«Күйеуімнің туысқандары бәрін тартып алды»: кәсіпкердің әйелі ыдыс жуып жүр

0
1 584

​Күйеуім қайтыс болады деп ешкім ойламас.


«Күйеуімнің туысқандары бәрін тартып алды»: кәсіпкердің әйелі ыдыс жуып жүр

Әсия есімді нұр-сұлтандық келіншек «Әр әйел өзіне бір рет болса да «Егер күйеуім қайтыс боп кетсе қалай күн көремін?» деген сұрақты қоюы керек», - дейді. Өйткені адам алдында не күтіп тұрғанын білмейді.

«Мен де өмірімнің осылай өзгеріп кететінін ойламадым. Үш пәтері бар, ас та төк өмір сүріп жатқан мен далада қалатынымды білмедім. Олар бәрін тартып алды. Мен мейлі, күйеуімнен туған балаларға жандары ашымай отыр ғой», - деп көз жасын бір сығып алды нұр-сұлтандық келіншек.



Барынан айырылып, қазір пәтер жалдап тұрып жатқан Әсия күйінішін ERNUR.KZ тілшісіне баяндады:

«Күйеуім кәсіпкер еді. Жақсы табыс тапты. Алматыдан астанаға көшіп келдік. Балаларымыз ақылы мектепте оқыды, жақсы балабақшаға барды. Нұр-Сұлтаннан үш пәтер сатып алып, оларды жалға бердік. Менің жұмысым – ай сайын пәтершілерден пәтерақыны жинап алу, балаларды мектебіне, балабақшаға, қосымша үйірмелерге көлікпен апарып-әкелу. Пәтерлерден түскен ақшаны мен өзімнің қажеттіліктеріне жұмсайтынмын. Одан бөлек күйеуім сұраған ақшаны қолыма ұстататын. Сондай жомарт жан еді.

Қазір ойланып отырсам, күйеуім мені қатты жақсы көрген екен. Ол менен ешнәрсені аямады. Ешқашан менен жұмсаған ақшамның есебін сұрамаған. Сол кезде ақшаны оңды-солды шаша бермей депозитке салсам ғой, алдымнан шығар екен. Немесе ертеңімді ойлап, бір бөлмелі пәтер сатып алып, оны анамның атына жазып қоюды да ойламаппын. Есептесем, қаншама бір бөлмелі пәтердің ақшасын дәмді тамақ пен саяхаттауға, тозып қалатын киімдерге жұмсаппын.

Күйеуіме қатты еркелеппін. Оған сеніп кеткенім соншалықты, ақша, балаларды асырау, қайда тұрам, бұлар мені ойландырмады, қызықтырмады. Тіпті күйеуім басқа әйелге кетеді, жүреді деген де ой болмаған.

Ойламаған жерден күйеуім 45 жасында жүрек дертінен қаза болды. Басқа қалаға іс-сапарға кеткен, қонақүйге түнеген, таңертең оянбаған. Ағасы үлкен қызметте жұмыс істейді. Оның айтуынша, жүрек дертінен қайтыс болыпты күйеуім. Жылағаннан басқа қолымнан не келеді? Қырық күн бойы көзімнің жасы құрғамады.

Есімді жиып, пәтершілерге қоңырау соқтым. Олар «Үй егесі бізді шығарып жіберді» деді. «Ол қай уақытта сендерді шығарып үлгерген?» деп таң қалдым. Үш пәтерімнің де пәтершілерінен бір жауапты естіген соң, бардым.

Пәтерлердің құлпы ауысқан. Күйеуімнің досына қоңырау шалдым. Ол мән-жайды анықтап беретін болды.

Екі күннен соң ол «Пәтерлер күйеуіңнің де, сенің де атыңда емес» деді. Кейін білдім ғой, күйеуім депутаттық мандатқа үміткерлікке түсерден бір жыл бұрын басындағы барлық жылжымайтын, жылжитын мүліктерін туған-туысқандарының атына жазыпты. Сонда да ол депутат бола алмап еді.

