«Күйеуімді үйге айырбастағандаймын»: алматылық келіншек өзін кінәлап отыр

0
2 153

​Төрт баламен жалғыз қалған бір әйелдің оқиғасы.


«Күйеуімді үйге айырбастағандаймын»: алматылық келіншек өзін кінәлап отыр

Бүгінде жастар арасында «Бір жапырақ қағаз нені шешеді?» деп, заңды түрде некелесуді кейінге қалдыратындары көп. Тіпті кейбіреулер бала туғанда, әкесінің аты мен тегі қажет болғанда ғана неке куәлігі туралы ойлайды. Расында да «неке куәлігі» жай құжат қана ма, сезімге әсер ете алмай ма?



Алматылық Заура есімді келіншек неке куәлігіне байланысты көпке ой салатын оқиғасын Заура ERNUR.KZ тілшісіне айтып берді:

«Бір шаңырақ астында екі келін бірге тұрдық. Үлкен абысыным және мен. Мен үйдің кенже келінімін. Бізге негізі о баста ата-енем қара шаңырақта үлкен ұл мен келіні қалатынын айтқан. Сонда да біз өз әрекетімізді жасауға асықпадық.

Күйеуім екеуміз әйтеуір қарнымыздың тоқ болғанына шүкір етіп жүре беріппіз. Ол қайнағам мен абысынымның малдарына қарайды, ал мен сүт пісірем, құрт жасаймын, күнде үш-төрт мезгіл тамақ дайындаймын. Осылай күніміз өтеді. Абысыным мен қайнағам ауылдағы мектепте мұғалім.

Олар күні бойы жұмыста, сондықтан болар бізді артық салмақ көрмеді. Бір жағынан біз де жайлымыз. Үлкен үйдің алдындағы екі бөлмелі времянкада тұрып жаттық.

Он жылдың ішінде 4 баланың анасы атандым. Бір күні түн ортасында абысынымның үлкен ұлы бір қызды алып қашып келді. Абыр-сабыр басталды. Хабаршы жіберілді, беташар өтті. Кешке қонақтар тарқап, ыдыстарды жуып жатқанмын. Қасыма абысыным келді де жайлап әңгімесін бастады.

«Заура, ұл мен келінді сендер тұрып жатқан времянкаға шығарсақ деп едік. Бір-екі жылда екінші ұл да үйленеді. Сендердің балаларың да әні-міне дегенше өсіп қалады. Өз баспаналарың болғаны дұрыс қой...» деді.

Аузыма сөз түспеді. Тек «Иә-иә» дей бердім. Дәл сол уақытта ауылда жалға берілетін времянка табыла қоймады. Күйеуім де, мен де бұндай мәселеге бірінші рет кезігіп тұрғандықтан, не істерімізді білмедік. Бұл жолы да абысыным көмектесті.

Бір құдаша қаладағы времянкасын жалға береді екен. Бастапқы алты айда пәтерақыны ауылдағы енем зейнетақысынан төлеп, ал абысыным құрт-май, ет, картоп беріп жіберіп, қинала қоймадық. Қиындықтың не екенін екі баламыз мектепке барған кезде біле бастадық. Осы уақытта енем ауырып, ауруханаға жатып қалды. Абысынымның келіні кетіп қалып, әркім өз-өзімен болып кетті де, бізді ойлауға ешкімнің шамасы келмеді.

Күйеуім жүк тасушы боп жұмыс істеп, күніне 3-4 мың теңге табады. Ол күнделікті азық-түлікке жұмсалады. Пәтерақыны төлеу үшін мен де жұмыс істеуге шықтым. Жақын маңдағы бір асханаға ыдыс жуушы боп орналастым. Өмір сүрудің оңай еместігін түсіне бастадым.

Асханада менімен бірге жұмыс істейтін баспанасы жоқ көпбалалы бір әйел үй кезегіне тұрыпты. Бірақ төрт жыл өтсе де әлі баспанасыз. Ол «Байқағаным, бірінші әлеуметтік жағынан осал топтарға үй беріледі екен. Мен де ажырасам ба қайтем?» деді. «Ажырасқаны несі? Құдай сақтасын» дедім. Сөйтсем, уақытша ажырасуға болады екен. Ол жолдарын тәптіштеп айтып берді.

