяндап едім, «Құдай бізге осы баланы бұйыртып тұрған шығар, асырап алайық» деп өзі ұсыныс білдірді. Солай біз Жұбаныш деген ұлды бауырға бастық. Артынша, бес-алты айдан соң аяғым ауырлады да, Алла маған шекесі торсықтай ұл сыйлады.


Қазір біз тоғыз баланың ата-анасымыз. Таяуда үлкен қызымызды ұзатып, құда болдық. Күйеуім уәдесінде тұрды, қазір алақанына салып, аялап отыр. Ішімдікті қойған, үйдің бәрін ретке келтіріп, мал бордақылап, сатып, үйіміздің берекесін кіргізіп отыр.


Айтайын дегенім, қандай жағдай болмасын, күпірлік етпей, сабырмен күту керек. Кейде біз болмашы нәрсеге шыдамсыздың танытып, «Құдай, саған не жазып едім?» деп тілімізге ие бола алмай қаламыз. Әр нәрсенің қайыры барын дер кезінде ұғынбаймыз. Осыны ескерейік. Бұйырғаннан артық ештеңе болмайды екен».