​«Нағашымның бірі жақсы, бірі жаман»: қызылордалық әйел көпшілікті таң-тамаша еткен

0
985

«Күйеуім маһрдің өтеуіне үй салып берді»


​«Нағашымның бірі жақсы, бірі жаман»: қызылордалық әйел көпшілікті таң-тамаша еткен
иллюстрациялық сурет ашық дереккөзден алынды


«Мен бүгін нағашыларым жайлы сөз қозғамақпын. Өз қолым өз аузыма жетіп, жағдайым жақсарған кезде ол кісілер жайлы сөз қозғамасам, адамдық келбетіме сын деп ойлаймын. Жақсының жақсылығын айту керек. Жаманның жамандығы жайлы да жасырып қалуға болмайды. Қысқасы, менің өмірімнен кемінде бір адам сабақ алып, үлгі тұтса, онда осы хатты жазған уақытымның текке кетпегені», - депті ERNUR.KZ редакциясына хат жазған Ғазиза есімді әйел.


Жастайынан жетімдіктің тауқыметін тартқан оқырманымыз көрген қиыншылықтарын жіпке тізгендей етіп баяндаған екен. Қаз-қалпында өздеріңізге ұсынып отырмыз.


«Жетімнің көрген күні құрысын. Ондайды тек әке-шешесінен ерте айырылғандар ғана түсінетін шығар. Көзің жәутеңдеп, әке-шешесіне еркелеп жүрген балаларды көрсең ішіңдегі өкпе, сағыныш, өксік көмейіңе тас боп тіреліп қалады. Құдай ешбір баланың маңдайына жетім болуды жазбаса екен. Соны тілеймін.


Бірақ пенде маңдайына жазған тағдырға бәрібір мойынсұнады екен. Әкем өмірден ерте озған екен, ол кісінің түрі де есімде жоқ. Екі дана суретін әлі күнге дейін сақтап қойғам, сол арқыл танимын. Ал анам күйеуі қайтыс болған соң төркініне келіп қалған. Ол да өмірден қайбір қуаныш көрді дейсіз, жар бақытын енді сезінгенде одан айырылды. Төркініне келген соң көптің көзі, сөзі бар, оған шыдас беру де оңай емес.


Сөйтіп жүргенде нағашы әжем анамды әйелі қайтыс болған, үш балалы бір еркекке ұзатып жіберді. Ал мені өзінің қасында алып қалды. «Сен енді менің қызым боласың» деген сөзі есімде сақталып қалған. Ауылдың балабақшасына бардым, сол жердің мектебінде білім алдым. Мен мектепке барған жылы нағашы әжем өмірден өтті де, кіші аға жеңгемнің қолында қалдым.


Өмірім шекер мен бал болған жоқ. Анамның кіші інісінің мінезі шатақтау еді. Үнемі өз балаларынан бөлектеп, «сенің шешең ақша салмай кетті, саған әперетін менің ақшам жоқ» деп киім әпермей қоя салатын. Солардың қыздарынан қалған-құтқанды місе тұтып жүре беруші едім.


Анамның үлкен інісі Болатбек ағамның маған дегенде көңілі ерекше болды. Інісінен кеш үйленген, отбасын құра сала қалаға қоныс аударған. Бірақ айына екі рет арнайы келіп, маған тәттілерді үйіп-төгіп әкелетін. Болатбек ағамды ерекше күтуші едім, ол келсе менің екі күнім естен кетпейтін мерекеге айналатын. Қорадағы атты ерттеп, үстіне мені отырғызып ауылды айналып қайтушы едік. Басқа күндері Мұратбек ағам атының маңайына жолатпайтын. Жолатпайды деп қоям, атқа мінуге бос уақытым болмайтын. Жеңгем үйдің жұмысына жегіп қояды, солардың балаларына қараймын, есіктің алдын сыпырам, бітпейтін тірлік еді әйтеуір.


Бір жолы жеңгем кішкентай баласын маған қалдырып, көрші үйдің құдалығын көруге кеткен. Мен сонда 5-ші сыныпта оқитын кішкентай-ақ қызбын ғой. Жеңгем кетерде «Мына үйді жинап, ыдыстарды жуып қой» деп тапсырған. Олар келгенше айтқанын істеп қоймасам ұрыс еститінімді жақсы білем. Дастарханды жинап, ыдыстарды жууға су дайындап бола бергенімше кішкентай інім шекесін шай үстелдің бұрышына соғып үлгеріпті. Абырой болғанда көзіне зақым келмепті. Қабағы жарылып, қанап, әп-сәтте есім ауысып кете жаздады.


Үйде нағашымның алты жасар қызы бар-тұғын. Соны жеңгеме жұмсап жібердім. Не істерімді білмеймін, барымды айтып баланы жұбатып отырғанда көгеріп жеңгем келген. «Бір баланы ептей алмайсың, қу жетім» деп ұрысып, нағашымның белдігімен сабап жатқанда қаладан Болатбек ағам келіп қалып еді.


