«Алданым қалғаным әлі күнге маза бермейді...»
иллюстрациялық сурет ашық дереккөзден алынды
Бір ғана қателік адамның тағдырын күрт өзгертіп жіберуге қауқарлы екен. Әлде менің маңдайыма жазылғаны солай болды ма, білмеймін. Жасым қырықтан асса да қыз күнімдегі күнәм өміріме тыныштық бермей келеді», - дейді Г. деген әйел.
Студенттік шақта жігітке алданып аяғы ауырлар қалған оқырманымыз ауыр тағдырын ERNUR.KZ тілшісімен бөлісті.
«Үйдегі үш ұлдың ішінде еркелеп, еркекшоралау қыз боп өстім. Қыз болып сылаңдауда, тарану мен боянуды студент болғанша білмеппін. Сондықтан болар, үшінші курсқа дейін жігіт атаулымен жүріп көрмедім. Жатақханадағы қыздар кіммен қалай сүйіскенін айтып, жырлағанда «сүйісу деген қандай болады» деп ішімнен ұялып, қиялдап отыруды едім. Өзімді артта қалған адамдай сезінетінмін.
Негізі өзім тартымды болдым, сабақты да жақсы оқығам, мінезім де жайлы. Соған орай сөз салған жігіттер де болды, бірақ «мен сүйісе алмаймын, олар күлетін шығар» деп бетін қайтара беретінмін. Бір жолы Жомарт деген жігіттің құрығына түстім. Бір-бірімізді ұнатып жүре бастадық. «Сен әлі балапан екенсің ғой» деп менің баладай пәк көңіліме ішек-сілесі қата күліп алды. Соңынан «маған сен сияқты адал қыздар ұнайды, мен сенің алғашқы да соңғы махаббатың болам» деп тәтті сөздерімен алдап, өзіне жіпсіз байлап алды.
Төртінші курста екеуміз жатақханада бірге тұрдық. Таныстарын араға салып, бір бөлмені біз үшін босатып алды. «Ақыры үйленеміз ғой» дегесін ақымақ басым оның сөзіне имандай сеніппін. «Оқу бітіруге аз қалды, әке-шешелерімізбен танысайық, той жағын ақылдасайық» деп бір-екі мәрте айтқанда «Жұмысқа тұрып алуым керек, сәл шыдайық» деп қашқақтаған. Ал кейін, аяғымның ауырлағанын білгенде қарасын батырды. Не ештеңені ашып түсіндірген жоқ, не кетуінің себебін айтпады, әйтеуір бір-ақ күнде жоқ болды. Сол кеткеннен мол кетіп, оралмады. Дипломдық жұмысын да ақшамен тындырып, ауылына тайып тұрыпты.
«Енді қайттім?» деп басым қатып, тығырықтан шығарға жол таппай жүргенде бір сыныпта оқыған жігітті кездестіріп қалдым. Жағдай сұрасып, түскі асты бірге іштік. «Сен баяғыда еркекшора қыз едің, қалаға келіп өзгеріп кетіпсің. Мектепте жүргенде сөз салуға қорқушы едім» деп әзіл-шыны аралас күліп алды. Өзі үйленіп, бір баласымен ажырасыпты. Әйелі «маған сенен бала керек емес» деп тастап кетіпті. Мен де соңғы жаңалығымды жасырмай айтып бердім. Алданып қалғанымды, ішімде екі айлық бала барын білді. Ертеңіне тағы да кездесуге шақырды да, үйленуге ұсыныс білдірді. «Екі жарты – бір бүтін» болайық» деді. «Сенің балаңды өз баламдай көрем, маңдайынан шертпеймін» деп уәде берді.
Алғашында сыныптасымның бұл ұсынысына келіспедім. Бірақ бірте-бірте бетіме қара дақ түсіп, ішім біліне бастағанда үйдегі әкемнің, ағаларымның ашуынан қорықтым. Жан құрбым да «алдыңа келіп тұрған бақты теппе» деп үгіттеп, сыныптасыма күйеуге беріп жіберді.
Біз ата-енеме баланың басқанікі екені туралы тіс жармаймыз деп келістік. Күйеуім сөзінде тұрды, үлкен ұлымды ешқашан басқаларынан бөліп, шеттеткен емес. Бірақ мінезді жігіт боп шықты. Анда-санда, ашуы келгенде жұдырығымен түйреп алатыны бар. Бірақ баламды өгейсітпегені үшін оның бәріне көз жұма қарадым.
