​«Терезеден кірген» келінді ырымның кесірінен енесі үйінен қуып жіберген

0
12 568

Қазір күйеуінің туыстары мазаққа шыдамаған келінмен араласқысы келмейтін көрінеді.


​«Терезеден кірген» келінді ырымның кесірінен енесі үйінен қуып жіберген

көрнекілік үшін сурет stan.kz сайтынан алынды

Қазақстанның кейбір өңірлерінде екі келін қатар түскенде жолы кішісін терезеден кіргізетін ырым бар. Мұны көпшілік арасында дәстүр санайтындар да жоқ емес. Бірақ әлеуметтік желіде тараған бейнежазбалардың астында жазылған пікірлерден жақсы көзқарас қалыптастыратын да жағдай емес екендігі байқалады.

Ал өзін қызылордалықпын деп таныстырған келіншек осынау ырымның кесірінен опық жеп, «терезеден кіргені үшін» сүйіп қосылған күйеуінен ажырасып кеткенін ERNUR.KZ тілшісіне айтып берген болатын.

«Әңгіме ырымда да емес шығар, бірақ соны келеке-мазаққа айналдырғандар тынышымды бұза берді» деген келіншек күйеуінің туыстарына ренжулі.


- Барлығы біздің үйленетін күні аяқастынан болды. Болашақ күйеуімнің ағасы інісіне өзі жол берген екен. Сосын үйдегілердің батасымен туған ұямнан ұзатылдым. Алтын босағамды оң аяқпен аттап кіріп, сол үйде бақытты боламын деген арманымның бәрі көкке ұшты. Жолда бара жатқанымызда «ағам да келіншек әкеле жатыр екен» деген жаңалық айтты. Маған ол қызық көрінді. «Бірден екі бірдей келін түсеміз, екеуміз құрбы боп кететін болдық жалғызсырамаймын» деген үмітпен қуанып қалдым.


Біз ауылға жақындағанда «сәл бөгеле тұрсын» деген хабар келіпті. «Дайындық бітпей жатқан шығар» деп ойлап сыртқа шығып аяқ созып, фото пен видеоға түсіп алдық. Сосын қайта көлікке отырып босағасын аттайтын үйдің алдына кеп тоқтағанда көпшілік шуласып, музыка ойнап жатты. Ақ сәукелеммен қақпадан кірген көліктен түскенімде жаулық жапқан жеңгейдер үйге емес, сыртқы терезенің алдына әкелді. Мен түкке түсінбей тұрмын.


«Екі келін түссе, үлкені есіктен, кішісі терезеден кіреді. Тату боласыңдар, ренжіспейсіңдер, екеуің де үй боп кетесіңдер. Сондай ырымы бұл», - деп мені қолтықтаған келіншектерге ермей орнымда тұрып қалдым мұны естігеннен. «Неге мен босаға аттамай, ұры сияқты терезеден түсуім керек?» болды бар ойым.


Келіншектің бірі «мынаның келмей жатып мінезі бар сияқты ғой» деп үлгергенін де естіп қалдым. Ішім біртүрлі боп жылағым келді, көңілім құлазып кетті. Өмірімнің ең бір маңызды сәтінің быт-шыты шыққанына ренжіп қалдым.


Бірге келген әпкем мен жеңгем мұндайды естімегендіктерін, дұрыс нәрсе емес екенін айтып шу шығарды. «Босағадан кірсе не болады? Қайдан шыққан заң бұл?» деген оларды да сондағы үлкендер жабылып басты. Сөйтіп үлкен бір әжей келіп маңдайымнан сүйді де, «еш алаңдама, кіре бер» деп өзі жетелеп баспалдақ қойылған терезеге сүйемелдеп жіберді. Солай мен босаға емес «терезе аттадым». Көңілім қатты түсті, ойымда қалып қойды. Бірақ кейін ұмытылып кетер ме еді, сол терезеден түскенімді барлығы бетіме басып келемеждей бермегенде.


Ауылға «терезеден түскен келін» атандым. Оны естігенде бір жылағанмын. Содан кейін бір қайным әзілдесетін болды, «жеңеше, терезеден түскен қайдай екен» деп. Оныкін ойынға, әзілге сүйеп шыдап жүргенмін. Бірақ енем мен қайынсіңлім бір күні қонақтардың көзінше «біреуі есіктен, біреуі тесіктен кірген екі келін бар» дегенде жаныма қатты батты. Сол кезде менен үлкен «есіктен кірген» абысынымның маған өктем қарағанын да сездім. Содан кейін ол ауылда тұрғым келмеді. Күйеуім астанаға кетіп жұмыс істеп жүрген. Оны да айлап күтемін. Жанымды түсінер, келемеждеудің орнына қолдау көрсететін ешкім болмады қасымда.


Ал мен босаға аттайтын күні келін болып түскен абысыным маған жиі қыр таныта бастады. Өзінің үлкен екенін өзі ғана емес, енем де сөз арасында айта берді. Сыйлаймын, жөнімді мен де білемін ғой. Бірақ мені ұнатпады, құрбылардай сырлас боламыз деген үмітім орындалмады.


Бірде үйдің терезелерін жуып жатқанмын. Келді де «өзің аттаған босағаны жуып отырсың ба?» деп күлді. Онсыз да жаныма тиіп жүрген, осы жолы шыдамадым. Ойымды ашық айтып, ол күні барлық салт бойынша босағаны мен аттауым керек болғанын, ал оның жолдан қосылып келіп менің ең маңызды күнімнің быт-шытын шығарғанын, соның кесірінен бүкіл ауылға «терезеден түскен келін» атанғаным ұнамайтынын жайып салдым.

Ал ол мұны ұрыс шығарды деп енеме, сосын қайнағама, күйеуіме... Жылады, кететін болып қорқытты. Бәріне мен кінәлі болдым. Мені кешірім сұратпақ болды, мен сұрамадым. Себебі, түк те кінәлі емес едім.


Содан кейін мен «ешкімді сыйламайтын келін» болдым, ол үйде тұруға хақым жоқ екен. Менің көзімше күйеуіме «мынауыңның көзін құрт» деген енемнің сөзінен соң ол үйде өзім де тұра алмас едім. Күйеуім ренжіді, ұрысты. Бірақ мен өзімді олай басындыруға жол бере алмайтынымды айттым.


Қазір астанада тұрамыз, пәтер жалдап жүрміз. Мне үшін күйеуімнің жүзі туыстарының алдында пәс екенін білемін. Ол да үйіне тек өзі ғана барып келеді, мені ертпейді. Ондағылар да мені күтпейтінін сеземін. Сондағым, өзімді келемеждеуге жол бере алмайтынымды айтқаным үшін жазықтымын. Мүмкін, ашулары басылар, мені түсінетін уақыт болар. Маған бататыны, «келін келемеждеуге болса да көне беруі керек» деген өте теріс көзқарас.

Бәлкім, немерелері дүниеге келгенде жүректері жібитін шығар...


Осылай деген келіншек өзінің дұрыс жасағанына сенімді.

«Келіннің шырқын бұзып, мазаққа айнладырса не керегі бар ондай ырымның?» деген ол сондай наным-сенімді ойлап тапқандарға да ашулы.


ТАҒЫ ОҚЫҢЫЗ:


«Әйелім түнімен қинайды»: Шымкенттік жігіт 15 жыл отасқан келіншегін түсінбей жүр


«Түсік тастай беремін»: алматылық келіншек күйеуін кінәлайды