"Өзімді өзім алып қаштым": Сарыағаштық бойжеткен қандай тәуекелге барғанын айтты

0
11 187

Адам басына түссе бәрін де істейді деген осы екен....


(иллюстрациялық сурет: ашық дереккөзден)

Өмір болған соң неше түрлі жағдайлар болып жатады. Тіпті адам ойламаған кинода ғана кездесетін жайттар да болады. Бүгінгі кейіпкеріміздің басынан өткен оқиғаны естіп, тіпті бір киноның сюжеті дерсіз...


Сарыағаштық Малика есімді бойжеткен өз басынан өткен оқиғасын ERNUR.KZ. тілшісіне айтып берген еді:
«Қазақи отбасыда тәрбиелендім. Ата-анам қыз баланың міндеті күйеуге шығып, бала туу, күйеуінің қас-қабағына қарап көңілін табу деп санама сіңдірді. Мектеп бітірген соң колледжге медбике мамандығына оқуға түстім. Қалаға келіп, өмірге деген көзқарасым түбегейлі өзгерді. Айналамдағы өзімнің қатарластарым секілді болғым келді. Басқасын айтпағанда, бұрыннан көлік айдауға қызығатынмын. Әкеме қанша рет көлік айдап үйренгім келетінін айтушы едім. Әкем болса баяғыша "қызға көлік айдаған жараспайды" деп үнемі бетімді қайтаратын. Одан кейін ол туралы мүлде әңгіме қозғаған емеспін.
Студенттік кезде достарыммен де ешқайда бармайтынмын. Барлық достарым көңіл көтеріп жүргенде мінезі қатал әкемнен қорқып үйден шықпайтын едім. Ауылда бірге оқыған сыныптасым Ержанмен ғана анда-санда киноға, паркке барып тұратынбыз. Екеуміз бала кезден бірге өскен жақсы достар едік.

Бір күні дүкеннен көйлек алып үйге келе жатыр едім. Есіктің алдынан екі жігіт күштеп көлікке отырғызды. Не болғанын білмей шыңғыра бердім айналада да ешкім жоқ екен. Көлікке отырған соң Ержан екенін білдім. Оны жақсы көрмейтінімді бұндай қадамға бармауын өтіндім. Жылап шыңғырғаныма қарамай, көлікті тоқтатпай үйіне қарай бет алды. Мұнымнан түк шықпайтынын түсініп күшпен емес қулықпен шешуге бел будым. Қыздан қулық артылмайтынына дәл сол күні көзім анық жетті.


Сарыағашқа жақындағанда өтірік келіскендей кейіп танытып Ержанға тұрмысқа шығуға келісетінімді айттым. Көйлегімді дәл бүгін сатып алғаныма іштей қатты қуандым. Көйлегімді пайдаланып қулыққа бастым. Шалбармен барғаным ыңғайсыз болар көйлегімді ауыстырып алайын деп жол бойына тоқтауын өтіндім. Ержан болса шынымен келіскен екен деп жас балаша қуанып көлікті тоқтатты. Киім ауыстыратынымды айтып екеуінің де көліктен түсуін талап еттім. Менің көлік айдай алмайтыныма сенімді болған соң екеуі де көліктен еш алаңсыз тіпті көліктің кілтін де алмай түсіп кетті.

Күн батып дала қараңғы болып қалғаны да менің пайдама жарады. Көліктің ішінен дым көрінбейді. Тәуекел тау жығады демекші осы кезде бар ерік-жігерімді жинап ешқашан айдап көрмеген көлік тізгініне отырдым. Санамда дамылдап тұрған нәрсе көлікті жүргізе аламын ба емес, бар ойым бұл жерден аулаққа кету болды. Көлікті бар жылдамдықпен ызғытып қалай алыстап кеткенімді де аңғармаппын. Біресе қашып құтылғаныма қуансам бірде көлік жүргізіп келе жатқаныма таң қалып келемін. Құдайдың құдіретіне тағы бір көзім жетті. Осылайша тәуекел еткенімнің арқасында өзім қаламайтын жігіттен қашып құтылдым....

Бұл жағдай маған өмірлік сабақ болды. Осыдан кейін көлік үйренуге шешім қабылдадым. Бұрыннан қызығушылығым болғаннан ба әлде басымнан өткен оқиғадан кейін бе, көлік айдау маған түк те қиынға соқпады. Бір айдың ішінде тәжірбиелі жүргізушіге айналдым. Қазір екі баланың анасымын. Балаларымды балабақшаға да мектепке де өзім апарамын"...

Кейіпкеріміз сөз соңында қыздарға жан-жақты болуға кеңес берді. Барлық жағдайға дайын болу керектігін айтты.
"Басымнан осындай оқиға өтпегенде бәлкім әкем айтқандай әлі көлік айдамай жүруім мүмкін еді. Бұл оқиға маған үлкен сабақ болды, көлік айдауды ғана емес тәуекелге бел байлауды, тез шешім қабылдауды, ешнәрседен қорықпауды үйрендім", - дейді жігері мықты келіншек.