Оны естіген соң менен маза кетті. тағы бір күні ол күйеуімен заңды түрде ажырасқанын айтып келді. «Енді жалғызбасты ана ретінде үй кезегіне тұрам да үйлі болам» деді. Қалаға келгелі құрбымдай боп кеткен осы келіншектен қалғым келмеді.

Күйеуіме айттым. Бастапқыда ол көп ойланды, түсінбеді. «Жай құжат үшін керек, ал былайша бірге боламыз. Бірге тұра береміз» деген соң ғана келісті.

Заңды түрде ажырастық. Біз бұрынғыдай бірге тұрып, бірге өмір сүріп жаттық. Бірақ күйеуім әңгіме арасында «Өтірік ажырасу екенін білсем де, өзімді бөтен сияқты санап жүрмін. Жұмыстан қайтарда да басқа біреудің үйіне келе жатқандай күйде болам» деп айтатын болды. Күйеуім өзін бойдақ адамдай сезініп қоймай, ол ажырасқан достарымен жиі кездесетінді шығарды. Оны сол ортасы бұзды ма, отбасының жауапкершілігін біртіндеп менің мойныма арта бастады. «Достармен отырған едік» деп кей күндері бос қол келетін болды.

Осылай ырың-жырыңмен екі жыл уақыт өтті де бір күні ол түнде үйге келмеді. Ертеңіне ұрыстық, керістік. Ол «Шаршадым. Төрт баланы асырау қиын екен. Жұрттың әйелдері ақылды бір ұл, бір қызбен шектеледі. Ал сен туа бердің. Бұлар ертең өскенде әрқайсысын оқуға түсіру керек. Ой, ойласам басым жарылып кете жаздайды» деді. «Тудырдың ба, асыра» деп айқайладым. Ал ол «Шаршатып жібердің, тыныштық берші» деп, есікті тарс жауып шығып кетті.

Арада бір ай өткенде күйеуім келді. «Мені іздемеңдер, досыммен вахталық жұмысқа кетіп жатырмын» деп киімдерін сөмкеге салып кетіп қалды.

Алты ай уақыт өтті. Бір күні таныстардан күйеуімнің Ақтауда бір жесір әйелмен бірге тұрып жатқанын естідім. Ол танысым ашуланып тұрғанымды көріп, «Өзің емес пе ажырасқан... Басы бос еркек өзі біледі ғой» деді. Иә, ажырасуға арыз жазған мен, бірақ біржолата емес қой. Жалғызбасты әйел ретінде үй кезегіне тұрып, баспаналы болу үшін.

Күйеуімді алимент төлеуге мәжбүрлей де алмаймын. Өйткені ажырасарда құрбым «Күйеуің балалаларынан біржолата бас тартса, толық емес отбасы ретінде үйді жылдам аласың» деп еді. Мен шынымен ажырасып кетеміз деп ойламағандықтан бұл жағына мән бермедім.

Несін айтайын, күйеуім содан соң қайтып үйге оралмады. Ал мен мемлекеттен жалдамалы пәтер алдым. Бастапқыда жалдамалы пәтерді өз атыңызға аударуға болмайды деп еді заңгер, ал жақында біртіндеп үйдің ақшасын құю арқылы өз атыңызға рәсімдеп ала аласыз деп қуантты. Мейлі, бұған да шүкір.

Балалар өсіп қалды, кәдімгідей үй жұмысында қолғабыс боп жүр. Соларға қарап шаршағанымды ұмытып кетем. Бірақ күйеуімнің қиындықтың ортасында мені тастап кеткенін ұмыта алмай жүрмін. Бір рет те балаларын іздемегені жаныма батады. Кейде оны баспанаға айырбастағандай сезінем...»


Заура «Заңды түрде ажыраспағанымызда күйеуім басқаға кетпес еді. Отағасы, әке деген жауапкершілікті еркектің ойына әрдайым салып отыратын бір жапырақ қағаздағы мөр екен ғой» дейді.


Ұқсас оқиғалар:


«Атам ет бермейді»: түркістандық келіншек бір қора қойы бар қайынатасына өкпелі


«Терезеден кірген» келінді ырымның кесірінен енесі үйінен қуып жіберген