​«Ойнап айтам деп үйленіп кеттім»: Шымкенттік жігіт әзілдеймін деп өкініп қалды

0
3 686

Әзілдеудің жөні бар. Бірақ сол әзілдің түбі өмір бойы өкіндірер болса, мұны тағдырдың жазуы деп қабылдау керек пе?


​«Ойнап айтам деп үйленіп кеттім»: Шымкенттік жігіт әзілдеймін деп өкініп қалды

Шымкенттік жігіттің басынан өткен оқиғаның басы әзілден басталған. Бірақ өмір бойы сүймеген жанды жар етіп, одан ұрпақ сүйем деп те ойламаған. Өкініші сол, өзінің сүйгенінің жүрегіне айықпас жара салып, өзі де бармақ тістеп қалыпты.


Бұл туралы ол ERNUR.KZ тілшісіне айтып берген болатын.

«Құрластардың арасында әзілдің түр-түрі жүре береді. Бірақ тағдырмен ойнауға болмайды екен.

Осыдан 4 жыл бұрын бір топ достармен сыралатып отырғанбыз. Арамызға таныс екі қыз қосылды. Үшіншісі екеудің бірінің туысы екен. Сыпайы, қырындағанымызға күліп қана үнсіз құтылып отырған оған үйлену менің ойымда жоқ болатын. Өйткені, сүйген, кездесіп жүрген, алдағы жылы құда түсемін деп жүрген қызым бар еді. Оның отбасымен де танысып қойғанмын, бірақ әлі әке-шешеме айтпағанмын. Үлкен ағасы «оқуын бітірсін, әйтпесе балалы болып қалып кетеді» деп шарт қоймағанда сол жылы-ақ үйленіп қояр едім.

Қызды-қыздымен жігіттер әлгі үш қызды «алып-қашамызға» басты. Олармен бұрын да солай әзілдей беретінбіз. Ол екеуі де «сендер айтасыңдар да қоясыңдар, әкете алмайсыңдар» деп одан сайын қайрап жатыр. Мейрамхана жабылып сыртқа шыққан соң екі көлікке бөлініп отырдық. Масаңдау екенімді білемін. Әйтеуір, әлгі бейтаныс қыздың қасына отырып қалыппын. Соны көріп «екеуің әдемі жұп болады екенсіңдер, үйлене салсаңдаршы» деп тағы әзіл жауып кетті. Мен де қарап отырмай тілімнен қағынып «қыз дайын болса біз дайын ғой» деппін. Бірақ оны келісе салады, жігіттер апара салады деп ойламадым.


Ырду-дырдумен біздің үйге де жетіп қаппыз. Қайсысының хабарлап қойғанын білмеймін, алдымыздан бір топ жеңге-әпкелерім шыққанда да аса ес жия қоймадым. Олар қашаннан үйлендіре алмай дайын жүрген, құлақтарына тиген соң бәрін жайғастырып тастапты. Қызды үйге алып кіріп бара жатқанда да өзіме «не істеп жатырсың?» деп сұрақ қоюға үлгермедім, жігіттер тағы қолпаштап алып кетті. Далада отырып тағы сілтеппіз.


Тек ертеңіне ғана ұйқыдан тұрғанымда далада қайнаған самауыр, пісіп жатқан палауды көріп біреу біз сұғып алғандай болды. Жалма-жан үйге жүгіріп кірдім. Кешегі екі таныс қыздың ортасында бір-ақ көрген бейтаныс қыз жаулық жамылып, анамның дайындап қойған қызыл халатын киіп майысып отыр. Түрімнен шошып кетті ме, мені көріп жылап жіберді. Мен де қарап тұрып не бүлдіргенімді түсіне алмай абдырап далаға шығып кеттім. Хабаршыға таңертең аттанып кетіпті, мен сыртқа шыққанда олар да келіп «қайынжұртың өте қарапайым, жақсы адамдар екен» деп қолымды қысты да, көрген қызықтарын айтуға жайғасып жатты.


Ал ұялы телефоныма сүйген қызым 67 рет хабарласыпты. Болмаған соң «жайсыз хабар естідім, рас па?» деген хабарлама жіберген. Барлығы түсім сияқты. Тағы да жігіттердің ортасына түсіп, олардың азан-қазанымен біршама ұмытқандай едім, жүрегімнің түбі сыздағандай болды да тұрды. Әке-шешем жүректері жарыла қуанып жүргенін көріп «қате болды, кешіріңдер!» деп тоқтата алмадым. Бар кінә өзімде еді...


«Беташар» өтіп, қуғыншылар келіп-кетті. Ертеңіне бөлмеме кіре алмай қипақтадым. Ол болса зыр жүгіріп анамның қасында үй шаруасына кірісіп кетіпті. Ал мен не оның жанына жолай алмай, не сүйген қызымның қоңырауына жауап бере алмай бір апта жүрдім де, ақыры тағдырым деп көндім. Менімен үш жыл кездескен қызымның жүрегіне жара салып, өзім де бармақ тістеп өкіндім...


Қазір бір баламыз бар, бірақ жүрегім әлі жылымайды. Кейде ашуланғанда «неге сол кезде көне салдың?» дегім келеді, бірақ оның кінәсі емес қой. Бірақ ол да тәуекелшіл жан екен, мен бір ішімдікқұмар, құмар ойын ойнайтын басбұзар болсам қайтер еді?! Обалы не керек, ата-анамды сыйлап, мені құрметтеуінде, шаруасында мін жоқ. Анамның мақтаулы келіні. Бірақ менің жүрегімнен өкініштің табы кетер емес. Сүйгенімнің «бақытты бол!» деп жазған соңғы хабарламасын әлі сақтап жүрмін...»


ТАҒЫ ОҚЫҢЫЗ:


"Өзімді өзім алып қаштым": Сарыағаштық бойжеткен қандай тәуекелге барғанын айтты


«Өлем деп қорқытады»: алматылық келіншек күйеуімен ажырасқысы келеді