​«Өмірімді тозаққа айналдырды»: шымкенттік келіншек өгей қызынан көрген қорлығын айтып берді

0
762

«Неке куәлігімізді үш рет жыртып, өртеп тастады»


​«Өмірімді тозаққа айналдырды»: шымкенттік келіншек өгей қызынан көрген қорлығын айтып берді
иллюстрациялық сурет ашық дереккөзден алынды


«Өмірдегі ең қиын нәрсе не?» деп менен біреу сұраса, жетім баланың көңілін табу деп айтар едім. Әсіресе анасынан айырылған баланың өгей шешені қабылдай қоюы өте қиын шаруа екен. Менің өгей қызым өмірімді тозаққа айналдырып жатыр», - дейді Айсұлу есімді келіншек.


Әйелі қайтыс болған жігітпен бас құраған оқырманымызERNUR.KZ арқылы көпшіліктен ақыл-кеңес сұрап отыр.


«Жасымнан білім қудым. Сабақтан бас алмай, магистратураны, одан аспирантураны оқып, сұранысқа ие маман болам деп жүргенде «отырып» қалдым. «Сені енді кім алады, жүре бермей ертерек біреуді тапсайшы» деп туған-туысқандар түртпектей бастады. Мамам да «тірі кезімде сенің теңіңді көрсем еді» деп жылап қала беретін. Ойымдағы жігіттерді іздеп, кезіккені сыннан өтпей жүргенде жасым 29-ға келді.


Бір күні бөле әпкем бір жігітпен таныстырды. Оқыған, жақсы қызметте істейтін, мінезі сабырлы, киім киісі, жүріс-тұрысы бәрі мен ойлағандай боп шықты. Тек бір «минусы» - бұрын үйленген, үш жыл бұрын әйелі қайтыс болған. Он бір жасар қызы бар екен. «Басқалар сияқты «қызыма ана керек» деп іздемеймін, маған жақсы жар бола білсең қызым да уақыт өте қабылдайды. Ең бастысы, тату-тәтті өмір сүрсек болды» деді. Маған оның қызына ана емес, өзіне жақсы жар іздегені ұнады. Сөйтіп көп ұзамай тұрмысқа шығуға разылығымды бердім.


Кәусар деген қызымен тойға дейін танысқанбыз. Бірге кафеге бардық, саябақта серуендедік. Сол кезден-ақ ол мені жақтырмайтынын білдірді. Сөйлесем естімегендей кейіп танытты, біз тапсырыс берген тамақтарды жемей, басқасын алдырып, телефонына үңіліп, өз «әлемінде» отырды. Оны көргенде көңілім түсіп кеткен, бірақ жігітім «Уақыт өте келе бәрі жақсы болады, әлі кішкентай бала ғой» деп мені жұбатты.


Ата-анам ұзату тойын жасап, ертеңіне күйеуімнің үйінде беташар, кешкісін үлкен тойымыз болды. Шашымды, бетімнің макияжын істейтін мамандарды үйге шақыртқам. Олар уақыттан кешігіп келді. Ойымдағы нәрселер болмай жатқанға шамалы ашуланып, асығыс дайындалып жатқанбыз. Бір кезде «Сіздің фатаңыз жыртық қой» деп шаш сәндейтін қыз көңіл-күйімді түсіріп жіберді. Шынында да фатамды біреу қайшымен тілгілеп тастаған. «Бұл жаман ырым ғой» деп қасымдағы қыздардың бірі сөйлеп қалды.


Жағдайды енеме айтып едім, ол кісі немересінің тірлігі екенін бірден түсінді. Дереу оның орнына кешірім сұрап, көлігі бар қайнылардың бірін дүкенге жіберіп, орнына басқасын алдырып берді. Не керек, бір күліп, бір жылап жүріп тойды өткізіп алдық. Бірақ кейін өгей қызым одан да сорақы нәрселерді жасайтын болды.


