​«Атам ет бермейді»: Түркістандық келіншек бір қора қойы бар қайынатасына өкпелі

0
9 197

"Кейде «арыққа ма түсіп кетіп пышаққа ілінсе екен» деп армандаймын"


​«Атам ет бермейді»: Түркістандық келіншек бір қора қойы бар қайынатасына өкпелі

иллюстрациялық фото: ашық дереккөзден

«Сіздерге «Әжетхана қағазына ақша бермейді»: Үнемшіл отбасынан шаршаған келін шындығын жайып салды» деген мақаланы оқыған соң хабарласып тұрмын. Әлемде жалғыз емес екенмін, шектен тыс үнемшіл отбасыдан мен де шаршадым. Өз жағдайын айтып берген әйел мұңдасым екен, менің де басымдағы жағдайды жариялаңыздаршы. Бәлкім, ата-енем оқыса ойланар...» деп хабарласқан келіншек өзін Түркістан облысында тұрамын деп таныстырды.

ERNUR.KZ тілшісіне айтып бергеніндей, отбасының үнемшілдігінен шаршаған көрінеді.

«Дәл қазір 70 қойымыз бар. Бірақ біздің үйімізде қой соңғы рет осыдан үш жыл бұрын сойылған. Шынымды айтсам, кейде «арыққа ма түсіп кетіп пышаққа ілінсе екен бір қой» деп армандаймын. Бірақ одан да қайран жоқ-ау, бас-сирағы мен ішек-қарнын ғана жемесек, етін сатып немесе Шымкентте тұратын екі қызына бөліп салып жібереді. Мүлде соймайды, өзімізден аяйды», - деген келіншек қайынатасының шектен тыс сараңдығына ашулы.


- Бес балам бар, үлкен екеуі бос кезінде сол қойдың соңынан салпақтап ереді де жүреді. Ала жаздай ешқайда шықпай, қыдырмай, өкшелері тілініп сол қойды бағады. Бірақ оны сатып ең болмаса мектепке киім, басқа балалар сияқты велосипед немесе смартфон әперсе мейлі ғой. Бір қозы жоғалса ашуланып, айғай салады. Ең ақыры, сол менің балаларым бағып, әбден маңдай терін төккен сол қойдан сойып та жемейміз ғой. Тісімізге ет қыстың күні ғана, онда да көршілер соғым сойғанда тиеді.


Соғымның өзін әрі кетсе бір жілік аламыз да, оны да тамаққа қосу үшін немесе асу үшін атамыздан сұрап аламыз. «Етсіз істей беріңдер» деп отыра береді. Айына бір рет, онда да жарты жапырақ ет асамыз. Бір үйлі жанға не болсын, ашаршылық заманындай сорпасын да қалдырмай ішеміз сосын.


Жағдайымыз жаман емес, 70 қой, 2 сиыр, бір бие бар. Биені жаздай сауып, саумалын сатамыз. Оның да қымызы өзімізге зорға тиеді. Сиырдың біреуін балаларымның ақшасына алған соң билігім жүреді, әйтеуір. Әйтпесе, айран-сүтті де ішкізбей қояр ма еді. Онсыз да атамның қытымырлығына әбден үйренген енем айран-сүтті жинап, оны да үнемдеп дүкенге өткізіп тұрады. Қара шаңырақ болған соң келген ұл-қызына өзім салып беремін. Бірақ соның бәрінде өзімізден аяп, тек басқалар үшін деп отыратыны шектен шықты.

Келген құдаларға қой союдың орнына ет сатып аламыз. Сондай кездері ұялып кетемін. Кейде балаларыммен қонаққа барсам кәмпитке емес, «ет жеймін» дегенінде жылағым келеді. Бұрын бәріне үндемей көне беруші едім, қазір бала-шағам өскелі күйеуіме ата-енемнің көзінше «ет әкел!» деп талап ететін болдым. Ол да әбден әкесіне қарайлап қалған, басында ұрсатын еді. Әдейілеп мінез көрсеткелі етке деп ақша беретін болды.


Қашанғы көнеміз? Биыл «балалар мал бақпайды, лагерьге барады» деп үлкен екеуін қыдыртып жібердім. Өмір бойы көргені мал, ештеңе білмей өсетін болды. Қазір қартайған атам бағып жүр ешкімге қимайтын қойларын. Ол үшін енем маған біраз ұрысты, күйеуім де. Бой бермедім, «қойынан бала-шағаның да несібесін бөліп отырсын, қыста сойып жеп рахатын көрмесек не керегі бар оның?» деп айтқанымнан қайтпадым.


Қой көбейеді, бірақ сатады немесе тойға атап жібереді. Өзінің қолындағы немерелерінен, өзіміздің тамағымыздан аясақ несіне бағамыз? Оның жем-шөбін дайындау да, қыстай астын тазалап, жайғау да менің балаларымның шаруасы ғой. Бәрін айттым, енді атам маған ренжіген күй танытып жүр. Әрине, аяймын. Бірақ ол да түсінуі керек қой?! – деген келіншек бар жағдайын жайып салды.

«Енді өзгеретін шығар, аяймын кейде. Мына күн ыстықта өзі бағып жүр. Балалар келсе, бағады ғой. Бірақ бұдан кейін қыста-жазда бір-бір қой сойып беріңіз деп отырмын» деген ол атасына талап та қойыпты.


ТАҒЫ ОҚЫҢЫЗ:

«Терезеден кірген» келінді ырымның кесірінен енесі үйінен қуып жіберген


«Әйелім түнімен қинайды»: Шымкенттік жігіт 15 жыл отасқан келіншегін түсінбей жүр