«Мен бұл әулетке бақ боп келген келінмін»
иллюстрациялық сурет ашық дереккөзден алынды
«Амансыздар ма, ERNUR.KZ ұжымы! Ешкімге, тіпті бауырларыма айта алмайтын жан сырымды сіздермен бөліскім келеді. Мәселе, күйеуім мен менің ата-анам жайлы» деп бастапты әңгімесін редакцияға хат жазған оқырман.
Өзін Мира деп атап көрсеткен келіншектің жазбасынан күйеуіне көңілі толмайтынын байқадық.
«Күйеуіммен бір ауылдың тумасымыз. Ол сегізінші сыныпты бітіргенде ата-анасымен табыс табу мақсатында қалаға көшіп кеткен. Содан кейін тек демалыста ғана келіп тұрды. Ал мен қалаға тек мектеп бітірген соң келіп, оқуға түскенмін. Күйеуім қазір өзін «қалалықпын» деп жоқғары санайды.
Ауылда тұрсақ та айналаға беделді, малды-жанды әулеттің қызымын. Әкемнің абыройы мықты, ауылдың үлкен-кішісі ақыл-кеңесін сұрап келіп тұрады, ешкімнен көмегін аяған емес. Ал күйеуімнің ата-анасы қалаға көшсе де қиындықты әбден көрген кісілер. Біз үйленгенше пәтерден пәтерге көшіп жүрген. Үйленіп, той жасаған соң екі бөлмелі пәтерге қол жеткізді. Басында сол пәтерде ата-енем, екі қайным, бәріміз бірге тұрдық. Бірақ қысылып, емін-еркін өмір сүре алмадық. «Сендер пәтерге бөлек шықсаңдар қайтеді?» деді енем.
Бұл жаңалығымызды менің ата-анам естіп еді, «тапқандарыңды біреудің қалтасына құйып жүресіңдер ме, біз көмектесін, үй әперейік» деді. Сөйтіп әкем қырдағы қорада тұрған жылқыларын сатып, бір бөлмелі пәтер сатып әперді. Сонда менің кекірейген күйеуім «Пәтер әпердім» деп ауыз толтырып айтатындай да емес, әперсе сразу екі бөлмелісін алмады ма» деп кекесінмен күліп еді. Жастықтың буымен онысына онша мән бермеппін.
Биыл біздің отасқанымызға он бес жыл толыпты. Бір бөлмелі үйді әлдеқашан жер үйге ауыстырғанбыз. Күйеуім екеуміз үйді тігіп, несие алып, дүкен ашқанбыз. Содан саудамыз жүріп, қазір бірнеше кәсіптің басын ұстап отырмыз. Қайныларым «Жеңешем біздің үйге бақ боп келген» деп мақтап отырады, оған да шүкір. Қазір күйеуім өзінен кейінгі інілеріне де үй-жай әперіп, ата-анасының жағдайын жасап қойған.
Бірақ менің ата-анама келгенде кежегесі кейін тартады да тұрады, білмеймін не бәлесі барын. «Бүгін мамамның туған күні, құттықтап қойсай» деп айтып, жалынып жүріп әрең звондатқызам. Онда да көрші әйелді құттықтағандай «Құтты болсын» деп бір ауыз сөзбен шектеледі. Күйеу бала болып, ауылға барып, анда-санда қонақ болуды білмейді. Бара қалсақ мені бала-шағаммен тастайды да, нан ауыз тиіп шығып кетеді. Одан гөрі ауылдағы сыныптастары маңыздырақ, соларді іздеп кетіп қалады.
8-наурызда, Жаңа жылда ата-анамды құттықтауға барам ғой, сонда «сыйлық алуға ақша бер» деп сұрасам жыланып кетеді. «Ақша жоқ, бәрін тауарға салып қойдым. Бәрі бар ғой оларда, неменеге тыраштана бересің осы?» деп сөйлеп кетеді. Сосын өзімнің тықпыштап, жинап жүрген ақшамнан шамам жеткен сыйлықты алып, «мынаны күйеу балаларыңыз әперіп жіберді» деп өтірікті соға салам. Қайтем енді, басқа әпке, сіңлілерім сөйтіп жатқанда, қалай үндемей қалам?