Арыздандым, шағым жаздым. Адвокат жалдадым. Бірақ адвокатым «Заң жүзінде барлық пәтердің, тіпті сіз айдап жүрген көліктің де, тұрып жатқан үйдің де иелері бар. Атыңызда ешнәрсе жоқ. Фирма да сатылып кеткен» деді. Қанша даулассам да жеңілетінімді айтып түсіндірді.

Күйеуім өлетінін білмеді. Әйтпесе ол үш баласы мен әйелін далада қалдырмас еді. Ал оның бауырлары бізді үйден қуып шықты. Бәрін тартып алды.

Мен осы жағдайға қарап отырып, күйеуім қасақана өлтірілді ме деген күдікте жүрмін. Соңғы уақытта ол іс-сапарға көп шықты, біреулерді күтіп алып, шығарып салып, әйтеуір қолы босамайтын еді. Ал мен күйеуімнен бір рет те «Қайда болдың? Денсаулығың жақсы ма?» деп сұрамаппын.

Қолым қалт етсе құрбыларыммен киім дүкендерін араладым. Балаларды қыдырттым. Тамақты кафе, мейрамханалардан іше саламыз. Кейде үйге тапсырыспен алдырып жейміз. Уақыт та, ақша да көп болыпты ғой менде. Бірақ соның қадірін білмегеніме, күйеуімнің жай-күйін сұрамағаныма ішім ашиды.

Қызылды-жасылды дүниеге қызығып жүре бергенше, өмірімді күйеусіз бір елестетіп ойланып қойсам болады ғой. Мүмкін сол кезде білім алуға, өзімді жетілдіруге, ақша жинауға тырысар ма едім, кім білсін?!

Уақытты өткізу үшін құрбыларыммен жиі кездесуге баратынмын. Олар да мен сияқты кәсіпкердің, депутаттың әйелдері. Арамызда күйеуі тоқал алып, тастап кеткен бір құрбым бар. Сол бізге «Әрнәрсені сылтауратып күйеулеріңе алтын, гауһар жүзік, сырғалар алдырта беріңдер. Ертең бір жағдай боп қалса, ешкім қалмайды, ал алтындарың қалады» деп жиі айтатын. Құрбы келіншектің сөзін енді түсініп отырмын.

Шынында да, далада қалғанымда ең бірінші алтындарымды саттым. Гауһар жүзіктерім мен сырғамның ақшасы біраз ай пәтер жалдап тұруға, балаларымның ас-ауқатына көмек болды. Сосын құндыз тонымды саттым. Анам зейнетақысын беріп отырды.

Қолымда «қаржыгер» деген табақтай дипломым бар. Бірақ мен онымен бір ай да жұмыс істемегенмін, түк білмеймін. Сондықтан дипломыммен жұмысқа орналаса алмадым.

Қиналып жүргенімде күйеулері дөкей құрбыларымнан көмек сұрадым. Бәрі теріс айналды. Бір құрбым ғана жағдайымды түсініп, киім сататын бутигіне сатушы етіп алды. Ай сайын 130-150 мың теңге төледі. Бірақ бір отырыста себепсіз күйеуін қызғанып, ұрыс шығарды. Ертеңіне мені жұмыстан шығарып жіберді.

Ауылдағы анам мен ағамның қолына барайын десем, сыймаймын. Ағамның бес баласы бар. Олардың өз мәселелері жетеді. «Жұмыс көп қой қалада, шіренбей кез келген жұмысты істей берсейші» дейді жеңгем. Шіреніп, жұмыс таңдап жатқан жоқпын. Қолымнан ешнәрсе келмейді. Қазір бір мейрамханада ыдыс жуып жүрмін.

Осы уақытқа дейін күйеуімнің ақшасын шашып, жұмсап жүре бергенше бірнәрсе үйренсем болады ғой. Өзгеге емес, өзіме қапаланам. Әйел адам күйеусіз өмірін де ойлап қойған жөн екен...»



Ұқсас оқиғалар:


«Күйеуім сүндеттелмеген»: мұсылмандыққа бет бұрған келіншек не істерін білмей жүр

«Атам мен енем ұялмайды»: алматылық келіншек түнімен ұйықтай алмай шығатынын айтып шағымданды