​«Күйеуім үй шаруасын істейді»: шымкенттік әйел қыз-келіншектерді ажырасуға асықпауға шақырды

0
747

«Ол менің қадірімді түсінді, қазір айтқанымды екі етпейді»


​«Күйеуім үй шаруасын істейді»: шымкенттік әйел қыз-келіншектерді ажырасуға асықпауға шақырды
иллюстрациялық сурет ашық дереккөзден алынды


«Біздің қазақта «еркектің міндеті, әйелдің міндеті» деген түсінік бар. Бірақ көбіне еркектің міндеті ескерілмей қалады да, әйелге бар жауапкершілік артылады. Ал тегінде адам адамға міндетті емес, әсіресе ерлі-зайыптылар! Олар бірін-бірі толықтыру үшін «екі жарты – бір бүтін» болған», - дейді Гүлназым есімді әйел.


Күйеуімен отасқанына 20 жыл болған оқырманымыз отбасылық өмірдегі көргені мен көңілге түйгенін ERNUR.KZ тілшісіне айтып берді.


«Үйлену – оңай, үй болу – қиын» деген рас екен. Отбасылық өмірде түрлі қиындықтар, жылайтын да, мұңаятын да сәттер кездесіп тұрады. Сондайда қолды бір сілтеп, жұбайын енді көрместей болып ашуланып, ажырасып кететін жастар көп қазір. Жасырмаймын, бізде де ондай жағдай өте көп болды. «Бітті, енді шыдай алмаймын» деп балаларымды жинап, төркініме бір-екі мәрте барып келген әйелмін.


Біз үйленгеннен кейін көп ұзамай күйеуім ішімдікке салынып кеткен еді. Сол кездегі жұмыссыздық, баспананың жоқтығы, бәрі оны қажытып жіберсе керек. Ит-ыржың күн кешіп жүріп үүш баланы өмірге әкелдім. Күйеуім жұмыссыз отырған соң білек сыбана жұмысқа кіріскем. Сонымды қызғанып, кей-кейде қол көтеретін еді.


Бір жолы біреуін көтеріп, екеуін жетектеп төркініме бардым. Шешем марқұм тірі еді. Екі күн аунап-қунап қонақ болдық. Үшінші күні «Балам, мына үшеуін тірі жетім етпей үйіңе қайт! Менің ақылымды тыңдасаң, ол бір күні басылады. Істеген ісі үшін өкініп, кешірім сұрайды әлі. Оған дейін әйелге сабыр керек. Күйеуің анау айтқандай ақымақ адам емес, санасында саңылауы бар. Құдай ақыл берсе тоқтар» деп ақыл айтты.


Біздің үйдегі ұрыс-жанжалды төркінімде мамамнан басқа ешкім білмеді.

«Әкең, ағаларың білсе күйеу баланы оңдырмайды, одан кейін отбасы болып кетулерің екіталай» деп айтушы еді. Сөйтіп тарыққан кездерімде аға-жеңгелеріме білдірмей азын-аулақ ақша, азық-түлік беріп тұрды.

Күйеуім қатты ішіп кеткенде үйге мамамды шақыратынмын. Ол келсе күйеуім бөлмемізден шықпай жатып қалатын да, кеткенше ішпейтін. Тым құрығанда төрт-бес күн болса да құлағым тыныш болсын деп ара-тұра мамамды осылайша қонақ етіп жүрдім. Оңашада күйеуімді жамандай бастасам, анам «Күйеубала жаман емес. Ол арсыз, надан болса, менен де ұялмай іше берер еді. Мен келгелі ішпей жүр. Мас кезінде менің көзіме көрінбеуге тырысады» деп күйеуімнің жақсы жақтарын айтып, мені жұбатып қоятын.


