​«Қызым әкесін басқа әйелмен ұстап алған»: алматылық әйел күйеуінің опасыздық жасағанын айтады

0
3 028

«Қызым енді әкесін үйден қуып жібергенімді қалайды»


​«Қызым әкесін басқа әйелмен ұстап алған»: алматылық әйел күйеуінің опасыздық жасағанын айтады
иллюстрациялық сурет ашық дереккөзден алынды


«Қыз баласы әкеге жақын болады» деп жатады ғой. Расында солай, менің қызым әкесін ерекше жақсы көретін. Өйткені титтейінен әкесі асырап, бақты. Бір күн көрмей қалса ішігіп, ауырып қалатын. Бірақ, соңғы уақытта қызым әкесімен бірге ас ішпей қалды. Лажы болса көрмеуге, тілдеспеуге тырысады. Өкпелеп қалған», - дейді Мөлдір есімді әйел.


Күйеуі мен қызының арасындағы қарым-қатынастың неден бұзылғанын оқырманымыз ERNUR.KZ тілшісіне айтып берді.


«Махаббат - біздің аңсап күткен қызымыз. Үш жыл бала көтере алмай, Құдайдан күні-түні тілеп жүріп туып алдым. Күйеуім мен босағанда перзентхананың алдында балаша қуанып секірген. Үйге келген соң да ас-суымды өзі әзірлеп, қырқымнан шығарып, қызын шомылдырып менен артық күтім жасады. Өзі өте балажан болатын.


Қызымыз жасынан енді асқанда күйеуім такси болып жүріп апатқа ұшырады да, екі аяғы сал боп қалды. Бақытты күндер көзден бал-бұл ұшқан. «Мен саған масыл болдым» деп аһ ұрып, жерді тоқпақтай беретін күйеуім, емізулі қызым, ақшаның жоқтығы менің еркелігімді сап тыйды. Күндіз үйдің шаруасы мен баладан, күйеуімнің күтімінен босамаймын. Кешкісін ас-ауқатын беріп, үйдің жанындағы етхананың, дәріхананың еденін жуам. Одан шыққасын жақын маңдағы кафенің ыдысын жууға барам. Содан таң атқанда сілем қатып келетінмін.


Осылайша бес жылды артқа тастаппыз. Өзім еркек, өзім әйел боп жүріп түк рахат көрмедім. Жарқырап киінбедім, тапқанымды күйеуімнің дәрі-дәрмегі мен қызымның тамағына жұмсап жүре беріппін. Бірақ ештеңеге өкінбеймін, басқалар сияқты қиындыққа морт сынбай, есебін тауып еңбек еткеніме қуанам.


Бір жолы жұмысқа кетіп бара жатып шай қойыппын да, оны өшіруді ұмытып, шығып кетіппін. Күйеуім де ештеңені сезбей, ұйқыға кеткен. Бір уақта шәугімдегі қайнаған су тасып, астындағы отты өшірген. Одан газ шығып, тұра берген. Бір уақта Құдай жарылқап, күйеуім иісін біліп қалыпты. Жүгіріп бара салғанға аяғы жарамайды, әупірімдеп сүйретіліп жетіп, газды өшіріп, есік-терезені ашып, иістеніп қалған қызына жедел жәрдем шақырып, екеуі аман қалды.


Бір қайғының артынан бір қуаныш бар деген рас қой, осы оқиғадан кейін күйеуімнің аяғына жан біте бастады. Бұрын тіпті қозғалта алмайтын еді. Дереу оңалту орталықтарына «портал» туралап, емдеттім. Алты ай дегенде балдаққа сүйенетін болды. Қазір шүкір, екі аяғын тең басып, жұмысқа тұрып, тұрмысымыз оңалып қалды. Айтпақшы, алты жылдан кейін тағы бір бала туып алғам. Биыл төртінші сыныпқа өтті. Ал қызым он бірінші сыныпта оқып жатыр.


Мендегі мәселе – қызым. Бұрын әкесінің аузындағысын тартып алып жейтін қызым қазір онымен бірге ас ішуге жиіркенетінін айтады. Себесін сұрасам ашып айтпайтын. Күйеуім де мәселенің тігісін жатқызып, «өтпелі кезеңде жүр ғой, кейін басылады, көңіліңе алма» деп мені жұбатып қоятын. Көңіліме неше түрлі ой келіп, дегбірім қашты. Бірдеңені ойласам, соның түбіне жетпей қоймайтын әдетім бар ғой, бір күні қызыммен оңаша қыдырдық. Базар аралап, қалаған киімін әпердім. Одан саябаққа барып, армансыз сырластық.


«Мама, папасыз-ақ өмір сүре аламыз, онымен ажырасыңыз» деді маған. Айтуынша мен ауруханада емделіп жатқанда күйеуім бір әйелді үйге әкепті. Екеуінің төсекте жатқанын сабақтан келген қызым көріп қойыпты. «Сіздің жүрегіңізді ауыртқым келмей, айтпай жүр едім. Бірақ енді онымен бір үйде тұра алмаймын. Кетсін, қуып шығыңыз» деп жылады.


Үйге келіп күйеуіммен ашық сөйлестім. Ол жалынып тұрып кешірім сұрады. Ол әйелмен содан қайтып көріспегенін айтты. Балалар үшін тағы бір мүмкіндік беруімді сұрады. Әрі-бері ойланып, балалар үшін кешіргенім дұрыс деп ойладым.


Жақында қызым тағы жылап келді. «Соншалықты намыссыз адамсыз ба, мама? Айттым сізге қуып жіберіңіз деп, күйеуіңіз әлгі әйелмен қыдырып жүр, қыздармен кинодан шығып бара жатқанда көріп қалдым. Екеуі киноға кіріп бара жатыр. Ол енді адам болмайды» деп ұрысты.


Енді не істесем екен, күйеуіме қызымның әңгімесін әлі айтпадым. Неден, қайтіп бастарымды білмей жүрмін. Қиын күнінде жанына жалау боп, асырап, бағып, аяғынан тұрғызған менің қадірімді түсінбеген күйеуімді қайтсем екен?..»