Нағашым бәрін аяғынан тік тұрғызып ұрысты. Өмірі олай ашуланғанын көрмегенмін. «Титтей балаңды балаға тастап, тойға бармасаң өліп қалар ма едің, кімге кінә артасың?!» деп келініне қатты сөйлегенде қорқып кеткем. Сол күні нағашы ағам менің киім-кешегімді жинап, өзімен бірге қалаға алып кетті. «Сен енді біздің үйде тұрасың» деп маңдайымнан сүйіп, жетектеп өздері тұрып жатқан екі бөлмелі жалдамалы пәтерге ертіп әкелді.


Өздері әрең күндерін көріп отырса да жеңгем де, олардың үш қызы да мені құшақ жая қарсы алды. Сол сәттен бастап менің көзімнің жасы құрғады. Қысылмай, емін-еркін тамақ ішетін жағдайға жеттім. Қалауымды ашық айта алам, ағам мен жеңгем өздеріне жетпей тұрса да көңілімді жықпай, шамасы келгенше ұнатқан затымды сатып әперетін.


«Сен жақсы оқып, жоғары білімді грантпен алуға тиіссің. Сабақтан басқаға көңілің алаң болмасын» деп нағашым шарт қойды. Оның маған деген сенімі, берген ақ батасы шығар, мектепті «Алтын белгімен» бітірдім. Астанаға оқуға түстіп, оны қызыл дипломмен аяқтап шықтым. Магистратураны шетелде оқыдым. Сонда жүріп болашақ күйеуіммен таныстым. Өзім сияқты білім қуған, дәулетті отбасынан шыққан жігіт болды. Екі жыл оқып, қолымызға дипломымызды алған соң отбасын құрдық. Болатбек нағашым ешкімнен кем қылмай, жасау-жабдығымды түгелдеп, сән-салтанатпен ұзатты. Сол кісілердің берген тәрбиесінің, көрсеткен үлгі-өнегесінің арқасында қазір төрт баланың анасы, жақсы келін атанып отырмын.


Соңғы бір-екі жыл көлемінде маһр деген нәрсе пайда болды ғой. Күйеуім екеуміз шаңырақ көтергенде ондай нәрсе жайлы білмеген екенбіз. Бір күні күйеуім әзілдеп отырып «осы сен менен маһр деген нәрсе сұрамадың, мен де беруді білмеппін. Бермесең мойныңда қарыз боп қалатын нәрсе екен. Құдайға шүкір, не сұрасаң да жағдайым жетеді ғой, айтшы, қалағаныңды әперейін» деді. Расында да жағдайымыз жақсы, табысымыз жеткілікті. Сол себепті күйеуімнен бұған дейін «маған мынандай керек» деп сұрап көрмеппін. Қалауымның бәрін өзі айтқызбай әперетін. Осы жолы шындап сұрады. «Қалағанымның бәрін орындайсың ба?» деп тағы нақтылап сұрадым. «Орындаймын, айтсаң болды» деп жігіттік уәдесін берді.


Содан біз қала ішінен жер телімін сатып алып, үй тұрғыздық. Іші-сыртын толық бітіріп, жиһаздарымен жабдықтап, ыдыс-аяқ, көрпе-төсегіне дейін сатып, сықитып қойдық. Үй де бітті, дәл сол жылы нағашым да елу жасқа толды. Ұл-қыздарымен ақылдасып мейрамханада банкет ұйымдастырдық. Ол кісілерге айтпай қонақтарды шақырып, бәрін дайындап, «Өзіміз ғана отырамыз» деп нағашым мен жеңгемді ертіп келгенде, қонақтар алдынан улап-шулап күтіп алғанда өздері таң-тамаша болды.


Сол кеште күйеуім екеуміз сөз сөйлеп, салған үйіміздің іргетасы қаланған кезден бастап түсірген видеосын үлкен экраннан көрсетіп, кілтін қолдарына ұстаттық. Мені ұзатып, одан үш қызын тұрмысқа беріп, өздеріне үй алуға мүмкіндіктері болмай, әлі күнге дейін жалдамалы пәтерде тұрып жатқан нағашым қуаныштан жылап жіберді.


Менің жағдайымды түсініп, нағашымның адамгершілігін, маған сіңірген еңбегін ескеріп, қалауымды орындаған жолдасыма да сол жерде алғыс айттым. «Айдың жартысы жарық, жартысы қараңғы» демекші, менің де жарыққа шығар кезім келген екен. Жетімдіктің тауқыметін көп тартсам да Құдай өмір жолымда жақсы адамдармен кездестірді. Егер сіз де дәл қазір қиналып, айналаңыздағы адамдардан қолдау таппай жүрсеңіз, жақсылықтан күдер үзбеңіз, түбінде бір қуанышға кенелесіз. Ал жағдайыңыз жақсарып, дәулетіңіз асып-тасыған уақытта өзіңізге қол ұшын берген адамдарды әсте ұмытпаңыз!»