Өзім саудаға ден қойып, дорба арқалап ақша табам. Кей кездері тауарды автобустан күтіп алу үшін ала таңнан тұрып кетуге тура келеді. Ондайда бала-шағаның тамағын, үйдің тазалығын ойлауға шамаң болмайды. Күйеуіме де бәрібір, ішіп келіп жата береді. Сондай күндердің бірінде үйге ауылдан енем қыдырып келіпті. Баласы ішіп жатыр, үш бала үйдің ішін астаң-кестең еткен. Соның бәрін бақылап отырып, кешке мен келгенде айқай шығарды.


«Мыналардың күтімі жоқ, баламның басы ауырып, ыстық тамаққа зар болып жатыр. Сенің мынау тірлігің не, күні-түні көшеде жүресің. Әйелдің міндеті үйінің жылулығы мен тазалығын сақтау! Соны ұмытып кетіпсің» деп сөйледі. Бұрын-соңды енеме ештеңе демеуші едім. Осы жолы ішімдегінің бәрін айттым.


«Апа, менің міндетім үй шаруасын күйттеу болса, балаңызға да өз міндетін түсіндіріп қойсаңызшы. Мені балаларыммен қоса асырап, ішкізіп-киіндіру осының міндеті емес пе? Неге оған ләм-мим демейсіз?! Жалпы, былай қарағанда ешкім-ешкімге міндетті емес. Шындап келгенде мен де қазір сіздің алдыңызда «анау еді, мынау еді» деп ақталуға міндетті емеспін. Балаңыз болбыр болған соң тізгінді өзім қолыма алдым, тентіреп кетпеудің амалын жасап отырмын. Олай ету балаңыздың қолынан келмесе, онда құры қарап жатпай үй шаруасына қолғабыс етсін. Оның несі айып?! Менің жаным темірден жаралмаған!» дедім.

Енем үндемей, тілін тістеп қалды. Бітті, қазір күйеуім «шешеме неге қарсы сөйледің» деп ұрып-соғатын шығар деп күткем. Бірақ ол да теріс қараған күйі жата берді.


Осы әңгімеден кейін күйеуім ішуін біртіндеп азайтты. «Жүр, балалар ұйықтап жатқанда сөмкелеріңді базарға дейін көтерісейін» деп менімен бірге саудаға шықты. Уақыт өте келе арақты да, темекіні де түбегейлі қойып кетті. Бір өкініштісі, жылдар бойы ішкені бауыры мен бүйрегіне зақым келтірген екен. Ауыр жұмысқа жарамсыз болып қалды.


Қазір мен еркектің міндетін мойныма алғам. Бірақ бұрынғыдай емес, қасымда көмекшілерім бар. Апта бойы жұмыстамын. Тек базар демалған күні ғана үйдемін. Ал күйеуім үй шаруасын игеріп әкетті. Балаларды сабаққа шығарып салып, ас-ауқатты дайындап отырады. «Сен ештеңені уайымдама, бәрін өзім қатырам» деп үйді де тап-тұйнақтай етіп жинап қояды. Қадірімді кеш те болса түсінді. Жора-жолдастарымызбен отырысқа бара қалсақ «мені адам еткен осы кісі» деп мақтауымды асырып отырады.


Екеуміздің осындай ынтымағымыздың арқасы шығар, үйімізге береке кіріп, өткен күндердегі жағымсыз жайлар да ұмытыла бастады. Осы күні бізді ажырасудан аман сақтап қалғаны үшін мамама рахмет айтып, рухына дұға бағыштап отырамын. Егер өзге әйелдер секілді «қызымды ешкімге қорлатпаймын» деп ажыратып алса, балаларымыз қандай күй кешер еді? Күйеуімнің күні не болар еді? Ойласам, қорқып кетемін.


Сондықтан барлық келіншектерге айтарым, ажырасуға асықпаңыздар. Шаңырақ шаттығы үшін аяғына дейін күрессеңіздер, түбінде жеңесіздер. Айтпақшы, кейде ерлі-зайыптылардың рольдері ауысып кететін кездер де болып тұрады екен. Ондайда ролі ауысқанымен әркім отбасындағы өз орнын білсе болды. Сонда шаңырақ шаттыққа толып, ерлі-зайыптылар да бақытты болмақ».