​«Миллионер күйеуін тастап кетті»: шымкенттік әйел бақыттың байлықта емес екенін айтты

0
706

«Бөлемнің сырты бүтін, іші түтін екен»


​«Миллионер күйеуін тастап кетті»: шымкенттік әйел бақыттың байлықта емес екенін айтты
иллюстрациялық сурет ашық дереккөзден алынды


Ерлі-зайыптылар ажырасса біздің менталитетте көбіне әйелдерді кінәлайды. «Балалары үшін шыдамай ма?», «Тәп-тәуір күйеуінің қадірін білмеді», тым құрығанда «Өзінен бар, мінезінен тапты» деп тұқыртып алуға дайын тұратындар көп. Ал шын мәнісінде олардың өзара келісімі, бір-біріне деген қарым-қатынасын өздерінен басқа ешкім білмейді. Сондықтан ажырасқан ерлі-зайыптыларға бейтарап қарау керек. Біреуді сыртынан сөз етуден сақтанған дұрыс», - дейді Ләйла есімді әйел.


ERNUR.KZ сайтының тұрақты оқырманы Ләйла ханым танысының басынан өткен жағдайды басқаларға ой салсын деген ниетпен айтып беруді ұйғарыпты.


«Ол әйелдің есімін Қарлығаш деп айта салайыншы. Қарлығаш менің бөлеме тұрмысқа шыққан. Екеуі үйлене сала Қостанай жаққа жұмыс бабымен көшіп кетті. Дегенмен бәрімізде қазір телефон бар, ватсаппен хат-хабар алмасып отырамыз ғой. Екеуіне басқалар қызыға қарайтын. Бөлем Марат жоғары лауазымды қызметте істейтін. Одан бөлек Қостанайдың өзінен түрлі-түрлі кәсіпті ашып тастаған. «Оны менің Қарлығашым басқарады» деп бәрін соған табыстап қойды. Бір сөзбен айтқанда екеуі бай-бақуат ғұмыр кешті. Үйленгендеріне төртінші жылға аяқ басқанда Қарлығаш бөлеме бір қыз сыйлады, артынша ұлды да туып берді.


Пендеміз ғой, кейде күйеуімізбен келіспей қалсақ, Мараттай жігітті армандап, «Қарлығаштың бағы бар екен, біздің жүрісіміз мынау» деп қызығып па, қызғанып па, әйтеуір бір сезім ішімді шарпып өтетін. Жылына бір мәрте ауылға қыдырып келеді. Ондайда екеуін әспеттеп бәріміз қонақ етіп, күтеміз. Сыланып, бренд киімдерді киніп бөлемнің сұлу келіншегі «мен диетадамын» деп ештеңе жемей, аузын буған күйі кететін. Онысын ауылдағы біздер «қаланың сылқымы ғой, әбден мейрамхана, кафеден ішіп-жеп қалған, біздің ас-ауқаттарымызды менсінбеді» деп сыртынан сөз етуші едік.


Не керек, жылына екі рет шетелге шығып, әлемнің жеті кереметін көзбен көрген екеуіне елдің көзі тиді ме, бір-ақ күнде ажырасып кетті. Нағашы әпкем «Келін кетті, басына қонған бақты көтере алмады. Оның орнында басқа біреу болса Маратымның аяғын сүйер еді. Алтын қасықпен тамақ ішіп, әбден құтырып кетіп еді, енді оны кім сыйдырар екен» деп жамандағанда бәріміз Қарлығашты жақтырмай, кейде қосыла жамандағанымызды жасырмаймын. «Не жетпей қалды екен?» деп ойлап қоюшы едім...


Сол оқиғадан кейін арада екі жылдай уақыт өткен. Күйеуімнің досы қызын ұзатып, соның құдалығына құрдастардан мені қосыпты. Құдалардың ауылына барып, дастарханынан дәм татып, алдымызға үлкен ас келе бергенде ішке екі адам кіріп келді. Өз көзіме өзім сенбедім, баяғы бөлемнің қасындағы сылқым келіншек Қарлығаш тұр қарсы алдымда. Толысып, бұрынғысынан да әдемілене түскендей. Ол мені байқамай біраз отырды, сосын көзіміз түйісіп қалып, құшақтасып амандастық. «Күйеуім осы құдаларыңыздың досы ғой, жақсы араласамыз» деді. Сөйтсем Қарлығаштың қасындағы жігіт күйеуі екен.


