​"Олардың істегенін істеуге тәрбием жібермеді": жас жігіт қалай бата мен сыйақыға кенелгенін айтты

0
359


​

Сурет: sun9-47.userapi.com

Өзін Қуандық деп таныстырған жас жігіт ERNUR.KZ порталының тұрақты оқырманы екен. Оның тілшімізге баяндаған оқиғасы көпке өнеге боларлықтай. Әсіресе, жастар үшін тәрбиелік мәні зор болғандықтан, үлкенге құрмет пен кішіге ізеттің осы бір үлгісін жазып алып, қаз-қалпында жеткізуді жөн көрдік.


"Бірнеше жыл бұрын тұрмыстық техника дүкенінде консультант болып жұмыс істегенім бар. Сол кездегі бір оқиғаны айтып берсем деп едім.

Бірде зейнет жасындағы апа келді. Киім киісіне қарасаң, жағдайы аса мәз емес. Әр қатардан жағалай жүріп, біраз техника жайлы сұрап тастады. Мен де артынан еріп, ерінбей жауап беріп жүрмін. Қасымдағы консультант қыз-жігіттер жыбыр-жыбыр сөйлесіп, маған қарап күледі. Бір-екеуі қасыма келіп «Бұл кемпір ештеңе алмайды, әрдеңені бір сұрап миыңды ашытады. Бекерге әуре боп жүрсің» деп сыбырлап кетті. Мен «Мейлі, бәрібір басқа ісім жоқ қой, сұрай берсін» дедім.

Шынында да, апа біраз жүрген соң «Жақсы, тағы көрейін» деп шығып кетті. Кешке қарай қасына өзі қатарлы тағы бір апаны ертіп келіп тұр.

Енді дүкенді екеулеп аралап, екі жақтан сұрай бастады. Консультанттардың ешқайсының барғысы жоқ, сөздерін құлаққа ілмей өтіп кетіп жатыр. Бұларына ашуым келді, бір жағынан апаларды аядым. Олардың істегенін істеуге ар-ұятым, тәрбием жібермеді. Сөйтіп өзімнің алдымдағы сатып алушыларды басқа жігітке тапсырдым да, апалардың жанына жетіп бардым.

Тағы да сан түрлі техниканы көріп, мың сұрақ қойып, соңында екі апам қайтып шығып кетті. Бірақ бұған менің еш көңілім түскен жоқ. Келемеждеп күлген қыз-жігіттерге «Екі апам қыдырып қайтайық деген ғой. Мейлі, тағы да келсе, тағы сөйтіп аралатып, түсіндіремін» деп күліп жауап бердім мен де.

Ертесіне екі апа қайтадан келіп, оннан аса тұрмыстық техника, басқа да үйге керек-жарақ заттар алып кетті. Біреуінің шетелде жұмыс істейтін қызы үй әперген екен. Енді соның ішіне қажетті заттарды өзіңіз таңдап ала беріңіз деп ақша салып жіберіпті. «Екі күннен кейін қызым өзі де келеді, сосын үйге көшіріп, жайғастырып беріп кетеді» деп апа мәз. Қасындағы апаның қуанышы да одан кем емес. Мен де жалақыма апалардың саудасынан қомақты сыйақыға қосылып, қомпайып қалғаным бар. "