Екеуміз жиі-жиі жасырын кездесіп, жолығып тұрамыз.
көрнекілік үшін сурет: sun1-93.userapi.com
«Күйеуім бір үйдің кенжесі әрі ұлдан жалғызы. Алдында үш әпкесі бар. Біз екеуміздің таныстығымыз да сол әпкелерінің себебімен болған. Негізі жалғыз әрі кенже ұл болса да, ерке емес. Өте еңбекқор. Жұмыс істеп, ата-анасының бар жағдайын жасап отырған азамат»
Бір отбасының жалғыз келіні бола тұра, ата-енесінің ақ батасын ала алмаған оқырманымыз ERNUR.KZ тілшісіне өзінің қазіргі жағдайын айтып берді.
"Екеуміз бір-бірімізді ұнатып, қыз-жігіт болып үш жылдай жүрдік. Ол маған «Сен де оқуыңды алаңсыз оқы, аяқтауға жақын қалған кезде үйленейік. Мен де өз шаруаларымды реттеп, жағдайымды түзеп алайын» деген. Солай келіскенбіз.
Енем негізі жолдасым екеуміз үйленгенде аса қатты қуанбады. Бірақ оны мен де елеген жоқпын. Күйеуім мені жақсы көріп, таңдап тұрса болды, басқалардың пікірі де, көзқарасы да маңызды болмады.
Ал енем болса баласын менен қызғанатынын біз үйлене салысымен-ақ білдіртіп қойды. Мені суық қабылдап, «Баламның басын айналдырып тиіп алғансың. Бұрын осындайды маған әкелетін еді, сен келіп айнытып жібердің. Ұлым шешесін бір қатынға айырбастады» деп неше түрлі сөзбен айыптайтын.
Қайынәпкелерімнің де кей сөздері, күйеуімнің маған жақсы қарауы, сыйлық беріп, бар керек-жарағымды әперуі, екеуміздің жеке қыдыруларымыз – осының бәрі күн сайын енемнің қызғанышына май құйып, үдетіп жібергені бар емес пе?!
Арада бір жыл өтті. Біз балалы бола алмадық. Басында күйеуім жоқта тиісетін енем енді оның көзінше де қысылмай әрдеңені айта беретін болды. «Мына тумайтын қатынды неменеге ұстап жүрсің? Жібер жөніне. Саған бала табатын қатын керек. Маңдайынан шертіп жүріп қыз ала аласың ғой» дейтін. «Апа, неге олай дейсіз? Менің кінәм не?» деп жылап қаламын. Ол болса «Рас қой енді тумағаның» деп күліп отыра беретін.
Ақыры соңында күйеуім анасының сөзінен шыға алмай, соның айтқанын жасады. Айналдырған екі жылда біз ажырастық.
Бірақ іс, құжат жүзінде емес, тек сөз жүзінде ғана. Күйеуім осындай ұсыныс айтқанда басында көнбеген ем. Кейін оған жаным ашып, мүмкін осылай дұрыс та шығар деп, келістім. Енді қазір мен жалғыз өзім пәтер жалдап тұрамын. Жұмыс істеймін. Күйеуім әке-шешесімен бірге тұрады. Аптасына бір-екі рет маған келіп, қонып кетеді. Сағынатынын, бірге тұрғысы келетінін көп айтады. Бірақ не «Әке-шешеммен сөйлестім, саған қарсы емес, үйге алып кетемін, менімен жүр» демейді, не «Екеуміз бөлек тұрамыз» да демейді. Анасынан бата алмайтын сияқты.
Оларға менімен ажырастым деп айтып, алдап жүр. Бір сол сөзбен біте қоя ма? Жиі-жиі қайда барып қона беретінін, табысының бір бөлігі қайда кетіп жатқанын жасырам деп қаншама өтірік құрастыруға тура келеді. Осылай екі жақта жүргеннен өзі де шаршап, ығыры шыға бастағандай. Күн сайын өтіріктің астына батып барамын деп көңіл-күйі түседі.
Қашанғы бұлай жалғасатынын екеуміз де білмейміз. Күйеуімді екі оттың ортасында қалды, әке-шешесінің көңіліне қарайды, сені де қимайды, қайтсін енді деп түсіністікпен қарағым келеді. Бірақ кейде өз таңдауын, жанұясын қорғап шыға алмады деп те ренжимін.»