Ауылдағы бес бөлмелі үйде қайынағам әйелімен, үш баласымен, оған күйеуден бір қызымен қайтып келген қайынсіңлім, қайным, ата-енем, бәріміз бірге тұрдық. Абысын мектепте мұғалім боп істейді. Үйдегі бар тірлік менің мойнымда. Адуынды енемнің тілі сондай ащы. Артымнан түртпектеп, әр ісімді ерінбей тексеріп шығатын. Оннан астам адамға нан пісіру, кір қоңын жуу, тамағы – әйтеуір бітпейтін шаруа. Сонда да енеме жақпадым.
«Келініңіздің менен аяғы ауыр» деп айтқаннан түрін тыржитып, ернін сылп еткізген. «Есігімді адал аттамадың» деп отырсам опақ, тұрсам сопақ етті. Үйдегі бар табыс ененің қолында, ішкиім алу үшін бір апта жалынатын едік. Маған қарағанда абысыным пысықтау, айлығынан жырымдап алып қалатын.
Менің ішімде келген бала күйеуіме де, маған да ұқсамады. «Осы балаға қарасам дым ішім жылымайды, бөтен сияқты» деп енем бір-екі мәрте айтып қалды. Үйдегі балалар ұрысып қалғанда да енем бірдеңені сезгендей менің балама бірінші таяқ жұмсайтын. Арасында «арамтамақ», «қу жетек» деген сөздерді қосып тұрып ұрсатын. Бірақ еш уақытта маған да, күйеуіме де бұл туралы тіс жарған емес. «Апам бәрін біліп қойған сияқты, Арманға күн көрсетпейді, енді не істейміз» деп күйеуіме айтып ем, «олардың бізде шаруасы болмасын, Арман менің балам, бітті» деп нүктесін қойды.
Бірақ барған сайын енем екеуміздің арамыз ашылып бара жатты. Екі сөзінің бірінде «Сен менің баламның басын айналдырып алдың» деп тиісе беретін. Тіпті бір жолы күйеуім қалаға іссапармен кеткенде балам екеумізді үйден қуып шықты. Күйеуімнен туған ұлды бермей, алып қалды. Екі кеште көшеде қаңғып қалып, күйеуіме хабарласып, түн ішінде еншімізді алып шықтық.
Күйеуімнің бірінші ұлы, менің ұлым, одан кейін ортақ екі баламыз бар. Обалы не керек, күйеуім балалардың ешқайсысын бөлмеді, еркелетсе бәрін бірдей еркелетті, жазаласа да төртеуін тік тұрғызып қоятын. Оған қоса малтабар адам боп шықты. Қаладан жер үй салып алдық. Біздің үй біткен күні абысыным енемді қарашаңырақтан қуып шыққан. «Қалаға барып тұрыңыз, туалеті ішінде, өзіміз мына үйге сыймай жатырмыз» депті. Басында біздің үйге келгісі келмей, кіші келіннің қолына барған. Еркетай келіні бірінші күннен жақтырмай, «пәтер тар, балаңыз үй алғанда көшіп келесіз» деп мәдениетті түрде шығарпы салған. Қит етсе «кетемге» басатын келіннен қорқып қалса керек, үндемей, басы салбырап біздің үйге келіпті. «Ырылдарсың, қаппассың, менен жақсысын таппасың» болдым да қалдым.
Кейде енемнің маған істеген қылықтарын, айтқан ауыр сөздерін есіме алсам, «Мен неге енеме қарауым керек? Мені түкке алғысыз көруші еді ғой?!» деп ойлаймын да, кейіннен күйеуімнің азаматтығы, сөзінде тұрғаны үшін ішке «жұтам». Ол кісі де өзінің кінәсін түсінгендей «қартаймайтындай боп жүріппіз ғой» деп жиі күрсініп қояды. Маған көрсеткендері үшін өкінетін шығар...
Менің өз өмірімді көпшілік-көзге салғандағы мақсатым, қазіргі қыздар жігіттің тәтті сөзіне иланып, абыройынан айырылып қалмаса екен. Бір қателік бүкіл тағдырыңды өзгертіп жібереді. Сондықтан «сүйем, күйем» дегенге сене бермеген жөн дегім келеді».