Жезделерім де, күйеу балам да бар. Олардан ерекше мейірім лебі еседі. Әпкелерімді төркіндетіп әкеліп, бір күні аунап-қунап қонып, ағамның онша-мұнша шаруасына жәрдемдесіп кетеді. Әкем де менің күйеуіме қарағанда солармен әңгімесі жарасатын сыңайлы. Жас бала емес қой, іштей менің күйеуімнің қырсық мінезін сезеді. Ол келсе әңгімені қысқа қайырады.
Былтыр ағам үйді бұзып, орнына үлкен үй тұрғызатын болды. Сөйтіп құрылысты бастап кетті. Екі айда бір барып, хабар алып тұрдық. Әр барған сайын мамам «Жазираның күйеуі үйдің шатырын көтеретін болды», «Майралар келіп, терезесін әперетінін айтты» деп қуанып отырады. Бір күні шыдай алмай, мен де күйеуіме «Есігін біз көтерейік, жағдайымыз шүкір, жақсы ғой» деп айтып ем, соңы ұрысқа ұласып кетті.
«Үйді де адам жағдайына қарап салмай ма? Ағаң да қызық, тәп-тәуір үйді бұзып алып енді әркімнің жылу жинап салғаны не теңім?» деп отыр. Осы кезде шыдай алмай, мен де оталдым. «Баяғыда әке-шешең жалдамалы пәтерге кетіңдер деп қуып шыққанда осы әке-шешем емес пе, малын сатып, басыңа баспана әперген?! Сол үйді тігіп несие алып, осы кәсіпті бастағаныңды ұмытып қалдың ба? Менің төркініме мұрныңды шүйіретіндей сен кім едің?» деп сөйлеп, ақырында таяқ жеп қалдым. Қанша түсіндірсем де күйеуімнің санасына жетпеді, «өзім болдым, өзім толдым» деп мойындамайды.
Биыл жазда әкеміз 70 жасқа толады, ауылда қазір ата-анасының мерейтойын жасап, машина мінгізу сәнге айналды ғой. Үлкен әпкем осындай бастама көтерді. «Құдайға шүкір, жерге қарап қалған ешкім жоқ. Шамамыз келгенше қосайық, қалғанын ағамның өзі несиеге рәсімдесе де, малын сатса да қосатын шығар. Елдің алдында әкемізге жарқыратын көлік сыйлайық» деді. Менен басқасының бәрі бұл ойды құптай кетті. Тіпті екінші жездем «Мираның үйіндегі бажа бай ғой, бір өзі бір көлік сыйлайтындай шамасы бар, бәріміздің атымыздан бір машина атсайшы, бажа» деп әзілдеді.
Содан бері күйеуімнің мазасы жоқ. Әлі ол көлікті алған жоқпыз, бірақ ол ақша бермеудің амалын жасап жатыр. «Сауда жоқ, қарызға кірдім, үйттім-бүйттым» деп жыланады да отырады. Енді жақында «қыз бала ата-анасына көмектесуге міндетті емес, ата-ананың жағдайын ұлы жасауы тиіс, қыз үшін күйеудің разылығы басты орында» деген сыңайлы бір уағыз-видео салып жіберіпті. Түпкі ниетін бірден түсініп қойдым.
Құдай байлық бергенімен, пейілін қысып қойса, онда оның дүниесінен не пайда? Күйеуімнің өз ата-анасына дегенде шығарға жаны бөлек, ал менің ата-анама келгенде бір жерінің тырысып қалатынына жыным келеді. Жоқшылықта, кедейлікте өмір сүріп, бірден байып кететін адамдардың пейілі жаман болады деуші еді, күйеуім тура сондай сияқты. Сана бермесе қиын екен...»