​«Құрдас келіншек үшін күйеуімнен таяқ жедім»: түркістандық әйел күйеуінің достарынан көңілі қалғанын айтты

0
2 060

«Күйеуіңнің кімдермен араласып жүргенін біліп қою артық болмайды екен»


​«Құрдас келіншек үшін күйеуімнен таяқ жедім»: түркістандық әйел күйеуінің достарынан көңілі қалғанын айтты
иллюстрациялық сурет ашық дереккөзден алынды


«Араласатын ортаң жақсы болса – өскенің, жаман болса – өшкенің. Осыны күйеуіме айтып, түсіндіре алмай-ақ қойдым. «Олар менің кішкентайдан бірге өскен достарым» деп сыныптастарымен араласқанын қоймады. Ақырында сол достары үшін ажырасып тындық», - дейді Гүлназым есімді әйел.


Оқырманымыздың күйеуімен ажырасып кетуіне құрдас келіншектің қырындауы себеп болыпты. Оқиғаның мән-жайын Гүлназым ERNUR.KZ тілшісіне әңгімелеп берді.


«Үш перзентіміз бар, екі қыз, бір ұл. Күні кешеге дейін бақытты әйел едім, күйеуім де сыр алдырмай келді. Ал оның басқа емес, жан досының әйелімен ойнастық жасап жүргенін естігенде қандай күйге түстім десейші, аспан айналып жерге түскендей болды ғой.


Ақ көңілдігімнен өмір бақи опық жеп келемін. Күйеуге тигенде оның сыныптастарын жақтырмасам да, күйеуім үшін олармен жақын араласып кетуге барымды салдым. Олардың ойы, әңгімесі, тіпті көзқарасы да басқаша еді. Бастары қосыла кетсе әйел, еркек деместен бет алды ішіп алып, бір-біріне жабысып билеп, анайы әзілдердің басын ағытып, реті келсе кекетіп, мұқатып отыратын. «Сенің осы достарың қызық, балалы-шағалы адамдар ғой, ұялмай ма?» деп Ғаниға талай рет айттым. «Нең бар, өздері біледі ғой» деп мені тоқтатып тастайтын.


Бір жолы достармен гәп ойнап, бір досымыздың үйіне қонаққа бардық. Отырыс қызып, бәрі ішіп-қуып бастаған. Үйге тастап кеткен кішкентайым жылады деп хабарласқан соң, отырыстан ертерек қайттық. Ойымда дым жоқ, есікті кілттеп, киімімді шешіп жатсам күйеуім көлігін оталдырып, гәпке қайта кетіп қалыпты. Қатты ренжідім, «менен сенің достарың артық болды ма, енді гәпке бармаймын» деп ұрыс шығардым. «Бармасаң қой, өзім қатысып жүре берем» деп бұл да қайтпады. Содан кейін достардың отырысына баруды қойдым. Арасында той-жиындарға барып, бой көрсеткенім болмаса, етене араласып кетпедім.


Бір күні түнгі үште Ғанидің телефоны шырылдады. Шырт ұйқыда жатқанбыз, «Баханың әйелі ғой» деді де, телефонын алып сыртқа шығып кетті. Сәлден соң келіп, «Маржан «үйіме жеткізіп салшы деп отыр. Таксиге ақшасы қалмапты, мен апарып келе салайын, ұят қой» деп кетіп қалды. Не болғанын түсініп үлгермедім. Таксиге ақшасы жоқ болса түн ішінде несі бар қыдырып? Менің күйеуімнен басқа адам құрып қалып па?


Үйде осындай жағдай жиіледі. «Мен Баханың үйіне барып келейін, досым шақырып жатыр» деп кетіп қала береді. Телефонын қолынан тастамайды. Бұрын достарының үйіне кетсе үйдегі киімімен шығып кете беретін, ал Бахасына барарда сыланып, бар жақсысын үстіне жапсырып шығатын болды...


Жақында ұлымызға сүндет той бердік. Біздің өңірде тойдың алдында ел-жұртқа палау пісіріп, ас беретінін ел білетін шығар. Асқа құрдастар да келді. Ішіп-жеп, сый-сияпаттардың бәрін алып кетті. Екі күннен кейін тойханада үлкен тойды жасадық.

Онда да достары ішіп алып, берекені қашырды. Әсіресе әлгі Маржан, удай мас, асабаның миын ашытып, ойынға да, басқаға да атылып шығып, менің күйеуімді құшақтап, бетінен шөлпілдетіп сүйіп өліп барады. Тілек айтқанда да «Гүлназ, жолың болғыш екен, Ғанидай жігітті қаратып алған, бағала, мұндай жігіттер жолда жатпайды...» деп қайдағы жоқты айтты. Оның күйеуі вахтада істейтін, тойға келмеген.

Әлгі жерде бірдеңеден күдіктеніп, ішім қылп ете қалды. Бірақ ашуымды да, ренішімді де ешкімге білдірмедім.


Ертеңіне үйдегі қонақтарды күтіп, біразын шығарып салып, шаршап-шалдығып отырсақ, Ғанидің телефоны шырылдады. Алса әлгі Маржан, орнынан тұрып, сыртқа шыққалы жатыр еді, «Отыр, осы жерде сөйлес!» дедім. Сөйтсем Маржан менің күйеуіме бұйрық беріп тұр, бұған не дейсің?


«Ертең менің қолым бос, «Құдайға шүкірлеріңді» ертең беріп жіберіңдер, арғы күні тағы той, оның ертесіне құдалық, босамаймын. Әйеліңе айт, ертеңге дайындалсын!» деп қояды ұялмай. Ашуым келіп, күйеуімнің қолынан телефонды жұлып алдым.

Ішіме жиналып қалған өкпе-ренішімнің бәрін айтып салдым. «Сен кімсің бізге бұйрық беретін?! Ішіп-жеп кеткендерің аз ба еді? Байқаймын, менің күйеуіммен қатты араласып бара жатырсың, байы бар әйелсің ғой, өзің ұялмайсың ба?..» деп айта бастағаным сол еді, жағыма күйеуімнің жұдырығы тиді. Қайдағы бір құрдас келіншек үшін таяқ жеп қалдым.


Қайдағы бір деп қоям, сөйтсем бұлар бұрыннан аралсып, көңілдес боп жүрген екен. Онысын сол күні түнде телефонын ақтарып отырып біліп алдым. Бұрын ондай әдетім жоқ еді, үйдегі ұрыстан кейін тығып қойған телефонын тауып, екеуінің жазған хаттарын оқып шықтым.


Маржан мен Ғанидің ым-жымы біразға созылыпты. Тіпті бір-біріне жалаңаш түскен суреттерін жіберіп, ашық әңгімелесіп жүреді екен. Бізбің бай осы уаққа дейін маған айтпаған небір жылы сөздерін досының әйеліне арнап, арасында сыйлық беріп жүрген.


Содан мен ағайын-туысты, Маржанды күйеуімен қоса шақырып, ел-жұртқа масқара еттім. Байғұс Баха бала-шағасын асырау үшін вахтаға кеткенде әйелі көзіне шөп салып жүргенін білгенде көк ала қойдай етіп сабап тастады. Олар да, біз де ажырастық. Себебі мұндай опасыздыққа шыдап өмір сүре алмайды екем.


«Еркекті жолдан шығарар, əйелдің сұмы, залымы. Даудан дауды тудырар, Қоғамның ойсыз азғыны» дегенді қазақ бекер айтпаған екен. Әйелден айла артылмайды, сондықтан айналаға бажайлап қарап, күйеуіңіздің кімдермен араласып жүргенін аңдап қою артық болмайды екен».