Ең алғаш аяғым ауырлағанда. кешкі аста күйеуімнен сүйінші сұрадым. Кәусар ішіп отырған сорпасын төгіп жіберіп, жылаған күйі бөлмесіне кетіп қалды. Үш күн тамақ ішпей қойды. Әкесі де барып сөйлесіп көрді, оны тыңдаған жоқ. Мен де барып «сенің орның бөлек, сен біздің тұңғышымыз боласың» деп түсіндіруге тырыстым. Нәтиже шыққан жоқ. Соның әсерінен бе, әлде тұрмысқа шыққалы жиналған күйзелістің кесірі ме, үш айлығында түсік тастадым.


Кәусар менімен мүлдем сөйлеспейді. Күйеуімнің көзінше «сіз» деп сызылғанымен, әкесі көзін ала бере «ей» деп зіркілдейді. Мен оған ұрысып немесе қол көтерген емеспін. Шыдамым таусылып бара жатқанда ғана күйеуіме ескертемін. Ол ер-азамат болған соң ашуланып шығады. «Бір-біріңе үйренісетін уақыт болды ғой. Титтей қыздың көңілін таба алмасаң білмеймін енді» деп өзіме ұрысып тастайды.


Енемізден бөлек тұрамыз. Бір күні ол кісі үйге келгенде жағдайды айттым. «Қайтейін, немереме де, саған да оңай емес. Әкесін қызғанып жүр ғой. Сені де түсінем. Баламмен емін-еркін өмір сүре алмай отырсың. Қаласаң Кәусарды біраз уақыт өзіммен алып кетейін. Оқуына біздің үйден келіп-кетер» деп жатқан, тура сол сәтте Кәусар сабақтан кіріп келген екен. Апасының сөзін тыңдап тұрыпты. «Сен менен құтыла алмай, апамның үйіне қуып жатсың ба?! Кетсең өзің кет, бұл менің үйім!» деп айқайлап, жылап, бөлмесін ішінен кілттеп алды. Апасы екеуміз жұбата алмай отырғанда кеш болып, үйге күйеуім келді.

Сондағы қыздың құбылғанын айта алмаймын, «Мынау мені үйден қумақшы, ал апам соның сөзіне еріп отыр» деп енем екеумізді қоса жамандады. Күйеуім «мен тірі тұрғанда қызым ешқайда кетпейді, екеуің кетіңдер» деп бізге ұрысып, ақырында енем ренжіп, үйіне қайтып кетті.


Неке туралы куәлігімізді бірнеше мәрте қайта жасатқанымызды да айтайын. Белгісіз себептермен куәлігіміз өз-өзінен жоғалып, жыртылып, тіпті, өртеніп кете берді. Ақырында жұмысымдағы сейфке апарып тығып қойдым. Күйеуім жаңадан киім алып берсе, бір аптадан соң ол киімді кию мүмкін болмай қалады. Әдемі, қымбат көйлегіме «Белизна» тамызып тастапты. Кейбіреуін қайшымен ойған. Осы күні күйеуіме «маған сыйлық әкелсең ешкімге көрсетпей берші» деп айтамын.


Әкесін қызғанатынын түсінемін. Анамның орнын басты деп те ойлайтын шығар. Бірнеше мәрте ашық әңгімеге де тарттым. Бірақ ол мені тыңдамайды. Барынша жылылық танытып, жақсылық жасауға тырысамын. Ұнатқан тамақтарын пісіріп беремін, жемейді. Құйып берген шайым «төгіліп», бокалдар байқаусызда «сынып қалады». Артынан жинай беруден де шаршадым. Күннен күнге күйеуге тигеніме өкініп жүрмін.


Ажырасып кете салған да ұят енді, кезінде мамам «біреудің баласы саған бала болып жарытпайды, ойлан» деп айтып еді. Тыңдамаған өзім. Енді «титтей баланың көңілін таба алмадым» деп ажырасып кетуге намысым жіберер емес. Күйеуім ұрса, ішсе, сыртта жүріс жасаса бір сәрі, қызы үшін одан ажырағым келмейді. Не істеуім керек, осындай жағдайға тап болған кісілер болса, ақыл қосып, жөн сілтеңіздерші, өтініш».