Тәжікстандағы мұздықтардың еруі Орталық Азияға қауіп төндіреді

0
82

Температураның көтерілуі мен мұздықтардың жедел еруі су ресурстарының азаюына, экономикалық тұрақсыздыққа және мемлекетаралық шиеленістерге әкелуі мүмкін.


Тәжікстандағы мұздықтардың еруі Орталық Азияға қауіп төндіреді

ERNUR.KZ. Климаттың өзгеруі Орталық Азия үшін тек экологиялық мәселе емес, өңірлік қауіпсіздікке төнген стратегиялық қатерге айналып отыр, деп жазады kaz.inform.kz.

Температураның көтерілуі мен мұздықтардың жедел еруі су ресурстарының азаюына, экономикалық тұрақсыздыққа және мемлекетаралық шиеленістерге әкелуі мүмкін.

Әсіресе, аймақтың негізгі тұщы су қоры шоғырланған Тәжікстан мұздықтарының жағдайы алаңдатады. Бұл елдегі мұздықтар Орталық Азия су ресурстарының 60%-дан астамын қамтамасыз етеді. Алайда соңғы 50 жылда 14 мың мұздықтың 1300-і жойылған.

Сарапшылардың айтуынша, климаттың жылынуы жалғаса берсе, 2050 жылға қарай мұздықтар тағы 20%-ға азаюы мүмкін, ал ғасыр соңында олардың 85%-ы жоғалуы ықтимал. Бұл өз кезегінде құрғақшылық, су тапшылығы және табиғи апаттардың жиілеуіне әкеледі.

Қазірдің өзінде Тәжікстанда соңғы жылдары мыңдаған табиғи апат тіркеліп, жүздеген миллион доллар шығын келтірген.

Мәселені шешу үшін елде мұздықтарды зерттеу орталықтары құрылып, халықаралық ғалымдармен бірлескен зерттеулер жүргізілуде. Сонымен қатар жасанды көлдер салу, орман алқаптарын көбейту және мұздықтарды қорғау технологияларын енгізу сияқты шаралар қарастырылуда.

Халықаралық деңгейде де бастамалар күшейіп келеді. БҰҰ 2025 жылды Мұздықтарды сақтау жылы деп жариялап, жаһандық ынтымақтастықты арттыруға шақырды.

Сарапшылардың пікірінше, бұл мәселені бір елдің күшімен шешу мүмкін емес. Сондықтан Орталық Азия елдері су ресурстарын бірлесіп басқаруға және климаттық қауіптерге қарсы ортақ саясат жүргізуге тиіс.