Үлкен астан кейін бата қайырып, бәрі билеу үшін сыртқа шықты. Ал біз Қарлығаш екеуміз жағдай сұрасып, кең дастархан басында қалып қойдық. «Менің бөлем жігіттің сұлтаны еді ғой, сені алақанына салып отырушы еді. Сондай күйеуді не үшін тастап кеттің?» деп сұрдым.


«Мен қуыршақ болып өмір сүруден шаршадым, Ләйла! – деді ол. – Маратқа өзімен сырлас дос, жақсы әйел емес, жансыз қуыршақ керек болды. Ол менен соны талап ететін. Базар жоқ, менен ақшасын аямайды. Не кием, не алам, онымен шаруасы жоқ. Кәсібін де сеніп тапсырып қойды. Бірге қыдырамыз, достарымызбен той-томалаққа барамыз. Ондайда «Бүгін мына көйлегіңді ки, шашыңды былай істет, барған соң былай жүр, артық әңгіме айтушы болма» деп тапсырма беретін. Басында оның бұл талабын «қызғанады, сүйеді» деп қабылдайтынмын. Қасына әп-әдемі боп еріп барам. Артық-ауыс ешкіммен сөйлеспеймін, кейде енді құрдас келіншектермен әңгіме, өсек айтқың келеді. Сәл пыш-пыштай бастасам ала көзімен бір «сүзеді». Биге де шығуға рұқсат жоқ. Тек Мараттың қолынан ұстап, барып қайтқаныма мәз болдым.


Үйге келген соң еркелетіп, қалауымды тыңдап, әзілдессе дейсің. Болады ғой енді, ерлі-зайыптылардың таусылмайтын әңгімесі. Бізде ондай жоқ. Телефоны қолынан түспей отырады. Күні-тыны тыным жоқ, біреулермен сөйлеседі, ұрысады, қол астындағылары тапсырмасын орындамай қойса айқайлап, кейде ақысын менен алады. Қарап отырып біреу үшін сөз естимін. Тамағы уақтылы дайын болмай қалса, киімі дұрыс үтіктелмей қалса да сөзбен мыжи береді.


Балаларға да тәрбие беріп жарытпады. Тіпті демалыс күндері оларға уақыт бөлмейтін. Қолы босаса өзі сияқты бастықтармен сауналатып, бильярд ойнап кететін. Ондай отбасы маған керек пе? Ақша үшін бәріне көз жұмып, бақытты түр жасап жүруден жалықтым».


Осыдан кейін ол екінші күйеуін кездестіріпті. Онысы қарапайым жұмысшы, тұрмыстық техника сататын дүкенде кеңесші болып істейді екен. Қарлығаш онымен өзіне телефон сатып алуға барғанда танысқан.


«Ерғалимен танысып, оған тұрмысқа шығатынымды естігенде өзгелер түгілі өз бауырларым мазақ етіп күлді. «Есің дұрыс емес сенің, әлде де Мараттан кешірім сұрап, жарасуға тырыс» деп ақыл айтты. Бірақ мен ешбірін тыңдамадым. Жүрегімнің қалауын орындадым.


Ерғали көпбалалы отбасыдан шыққан. Ата-енем ерте қайтыс болып кеткен, сол себепті әрқайсысы өз жағдайларын өздері жасап кеткен. Бұл да бұрын бір рет үйленіп, ажырасқан екен. Қазір үш бөлмелі пәтерде тұрамыз. Тар болса да өз үйіміз бар. Ескі болса да көлігіміз бар, жаяу жүрмейміз. Ерғалимен бақыттымын. Ол маған анда-санда гүл сыйлағаннан басқа түк те бермейді. Бірақ өзі тамаша адам. Жұмысымнан алып кетеді. Үйде еркелетіп өзі тамақ істей салады. «Сен шаршадың ғой, демалып алшы» деп балаларымды алып сыртқа ойнатып келе салады. Маған ақша, дүние, байлықтан гөрі адамның көңілі қымбат екен. Маратпен өткен он жылымда мейірім іздеген екем, оны осы Ерғалидан таптым» деп Қарлығаш әңгімесін аяқтағанда ойланып қалдым.


Расында да біздер кейде бақытты байлықпен өлшеп жатамыз ғой. Бай, алтынға малынған қыз-келіншектерді көрсек «осылардың арманы жоқ шығар» деп ойлаймыз. Ал шын мәнісінде бақыт деген жүректің тыныштығы, сүйген адамыңның қамқорлығы мен риясыз көңілі екен ғой. Қара нан мен қара су ішсең де күйеуіңмен шүйіркелесіп, әзілдесіп, балаларыңның балдай қылығына тоймай қарап отырғанның өзі бір ғанибет!»