Жаныма келіп жатпай, сол отырған бөлмесінде жеке ұйықтай салады.
көрнекілік үшін сурет: st3.depositphotos.com
"Әріптес құрбымның інісімен біраз уақыт дос боп араласып жүрдік. Менен сегіз жас кіші. Сондай сүйкімді бала еді. Бірте-бірте екеуміз әзілдесіп, күліп-ойнап жүріп, сол әзіліміз шындыққа ұласып, қыз бен жігіт болып жүре бастадық. Кейін қаншама адамның сөзіне, қарсылығына қарамай, үйлендік..."
ERNUR.KZ порталының оқырманы қазір осы шешіміне өкініп жүргенін айтты.
"Бастапқыда әрине, өзімнен кіші жігітпен қарым-қатынас құру маған да оңай болған жоқ. «Айналамдағылар не дейді?» деген оймен біраз қарсыластым. Ата-аналарымызды ойладым. Әріптесім (жігіттің әпкесі) де «Ермек әлі жас бала ғой. Балалықпен айтып жүрген болар жақсы көремін деп. Бірақ түбі ол саған жар болмайды. Әйел адам үйдің қамымен жүріп тез қартаяды. Ал жасы кіші жігіт уақыт өте келе өзінен жасы үлкен, қартайып қалған әйеліне қарап үйде отыруы қиын. Кейін өкініп қалма. Одан да өзіңе тең өзге адам тауып ал» деп ақылын айтқан. «Екеуміздің болашағымыз жоқ. Ата-анаң бәрібір қарсы болады» деп оны райынан қайтаруға тырыстым. Мен де оны ұнатып қалған едім. Жүрегім қан жылап, оны өзгеге қимай тұрсам да бірнеше рет кеудесінен итеріп, сөйлеспей қойдым.
Бірақ біз қайтадан бір-бірмізді тауып алатынбыз. Арада біраз уақыт өтіп, бір-бірімізді көрмей қалсақ, сағынысып көрісетін едік. Не керек, ол екінші курсқа көшкенде екеуміз үйлендік. Мен ол кезде 27-демін, күйеуім 20-ға әлі толмаған. «Жас балаға тидің» деп ата-анам да, ағайын-туыс та ренжіді. Бірақ ол кезде күйеуімде бұл балалық сезім деп ойламадым, ешкімнің айтқанын ескермедім.
Қазір соған өкінемін. Отасқанымызға міне, жеті жыл болды. Екі баламыз бар. Ермекті әлі де жақсы көремін. Бірақ ол қатты өзгерген. Мені баяғыдай "жаным» демейді. «Апа, апашка» деп атайды. Жасымның үлкен екенін бетіме басып сөйлейді. Әзілдеген сыңай танытады ғой, бірақ негізі олай емес.
Байқаймын, оның маған деген сезімі басылып қалған. Тек балалар үшін ғана менімен өмір сүріп жүрген сияқты. Күйеуім енді ғана өзін нағыз еркек ретінде сезіне бастаған секілді. Ал мен көп жерде өзімді Ермектің жан жары емес, шешесі секілді сезініп қаламын. Екеумізді қатар қойса, жас айырмашылығымыз көрініп тұрады.
Күйеуім жұмыстан кейін үйге кеш келгенімен қоймай, түнімен интернетте отырады. Жаныма келіп жатпай, сол отырған бөлмесінде жеке ұйықтай салады. Кейде тойларға да ертпей кетеді. «Қойшы, үйде отыра бер балаларға қарап, барғанда не істейсің? Шаршап қаласың" деп әзіл-шыны аралас айтады. Отырыс, тойларда билесем, "Абайла, аяғың, белің ауырып қалмасын» деп жұрт көзінше қалжыңдайды. Ал кейде ұрыс үстінде "Сені ертіп жүруге ұяламын" деп те айтып қалады. Менің сол кезде қандай күйде болатынымды айтып жеткізе алмаймын.
Бала бағу, үйдің тірлігі әйел адамды тез қартайтатыны белгілі. Шашқа ақ түсті, бетті әжім басты дегендей. Оның бәрі рас.
"Кішкентай балаға неге ғашық болдым? Неге оған тұрмысқа шықтым?" деп өзімді жазғырып жүрмін. Студент жылдары сөз салған өзіммен қатар жігіттердің бірімен қол ұстасып кеткенде, мұндай қорлықты бастан өткермес едім.
Бірақ өткен күн қайтып орала ма? Әрине, жоқ. Амалсыз оның бетіне қарап, өзі айтқандай «апасы» секілді күн кешіп жатырмын.
Жас қыздарға айтқым келгені, өздеріңнен тым кіші жігітке әйел болуға тырыспаңдар. Уақыт өте келе ер адамға қарағанда әйел адам тез қартаяды. Сол кезде ол сені менсінбей, маған айтқан секілді «апашка» деп жүреді. Ал сен расында оның «апашкасына» айналғаныңды білмей қаласың. Сондықтан әбден ойланыңдар дегім келеді."